Сенімді ақтаған ел болайық

Газет мақаласы Айқын газеті №68

Қазақ халқының рухын әлсіздендіруге байланысты небір құйтырқы саясаттың жүргізілгені тарихтан белгілі. Өзін «жоғары мәдениетті» елміз деп санаған «аға ұлттар» еліміздің асқақ арман, биік мақсатының жолын кесіп, өзгеше өмір сүруге үйретпек болды.  Ал мұндай саясат белгілі жазушы Қойшығара Салғараұлы жазғандай «мен анадан артық болып, мынадан жоғары тұрсам» деген өзара бейталастықты өршіткеннен басқа ештеңе бермейді.

Сенімді ақтаған ел болайық

Осыдан келіп алауыздық, шен­құмар­лық, көреалмаушылық, қызған­шақтық белең алады. Қыз­ға­ныш – ақылды адастыратын залым дүние. Мұның арты ар-ұят, ұлттық намыс, ұлттық рух, қағанат деген қадірлі қасиеттердің беделін түсіріп, орнына таусылмайтын  талас-тар­тыс, дау-жанжалды қалыптас­тыр­а­ды. Мұндай жағдай қазақ тарихында үнемі қайталанып отырған.  Сонда да тарихтан үйренгіміз келмейді. Ал Елбасы, әу бастан-ақ осындай әдет­тен айығудың жолын ұлттық сананы оятудан бастады және оны құр сөз­бен емес, экономикалық негіздеу арқылы жүргізді. «Алдымен эконо­ми­ка, содан кейін саясат» тұжы­ры­мы­ның сыры сонда деп білеміз. Әйтпесе, тағдырдың сыйы тәуелсіз­діктің елең-алаңында бас-басына би болып, көсем шығып, құрғақ саясат­қа салып, ұлт мүддесін желеу етіп, өз басының қамын ойлаушылардың ұраны дайын болатын. Осы тұста уақыт керуенінің теңін аудармай өтуімізге ертеңге деген  өзара сенім себеп болған еді. Соның арқасында біз үйренетін елден үйрететін елге айналудамыз. Ендігі жерде де бары­мызға «тәубе» деп, жасалған жұмыс­тарға шүкіршілік қылып, өзімізді рухтандырып, жаңа бастамаларға ынталандыру, яғни өз-өзімізге деген сенімді күшейтіп, алға жылжуымыз керек. Давос экономикалық фору­мы­ның негізін қалаушы Клаус Шваб «Әлемде тұрақты ештеңе қал­­маған кезде, сенім ғана ең маңыз­ды құндылық болып қала бере­ді» деп жазады. Бүгінде қоғам­­ның алға жылжуының басты кедер­гілердің бірі – болашаққа үреймен қарау». Зәре-құтымыз қашып, ертеңге ұмтылмай, екі қолы­мызды алды­мызға құр қойып немесе мемлекетке қол жайып қарап отыра бергенде не ұтамыз? 92 жыл өмір сүріп, фәниге көшкен атамнан «1931-33 жылдар­дағы ашаршылық кезінде азық-түлік іздеп,  алға қарай жүре беруге не себеп болды?» деп сұрадым. Сонда атам «Әйтеуір, жан далбасалап, тірі адам тіршілігін жасайды деп теміржолды жағалап, жылы жаққа жетсек, аштан өлмейміз деген сеніммен жүре бердік қой. Жолға шығудан қорқып, Телікөл, Сарысу бойында  қалған  ағайын­ның барлығына жуығы өліп кетіп­ті» деп айтқан-ды. Сол сияқты алдымыз­дағы  ықтимал  қиыншы­лықтарды ойлап,  одан туған үрейді жеңудің  бірден-бір жолы – сенім.  Ал сенімді күшейтудің маңызды қадамы – халықты дұрыс ақпарат­тан­дыру мен қоғамның барлық мүшесі  арасында   ынтымақтастық  деңгейін  арттыру.  Біз осындай күрделі мәселелерді шешу кезінде әрқайсымыз жеке пробле­ма­лары­мызбен  тұсалма­ғанымыз жөн. Тұсаулы адам ақсақ түйе сияқ­ты көш соңында қалуы ықтимал. Ал ақсақ түйенің бір ғана,  көш кері бұрылса, мен алдына шығар едім деген арманы болады. Заман деген ұлы көштің жекелеген адамдардың проблемасына  бола кері бұрылғанын тарихтан оқығаным жоқ. Кезінде  кедейлерді баймен  емес, байларды кедеймен  теңестіру үшін кері бұ­ры­лу­дан көрген қазақ ұлтының қасіре­тін  Елбасы өзінің «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» мақаласын­да жаз­ды. Сондықтан  ұлтымыздың мүд­десін әлемдік өркениетпен үй­лес­­тіре дамыту кезінде барлығы­мыз ынтымақты және икемді болуға тиіс­піз. Осындай ынтымақтастық рух­тағы идеологиямен ғана қоғам­дағы адамдардың әлеуметтік жікте­лі­сіне қарамастан  ортақ сұраныстар­ды  өтей алатын боламыз деп ойлай­мын.  
 Елбасы тапсырмасына сәйкес әлемдегі 100 кітапты  аудару тізіміне кірген Клаус Шваб өзінің «Төртінші  өнеркәсіптік  революция» атты кіта­бын­да Гарвард университетінің математика және биология про­фес­соры М.Новактың «Адамзат­ты сақтап қалатын нәрсе – ынтымақ­тас­тық» деген сөзін келтіреді. Яғни, осы уақытқа дейінгі дамудың негізгі сәулетшісі ретінде ынтымақтастық оның қозғаушы күші деп түсіндіреді.
Сонда, әлем ынтымақтастыққа мүдделі болып тұрғанда, бір елдің ішінде мызғымас бірлікте болуы­мыз­дың орны айтпаса да түсінікті. Өйткені ол бізге жылдам даму бары­сы­на тез бейімделуімізге мүмкіндік береді. ХХІ ғасырда адамдар тапқа, нәсілге, бай-кедейге бөлінбейді, өмір талабына бейімделгендер мен бейімделмегендер болып бөлінеді. 
«Ақылсыз адамдар жеке адамды талқылайды, жай адамдар ортаны талқылайды, ақылды адамдар озық идеяны талқылайды» деген заманауи қағида бар. Бүгінгі күні «рухтастық сана» деген термин айналымға еніп келеді. Тағы да Клаус Шваб «Рухтас­тық сана, яғни рухтандыру ортақ мәселелерді ұжымдық және өнегелі ой-сана арқылы шешу» деп айқын­дай­ды. Ортақ мақсат жолын­дағы игіліктер мен мүмкіндіктерді бір арнаға тоғыстыра отырып, барлық күш-жігерді тұрақтылықтың сақта­луы­на қарай бұруымыз қажет. От­ба­сы өмірі, мекемелердің ішкі жұмы­сы­нан бастап, мемлекетаралық қа­ты­­­настарды реттеуге бір-бірімізге деген сенімнің керегі өте маңыз­ды. 
Ақпарат алаңының белсенді мүшелерінің бұл бағыттағы орны ерек­ше. Олардың, әсіресе, ең жыл­дам ақпарат беруші ретінде әлеумет­тік желідегі жазбаларын, ұсыныс-пікір­лерін зерделеп отыруымыз қажет. Қоғамдағы әртүрлі құбылыс­тар­ға өзіндік пікір білдіріп жүрген әрбір азаматтың  көзқарасы бәріміз үшін маңызды. Ақпарат – қоғамдық дамудың айнасы.   Ынтымақтастық жағдайында қоғамның барлық мүшесі ортақ мәселелерді шешуге тиім­ді ұсыныстармен атсалыса ала­ды. Дамыған ақпараттық техно­ло­гия жағдайында бұл оңай. Ол жүріп те жатыр. Оған құрметпен қарау – адам­­гершілік белгісі. Дегенмен ақпа­­раттың екі жақты әсері болуы мүмкін. Әсіресе,  елдің ынтымағына қатысты  жазбалардың, әртүрлі алып­қашпа мәліметтердің алдын ала­тындай, мерзімінде нақты жауап беріп, назарда ұстау керегін бірнеше оқиғалар жетемізге жеткізіп берді. Кешіктіріліп, «болары болып, бояуы сіңген» ақпараттарды жуып-шайып, ақталу сияқты мәлімдеме­лер­дің сенімдік күші әлсіз болып тұр. Соның салдарынан ақпарат бетінде ойына келгенін жазып, би­лік халыққа құлақ аспайды дейтіндер көбеюде.
Біріміз биліктегілердің кемші­лі­гін еселеп көрсетіп, олардың маза­сын май ішкендей қылуға ұмтылып, нәтижелі ісімен жасай алмағанды, тіземді батырсам мені мойындайды деген ұстанымға ұмтыламыз. Сабыр­мен, уақытымен келер нәтижені бүгін жасай қоймадық деп өз мүдде­сін халықтың мұңына айналдырып, аласұратынымыз тағы бар. Оның үсті­не басшыларға айтқан сөз есепке алынса, өзін шынайы, шыншыл, ең әділ адаммын деп көрінген жерде мақтануға дайын тұратындарға не деу­ге болады? Сайып келгенде, қолда бар алтынның қадірін түсін­бей, бейбіт өмірмен елін жетілдірер ердің орнын біле алмай опық жеп қалуымыз кәдік. Әбіш Кекілбаевша айтқанда, «Азаматтық келісіммен әлеуметтік кекшілдікті, саяси плюра­лизмнен саяси текетірестікті, бейбіт бәсекеден бітіспес бақастық­ты жоғары қоймағанымыз» дұрыс болар. Ыңғайы келгеннің бәрін сынап, өз пікірінің құлы болып бәрі­не қарсы шығу – дағдарыстың,  ушықтырудың әрекеті.  Егер де бір нәрсені ұнатпасаң,  одан да жақсы­сын жасауға тырысуды үйренейік. Өйткені қиратудан үйінділер, ал жасам­паздықтан жаңа дүниелер туын­дайды. 
Бүгінгі күнге дейін қандай жетіс­тік­ке жетсек, соған сенім қалып­тасты­рудағы БАҚ-тың орнын әрқа­шан мойындап келеміз, мойындай бере­міз. Дегенмен әрбір ақпарат тартушы осы елдің патриотымын дейтін болса, алдымен  жариялайтын  ақпаратының ортақ қоғамға кері әсе­рін тигізбейтініне көз жеткізуі тиіс. Өз ортасына тигізер зияны өзіне қайта соғар бумеранг екенін ұмытпағаны дұрыс. 
Әрине,  қолында  ақпарат  тара­ту­­шы құқығы бар әрбір адам кәсіби маман емес. Сондықтан өзінің ақпа­ра­ты арқылы сананы байбалам­мен уландырмауы керек. Бұның соңы өз кәсіби әріп­тес­тері­нің де рөліне кері әсерін тигізуі мүм­кін. Мысалы, Қызылорда қала­сындағы ұзақ уақыт ауыстырыл­маған  құбырларды  ауыстыру  кезін­де  судың  болмауына қатысты пікір­­лерге тоқталайық. Судың болмауы, әсіресе, аптап ыстықта болмауының  дұрыс  еместігі  ақиқат.  Екінші жағынан жарты ғасырдай уақыт бойында іріп-шіріген  құбыр­лар­ды ауыстыру керегі, бұл да шын­дық. Осының қайсысы маңыз­ды? Бұл мәселені түпкілікті шешіп, үздіксіз таза су берілсе, сол маңызды деп ойлаймын. Қала әкімшілігі уақыт­ша қиыншылықты тудырмауға жұмыс жасады. Солай бола тұра шыдамсыздық танытып, ойына кел­ген­ді айтып, бетбақтық көрсету­ші­лер де төбе көрсетті. Дегенмен атам қазақтың «Сабыр түбі – сары алтын» деген сөзі бар. Сабырлық жанның сыздауын басатын емдік шөп сияқ­ты. «Сабыр» араб тілінен алғанда өте ащы, бірақ емдік қасиеті күшті бір шөптің атауы болған. Әйтпесе, биліктің кемшілігін айтқан болып, билік пен бұқараның арасына сына қаққанда  табарымыз не болмақ? 
Адамзат тарихында өзіндік орны бар қазақы болмыстың қағида­ларын­дағы «жөн сөйлеу» мәдениетін де үнемі есте ұстаған дұрыс. Ұлы даланың қатаң заңымен өскен қазақ ұлтында «жамандықты шақырма» деген тыйым бар. Осыдан бірер жыл бұрын Сырдарияның төменгі ағы­сын­дағы аймақта су басып, биліктің айтқанына көнбей, қонысын аудар­маған кейбір тұрғындардың малы су ортасында қалғанын біле­міз.   Сонда бұқаралық ақпарат құралдары «мал қырылып жатыр» деген ақпаратты таратты. Әлеуметтік желіде «жаман­дық­тың атасын» шақыратын небір оқуға көз, естуге құлақ ұялатын пі­кір­­лер жазылды. Менің әке-шешем өмір бойы мал баққан адам­дар ре­тін­де, қанша малшылардың ара­сында тұрғанда да «мал басы шығын болды» дегенді ғана еститін­біз. Қас­қыр­дың атын айтқызбай, «ит-құс» деп отыратын. Соның мәнін осыдан кейін тереңірек түсіне бастадым. 
Әр мәселеге сабырмен келсек, жетістікке жетеріміз анық, сабыр мен жетістік екі түрлі болса да, негізін­де екеуі егіз ұғым. Сабырдың сары қазанында пісіп-жетілмеген шындық бір қайрауы кем болған қанжардай деп түсінеміз.
Әл-Фараби «шын беріле қызық­таған нәрсе ғана адамның жүрегінен орын алады» деп жазған екен. Ра­сын­да, өзінің  санасын ұсақ уайым­­мен, болымсыз қам-қаре­кет­тің дертімен толтырып, ортақ қуанышқа бөлене алмай қиналыс табатындар арамызда жүр. Антон Чехов «Бөгде адамның жетістігіне қуана білмеген адамға әлеуметтік өмірдің мақсаты да жат» депті. Өте орынды айтылған. Қуана білмеген жүйкеде кінәмшіл­дік, іштарлық күш алады. Күншіл кемшілікті  еселеп арттырып, дәлел­сіз кінәлап жазғырады, түйме­дей­ді түйедей етіп көрсетеді. Оның тілі зәрге, артық айту мен әділетсіз­дік­ке толмақ. Бұның арты Демокрит айт­қан­дай, «Күншілдік адамдар ара­сын­дағы ұрыс керіске бастама бола­ды». Яғни, өзара кішіпейілділік жетіспеушілігі туындайды. Ал кіші­пейіл­діліктің жетімсіздігі ақыл-ойға тұсау салып, көзін байлағанмен бір­дей. Ендеше, қоғамның пайда­сы­на аспайтын, ештеңе бермес ой­лар­дан бас тартып, өзара қуана қол­дай білуге ұмтылғанымыз дұрыс шығар?!

Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,
Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы