Қымыз Гиннеске енеді

Жаңаарқада он мың литр қымыз дайындалып, Гиннестің рекордтар кітабына енгізілмек.

Қымыз Гиннеске енеді
Сурет интернеттен алынды

14 қыркүйек күні Қарағанды облысында бір уақытта екі мерейтой атап өтілмек. Бірі – Жаңаарқа ауданының 90 жылдығы болса, екіншісі – жазушы Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығы аталады.

Мерейтой Сәкен Сейфуллинге арналған ескерткіштің алдында театрландырылған көрініспен ашылады. Артынан Атасу кентінен үш шақырым қашықтықта, Қарауыл төбе деген жерде жалғасын табады. Бағдарлама бойынша артистер өнер көрсетіп, ұлттық ойын ойнатылып, жарыстар өткізіледі. Кешкісін қазақстандық және шетелдік эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт болады.

Мерекенің есте қалуы үшін жаңаарқалықтылар Гиннестің рекордтар кітабына ену туралы шешім қабыдаған. Енді олар он мың литр қымыз дайындамақ. Оған қоса, ерлер мен әйелдер ұлттық киіммен «Жаңаарка вальсін» орындап, бір мезгілде 1000 бөшкеде 10 мың литр қымыз араластырады. Аспаздық жетістікті тіркеу үшін Ұлыбританиядан сарапшылар келеді.

Сондай-ақ, «Бауырсақ» және «Палау» фестивальдері барысында тегін дәмнен ауыз тиюге болады. Осы күні Сәкен Сейфуллиннің «Жыр Сұңқары» атты мәнерлеп оқу байқауының жеңімпаздары марапатталады.