Нұр-Сұлтанда қоныстой

Газет мақаласы "Айқын" газеті №130

Конституция күні қарсаңында «Берекелі баспана» тұрғын үй бағдарламасы аясында елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен кезекте тұрған көпбалалы отбасылар санатындағыларға 150 пәтер, халықтың әлеуметтік әлсіз топтары санатына кіретіндерге 148 пәтер кілтін үлестірді.

Нұр-Сұлтанда қоныстой

«Берекелі баспана» аясында
298 пәтердің кілті табысталды

«Өз үйім – өлең төсегім» деп қуаныштан жүздері бал-бұл жанған жаңа қоныс иелері Р.Қошқарбаев даңғылы және Лепсі көшесінде орналасқан үйлердегі пәтерлеріне көшті. Бұл үйлер сатып алу құқығы­сыз жалдамалы баспана беру­ді қарастыратын «Берекелі баспана» тұрғын үй бағдарла­масы аясында қала әкімдігінің тапсырысы бойынша салын­ды. Салтанатты түрде өткен жиында қала әкімінің орын­басары Бақтияр Мәкен: «Құрметті елорда тұрғындары, ардақты ағайын баршаңызды қоныс тойымен шын жүрек­тен құттықтаймын. Елбасы­мыз­дың әлеуметтік саяса­ты­ның сабақтастығы ретінде Президентіміз Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес сіздер­ге арнап тұрғызылған пәтер­лерді табыстап жатыр­мыз. Жақында ғана «Нұрлы Ертіс» бағдарламасымен Екібастұз қаласына жүзден астам отба­сын жібердік. Қаламызда мүгедектер, жалғызбасты, көп­балалы аналар, ҰОС арда­герлері, жетім балалар сияқ­ты әр санаттағы 47 мың­нан ас­там азаматтар үй кезегінде тұр. Олардың барлығына да кезегімен баспана беріледі. Осы күнді 10 жылдан астам күт­тіңіздер. Абыржыған, қобал­жыған, уайымдаған сәт­тердің бәрі артта қалды. Қуа­ныш­тарыңыз ұзағынан бол­ғай», – деді құттықтау сөзінде.

Баспана кілтіне ие болған­дардың бірі Рақима Ташанова бұл күнді он жыл күтіпті: «Ақ түйенің қарны жарылған күн» дейді мұны. Он жыл кезекте тұрдым. Мен өзім зейнеткер­мін. Кілтін алдық. Үйде бар­лық жағдай жасалған екен. Қуанышты­мын. Құттықтап жатқан­дарыңа рақмет!», – деп ағынан жарылды.

Ал Саягүл Кулетеева: «Екі бөлмелі пәтер алдым. Екі балам, жолдасым бар. Әдемі үй, ішінде барлық жөндеу жұмыстары жасалған. Кілтті қолыма қала әкімінің орын­басары өзі табыстады», – дейді.

Көпбалалы ана Роза Қыдырбайқызы болса өз қуанышын былай жеткізді: «Мен 2006 жылдан үй кезегін­де тұрдым. Он үш жыл күттім. Үй алып қуанып жатырмыз. Сегіз балам бар. Үлкенім жиыр­ма үште болса, кенже балам – бес жаста. Алған пә­те­рім төрт бөлмелі. 116 шар­шы метр. Қала басшы­лығына, Президенті­мізге бізге осын­дай қуаныш сыйлаған­дары үшін айтар алғысымыз шек­сіз. Енді балаларымның өз бөлмесі болады».

Сондай-ақ биыл комму­нал­дық тұрғын үй қорынан 1 634 пәтер беру жоспар­лан­ған. Оның 731-і жалға, 233-і көпба­лалы отбасыға, 105-і же­тім балаларға, 277-і халық­тың әлеуметтік осал тобына, 115-і мемлекеттік қызмет­ші­лерге және бюджеттік ұйым­дардың қызметкерлері­не ұсынылмақ. Оның сыртында 2020 жылы тағы да 1 640 пәтер үлестіріледі деп жоспарланып отыр.

Айта кету керек 312 пәтер­лік нысанның құрылысы он бір жыл бойы тоқтап тұрған. Иесіз қалған тұрғын үйді «Базис-Дорстрой» ЖШС ме­ке­месі алып, құрылысты жан­дандырған. Мекеме бас­шысы Ерлан Тоқсанбаев­тың ай­туын­ша, қала бойынша осын­дай қараусыз қалған екі үй, екі мектеп, бір балабақ­ша­ны жөнге келтіріп, пайда­лануға берген.


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ