Елді түзету – бала оқыту ісін түзетуден басталады

Қазіргі таңда еліміздің білім беру жүйесі, әсіресе орта білім беру саласында аса ауқымды өзгерістер жүріп жатқаны баршаға мәлім. Бұл жердегі басты мақсат – оқушының пайдасына болатыны түсінікті. Жасалып жатқан өзгерістердің дені әлемдік білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтарға бағытталып отыр.

Елді түзету – бала оқыту ісін түзетуден басталады
© "Жаңақорған тынысы"

Кезінде «ҰЛТ мектебінің жүрегі» деген аяулы атқа ие болған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Қазақ» газетіндегі «Қазақша оқу жайынан» атты мақаласында: «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі» – деп жазады.

Бүгінде қайта жаңғырған Алаш зиялыларының еңбектері қазақы таным мен әлемдік мәдениетке сүбелі үлес қосуда. Алаш зиялыларының қай‑қайсысы болсын, ұлтқа барын салып қызмет етуді басты мұрат еткен. Мұны олардың, ең алдымен, білім мазмұнын жетілдіруден бастағаны белгілі.

Қазіргі міндет – ұлттық педагогикамыздың тарихи, мәдени әрі рухани аспектілерін және білім берудің заманауи жетістіктерін ұштастыра отырып, еліміздің білім беру саласын дамытуға үлес қосу. Осы орайда, республика көлемінде оқытушылардың кәсіби біліктілігін артыруды ұлт зиялыларының педагогикалық тәжірбиесіне негіздеп жүргізу кезек күттірмес іс.

2019 жылдың 12 қыркүйек күндері Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өтетін оқытушылар арасындағы А.Байтұрсынұлы атындағы республикалық байқау – аталмыш міндетті жүзеге асырудың жарқын мысалы. Байқаудың мақсаты – ересектерге оқытушылардың кәсіби-педагогикалық шығармашылығын және мемлекеттік тілді оқыту үдерісін ынталандыру, озық тәжірибелерді тарату.

Шара республикалық байқау қатысушыларының тәжірибелік сабақ үлгісін көрсету, электрондық портфолионы таныстыру және педагогикалық-психологиялық жағдаяттарға арналған тапсырмалар кезеңдерінен тұрады. Ұлт ұстазының дүниеге келген күніне орай, Нұрсұлтан қаласында өтетін кезекті шараның бірі «Бүгінгі білім беру: тәжірибе және жаңашылдық» атты ғылыми-практикалық конференциясы. Ғылыми-тәжірибелік мәжіліс аясында ғалымдар мен әдіскерлер, білім беру саласының мамандары отандық білім саласын дамытуға бағытталған соны ұсыныстарымен бөліспек. Бұл ретте, ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялыларының әдіскерлек, қайраткерлік, ұстаздық қасиеттері басты бағдар әрі темірқазық.