Асқар Мамин: Елімізде 5 млн адам спортпен айналысады

ҚР Ұлттық олимпиада комитеті елімізде спорттың қарқынды дамуына үлкен үлес қосып отыр. Бұл туралы бүгін ҚР Ұлттық олимпиада комитеті Бас ассамблеясының отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин айтты.

Асқар Мамин: Елімізде 5 млн адам спортпен айналысады
© сурет ашық интернет көздерінен

– Өздеріңіз жақсы білесіздер, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағытының арқасында Тәуелсіздік жылдары қазақстандық спортшыларды дайындаудың тиімді жүйесі құрылды. Алғаш рет 1994 жылы норвегиялық Лиллехаммер қаласында өткен Олимпида ойындарына қатыса бастаған кезеңнен бері ұлттық құрама 71 медаль жеңіп алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған Жолдауында бұқаралық спортты дамыту міндетін қойды. Бүгінгі күні елімізде дене шынықтыру және спортпен 5 миллионға жуық адам айналысады»,– деді отырыс барысында Үкімет басшысы.

Премьер-Министр елімізде халықтың арасында спорттың жаппай таралуына үлкен мән берілетіндігін атап өтті. Оған барлық жағдай жасалған. Жаңа спорт нысандары ашылуда. 38 мыңнан астам әртүрлі деңгейдегі спорт кешендері бар. Ал балаларға 471 спорт мектебінде спортпен айналысуға мүмкіндік жасалған.

«Осы іске асырылып жатқан шаралардың барлығы салауатты ұлтты қалыптастыру мен дамытудың негізі болып саналады. Қазіргі таңда балалар және жастар спорты, бұқаралық спорт, кәсіби спорт жан-жақты дамуда. Осы ретте спорттың елімізде қарқынды дамуына Ұлттық олимпиада комитеті үлкен үлес қосуда», – деді А.Мамин.