Кәсіпкер көп балалы отбасыларға пәтер сыйлады

Су жаңа пәтер кілтіне ие болғандардың бірі – бес баланың анасы Эльмира Кеңшілбаева

Кәсіпкер көп балалы отбасыларға пәтер сыйлады

Алматы облысында қайырымды кәсіпкер көп балалы және мүмкіндігі шектеулі отбасыларға қос пәтер сыйлады. Әлеуметтік санатқа жататын тұрғындарға пәтер қызыл кірпіштен тұрғызылған жаңа үйлерден берілді.

Бұл туралы «Алматы» телеарнасы хабарлады.

Ал Іле ауданының әкімі баспаналы болған жандарға тұрмыстық техника тарту еткен. Су жаңа пәтер кілтіне ие болғандардың бірі – бес баланың анасы Эльмира Кеңшілбаева. Күйеуінің 45 мың теңге жалақысы мен мүгедек балаларына мемлекет тарапынан берілетін 80 мың теңгеге күн көрген бұл отбасы 14 жылдан бері пәтер жалдап тұрған.

Мүгедек балам бар. Бір пәтерден екіншісіне көшіп жүрдік. Күн көрісіміз қиындап кеткен болатын. Күні кеше ғана пәтерақыны 2 ай төлей алмағандықтан, балаларымды алып, әкімге бардым. Алдыңғы екі әкімнен еш қайыр болмап еді, жаңа әкім келе салып, осылай жарылқап жатыр, – дейді Эльмира Кеңшілбаева.

Ал, тағы екі бөлмелі пәтер 9 жылдан бері үй кезегін күтіп жүрген Дабысбаевтарға бұйырды. Аудан орталығынан 120 шақырым қашықтықтағы Ақши ауылында тұрып келген мүмкіндігі шектеулі жандар енді Боралдай кентіндегі 48 шаршы метрлік пәтерге көшеді.  

«Қызымыз да, әйелім екеуміз де мүгедекпіз. Сол үшін аудан орталығы немесе осы Боралдай кенті сияқты үлкен ауруханасы бар жерден үй сұрағанбыз. Міне, бүгін арманымыз орындалды. Қуаныштымыз. Көп рахмет», – дейді отағасы Адай Дабысбаев.

Екі пәтерді қаншаға сатып алғанын жасырған кәсіпкер жақсылық жасау әлі де жалғасады дейді. Мемлекет бизнеспен айналысып, табыс табуға мүмкіндік бергендіктен, халыққа қайырымдылық жасау – әр кәсіпкердің азаматтық міндеті дейді ол.

«Іле ауданындағы біраз кәсіпкер көп балалы аналарға, мүгедек жандарға көмектесейік деп шештік. Себебі, ең бастысы ата-ана мен бала тоқ болса, елімізде бәрі жақсы болады», – дейді құрылыс компаниясының президенті Амангелді АТАЕВ.    

Қазір Іле ауданында 11 санат бойынша 3056 адам үй кезегінде тұр. Пәтерге зәру жандардың санын азайту мақсатында аудан аумағында 300 пәтерлі көпқабатты үйлердің құрылысы басталмақ.