Арманына жеткен ана

Газет мақаласы "Айқын" газеті №139

«Жақсы адамдар өзіне байлық жинамайды, өздері байлыққа айнала­ды» деген нақыл сөз бүгінгі кейіпкеріміз Дәмет­кен Қалымқызына арналғандай. Еңбек жолын сиыр сауып, одан алынған құрт пен майды қалаға әкеліп сатудан бастаған көпбалалы ана бүгінде кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп, қай­­сар­лы­­ғымен, іскер­лі­гі­мен көпке үлгі болып жүр.

Арманына жеткен ана

Дәметкен Қалымқызы Ақтө­бе облысы Мұғалжар ауда­­ны­ның Жем қаласында дү­ние­ге келген. Көлік жүргізуші Қалым Алпысбаев пен Жуатхан Алпысбаеваның отбасында қыз­­ғалдақтай төрт қыз өмір­ге келді. Дәметкен ханым олар­­­дың кенжесі болатын. Үш қыз­­дан кейін ұл бала күткен ата-анасы кенже қыздарын осы­­­лай атағанды жөн көрсе ке­­рек. Ең­бек­ке ерте араласқан ар­ман­шыл қыз қой бағып жүріп қиялға көп берілетін, болашақта өз кәсі­бім, үлкен мекемем болса деп армандайтын. Басынан не­бір қиын-қыстау күндер өт­се де, жақсылықтан күдерін үз­бе­ді. Өмірінде қандай жағдай орын алса да, еңсесін түсірмеді. Та­бан­­дылығының арқасында бү­­­­гін­де асыл армандарына жет­­­­ті де. Не­гіз­гі кәсібі емшілік бол­­ған­дық­тан, алдымен ши­па­жа­йын ашты.

– 18 жасымда тұрмысқа шық­тым. Сауыншы болып жұ­мыс істедім, үйде бір отар қой ұс­тадық. Тұңғышымды бо­сан­ған­нан кейін, «балам жақсы білім алып, азамат болу керек. Ол үшін қалаға баруым керек» деп, алдыма мақсат қойдым. Қойдың жүні мен етін сатып, алғашқы шағын кәсібімді ашуға қаражат жинадым, – деп еске алады кейіпкеріміз.

Ол Ақтөбе облысының орта­лығына көшкеннен кейін де қол қусырып отырмады. Жа­қын маңдағы ауылдан қай­мақ пен май сатып алып, оны Ре­сейдегі Соль-Илецк өңіріне апа­рып сатты. Ол жаққа барып жүріп, үлкен көлемде қа­зақ­стан­дық астық алмақшы бо­лып, іздеп жүрген ресейлік биз­­несмендермен кездейсоқ таны­сып қалады. Пысық әйел оларға көмектесіп, бидай өн­ді­рушілермен кездестіреді. Серіктес болып шыға келген адамдар Целиноградта тұрады. Дәметкен ханым да көп ойлан­бас­тан баласымен бірге осында көшіп келеді. Бұл 1996 жыл бола­тын.

– Елбасы Н.Назарбаев ел ас­танасын Алма­ты­­дан Ақ­мо­ла­ға көшіру туралы бастама көтергенде қуанышым қойныма сый­мады. Іштей өзімнің осы қа­лаға көшіп келуге шешім қа­был­дағаныма риза болдым. Төрт қызым осы жақта дүниеге келді.

Тұңғыш Президенттің Nur Otan партиясы саяси кеңе­сі­нің отырысында айтқан екі сиыр жайлы сөзін мен жақ­сы тү­сінемін. Өзім сиыр мен қой­­дың сүті мен жүні арқылы от­ба­сымды асырап қана қой­май, мұқтаж жандарға көмек­те­­суге мүмкіндік алдым, – дейді ол.

Дәметкен Қалымқызын елі­­мізден бөлек, шетелдерде қа­зақ­тың дәстүрлі халық емін мең­герген маман ретінде та­ни­ды. Өйткені осы әдісті те­рең білу үшін Қытайға барып бі­­лікті профессорлардан үш жыл білім алып, дипломға ие болған. Осылайша, 25 жыл­дан бері түрлі сырқаты бар жан­­дарды табиғи шөптермен ем­деп келеді. Соңғы 7 жылда қа­зақтың бұлау емін қалпына келтірді. Бұл – бумен емдеу әді­сі. Оған түрлі шөп пен массаж қосылады. Оның шипажайына кө­біне балалы болуды арман­да­ған әйелдер келеді және жас аналар сырқаттанған ба­­ла­­ла­рын алып келеді. Бір өкі­ніш­тісі, қазір балалы болуды ар­мандайтын нәзікжанды көп. Мұның негізгі себебі олардың өзіне немқұрайлы қарауынан екен. Кейіпкеріміз аруларды денсаулығына баса мән беруге, ана болатынын ешқашан ұмыт­пай жүруге шақырды.  

– Емшілікке бірден келген жоқпын. Бала күнімде қолым­да айрықша энергия бар еке­­­нін сезетінмін. Алайда оған мән бермей жүре бер­дім. Кә­сіп­керлікпен ай­на­­лысып жү­ріп, Қытайға жиі ба­ра­тын­­мын. Олардың кли­ни­ка­ла­­­рында қалай емдейтінін, та­­мыр ар­қы­лы қалай диагноз қоя­ты­нын көрдім. Қазақ ем­ші­лері де тамыр ұстау арқылы диа­г­ноз қояды емес пе?! Ме­ди­ци­­­намыздың тарихы тұнып тұр­ған философия, – дейді Дәмет­кен Қалымқызы.

Еңбекқор жан қазір шипа­жай­дан түскен қаражатқа мей­рам­хана, сосын шаштараз ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Бес бала тәрбиелеп, өсіріп, олардан үш немере сүйіп отырған бақытты ана қайырымдылықпен де ай­­налысады. Бүгінде өзі жас­та­йы­нан армандаған үлкен меке­ме­ні тұрғызып, оны муф­тиятқа те­гін жалға берген. Муф­тият­тың қара­мағындағы қайы­рымдылық қоры «Сүлей­мен» деп аталады. Он­да көпбалалы от­басынан шыққан, әлеу­меттік тұрғыдан аз қамтыл­ған сту­дент­­тер тегін білім алып, жатақ­ха­насында тұрады.

– Бес баламен жалғызбасты бо­лып отырғанда Үкіметке, аға­­­­йынға сеніп отырмай, бір Жа­­­ратушыдан үміт күтіп, тә­уе­­кел еттім. Алдыма қойған ма­қсатыма адал еңбегіммен же­­туді көздедім. Балаларыма да соны үлгі етемін. Асып-та­сы­п бара жатқан байлығым жоқ. Бірақ қолымнан келгенше а­дам­­дарға жақсылық жасағым ке­­леді, – дейді көпбалалы ана Дәметкен Қалымқызы.

Мұсылман үшін жер бетінде Қағбадан қасиетті орын жоқ. Кейіпкеріміздің қажылыққа 17 рет барғанын айта кеткеніміз ар­тық болмас. Бұл барлығына бұ­йыра бермейтін бақыт емес пе?! Меккеге алғаш рет жолдасымен бірге Жаңаөзен, Түркіменстан, Иран және Түркия елі арқылы жаяу барған екен.

Мен бәрін істей аламын, қо­лы­мнан бәрі келеді! Бұл – оның өмірлік қағидасы. Сондықтан да болар, ол біреуге иек артқан емес. Осы күніне шүкіршілік айту­дан шаршамайды. Бүгінде Дәметкен Қалымқызының бере­келі шаңырағынан адам үзілген емес. Алдына еңсесі түсіп кел­ген жанды жігерлендіріп, ақыл-кеңесін айтып отырады. Өзі қиын жағдайда тұрса да, мұқтаж жанға көмек қолын созудан тартынбайды. Осындай ізгі амал-әрекеттерімен ортасына сыйлы болып, үлкен абыройға ие болып жүр. Адам өмірінің сапасы өз­ге­лерге жасаған жақ­сы­­лы­ғымен өлшенеді емес пе?!