Пакетпен күрес – табиғатқа үлес

Газет мақаласы "Айқын" газеті №149

Жаңа құрылған Экология ми­нистр­лігі алғашқы бір қадамын сауда орындарында халыққа те­гін бері­ле­тін полиэтилен пакет­те­ріне тосқауыл қоюдан баста­мақ. Сарапшылар мұ­ны шенеу­нік­тердің кезекті көзбояу­шылығы деп санайды. Өйткені бұл пакет­тер табиғатты ластаушы заттар­дың мардымсыз пайызын ғана құ­райды. Ал ғаламшар экология­сын құртатын негізгі кесір – газ­ды сусындар мен жай су­дың пластик бөтелкелері, плас­тик заттар, тіпті шенділер қолда­на­тын орындық пен кеңсе зат­тары. Ал оларға ешкім де ты­йым сал­ғалы отырған жоқ.

Пакетпен күрес – табиғатқа үлес

Филолог, Қазақстанда да белгілі ден­дизм туралы кітаптың авторы Ольга Вайнш­тейннің бағалауынша, пластик пакет – «кеңес адамының байлық туралы арманының символы». Кеңес Ода­ғында өткен ғасырдың 30-жылдары «авось­ка» аталған торлы дорба пайда бол­ды. Оны белгілі кеңестік сықақшы Арка­дий Райкин ойлап тапқан: 1935 жылы ал­ғаш рет осы дорбамен сахнаға шыққан әзіл­қой көрерменге қайырылып, оның негізгі мақсатын түсіндіреді: «Это – авось­ка. Авоська я что-нибудь в ней принесу!».

– Бұрынғы кеңестік республикалар­дың барлығында «авоська» деп аталатын торлы дорба негізінен, жаппай тапшылық жайлаған жылдардың, Брежневтің тоқырау дәуірінің, бертіндегі «қайта құру» кезеңі­нің, яғни дүкен сөрелері тауарсыз бос қалған заманның нышаны болып есеп­теледі. Ол кезде ата-аналарымыз қалтасына осы торлы дорбаны не басқа дорбаны салмай шықпайтын. Себебі кез келген мезетте тауар түсуі мүмкін. Ол кезде тауар сатып алу аң аулауға шығумен тең: сәтін жіберіп алмау керек. Егер дүкен жақта адамдар жиналып жатқанын байқаса, дереу жетіп, жандәрмен кезек шетіне тұра қалуға тырысатын, сосын не үшін кезекке тұрғанын сұрайтын. 90-жылдары шетелдік тауарлармен бірге пластик пакеттер келді. Заманмен бірге адымдауға ұмтылған жастар, кейіндері барлық адамдар осы пакетке көшті, – дейді Ольга Вайнштейн.

Оның айтуынша, пластик пакеттер Ке­ңес Одағында ХХ ғасырдың 60-жылда­рының соңы мен 70-жылдардың ба­сында қолданыла бастады. Бірақ тек биліктегілер ғана бас сұғатын арнайы дүкендерде берілгендіктен, бұқара оны сирек көретін. 90-жылдары Қазақстанға ала дорбалармен қытайлық заттар тасқындай жөнелгенде, пластик пакеттер де жалпыға бірдей «игілікке» айналды. Халық оны біз алыстап қалған өркениеттің аңсарлы бөлшегіндей қабылдады. Шынында олай емес еді.

Қалай болғанда да, полиэтиленнен жа­салатын осы «дорбалар» бүгінде, әсі­ресе, көлігі жоқ, жаяу қозғалатын жұрт­шы­лық үшін заттарды тасымалдауға, қо­қыс шығаруға керекті, маңызды зат. Енді ел ол дүниесінен айырылатынға ұқсайды.

Экология, геология және табиғи ре­сурс­тар министрлігі сауда орындарына, дү­кендерге, базарларға, гипер-супермар­кеттерге пластик пакеттерді тегін үлесті­руден бас тарту талабын қойды. Ведомство басшысы Мағзұм Мырзағалиевтің байла­мынша, бұл табиғатты қорғау үшін аса қажет. Министр Қазақстан аумағында жыл сайын 5 миллион тоннадан астам қатты тұрмыстық қоқыс түзілетінін алға тартады.

– Оның ең кем дегенде, 11-15%-ын пласт­масса заттар, бірінші кезекте, полиэ­тилен пакет құрайды. Олар қайта өңдеуге жатпайды, тек көмілуі шарт. Ал пластиктің шіру үдерісі жүздеген жылға созылады. Суда жатқан пластик ұсақ бөлшектерге ыдырайды да, оларды балық жұтады. Артынан балықпен бірге адам ағзасына түседі, – дейді М.Мырзағалиев.

Дамыған елдер тәжірибесін зерделеп, отандық нарықтағы жағдайды қараған меморган «Атамекен» ұлттық палатасымен тиісті меморандум бекітті. Құжат елімізде әлгі пакеттерді сатуды кезең-кезеңмен шектеуді қарастырады. Алдымен, олар тегін болудан қалады.

– Пакеттерді сауда желілері тегін та­рат­пайды, тек сатады деп ұсынылуда. Әлем­дік тәжірибе көрсеткендей, қажетті тә­сілдер қолданылса, пластик пен полиэ­тиленді тұтыну 30%-ға дейін азаяды. Бұл пакеттерден бас тарту әзірге ерікті сипатта болады және ол экология үшін жасалуда. Сауда орындары, дүкендер бұл акцияға қосылады деген үміттеміз, – деді министр.

Расында, «тілегені алдынан іздемей-ақ табылған» еліміздегі ірі сауда желілері пакеттерін клиенттерге тегін ұсынудан бас тартып, сатуға кірісті. Мұны олар министр­ліктің тапсырмасы ретінде түсіндіреді.

Бұл бастаманы Сауда желілері қауым­дастығы да қолдаған. «Біз пакеттерді тегін үлестіруді тоқтату керек екенін бұрыннан айтып келеміз. Кейбір сауда желілері био­пакеттер беруге көшті. Рас, ол полиэтилен пакеттерге қарағанда, әлдеқайда қымбат тұрады. Жалпы, біз оны қолдаймыз!» – дей­ді қауымдастық кеңесшісі Елбегі Әбдиев.

Осылайша, министрліктің бұл қадамы қарапайым қазақстандықтардың өмірін елеулі түрде өзгертетін түрі бар. Сарап­шы­лардың айтуынша, қазақстандықтардың наразылығын тудыруы мүмкін осы шара эко­логияны қорғауда тек символдық мән­ге ғана ие: пакеттер шынында, пластик қо­қы­сының мардымсыз бөлігін құрайды. Бұ­ған қазақстандықтардың үнемшілдігі – бір пакетті бірден лақтырып тастамай, бір­неше рет әр мақсатқа пайдалану әдеті себеп.

Оның үстіне, шенеуніктер бұл пакет­терді «биоыдырайтын» нұсқасына алмас­тыруды ұсынады. Алайда дамыған елдерде оған да тыйым салу үрдісі басталуда: экологтар «биоыдырайтын» пакеттердің шіруі табиғи биоқалдықтардың шіруінен ерекшелене­тінін, тиісінше, бәрібір қоршаған ортаға басы артық салмағын салатынын анықтаған.


Жалпы, министрліктің пакетпен кү­рес­те қаншалықты алысқа құлаш сер­мейтіні, болашақта халық арасында «цел­лофан пакет», «маечки» аталатын жұқа, жыр­тылмалы пакеттерге де тыйым сала­тын-салмайтыны белгісіз қалуда. Әзірше тек үлкенірек пакеттер жайында сөз болып отыр. Ал егер қалыңдығы 15 микрометрден аспайтын жұқа пакеттерге де шектеу қойылса, бұл тамақ пен тауар ысырабына соқтыруы ғажап емес: қазақстандықтар кәмпит, печенье, қант, жарма, күріш және басқа да грамдап-келілеп сатылатын өнім­дерді жұқа пакеттермен алады. Олардың бәріне қағаз пакет шақ келмесі сөзсіз.

Жалпы, кілең дамыған елдерден тұра­тын Еуропалық одақтың өзі пластик па­кеттерді тегін беруден тек 2016 жылы ғана бас тартты. Мысалға, Германияда сауда орын­дары осыдан екі жылдай бұрын плас­тик «дорбалар» үшін сатып алушылардан ақы жинауға кірісті.

Ал бұқарасының әл-ауқаты жөнінен Қазақстан бұл мемлекеттерден әлдеқайда, ондаған жылдарға артта қалғаны жасырын емес. Демек, биік лауазымды шенеуніктер осындай асыққан істерімен елді ашындыра бермегені жөн.

Жақында Табиғатты қорғау қоры (World Wide Fund For Nature) пластик қоқыстағы полиэтилен пакеттерінің үлесі небәрі 1%-ды ғана құрайтынын хабарлады. Ұйым сарапшыларының тұжырымда­уын­ша, егер әлем елдері тегіс пластик пакет­терден бойды аулақ салып, қағаз пакеттерге көшсе, бұл табиғатқа әлдеқайда пайдалы деп айтуға тіпті де болмайтынын ескертеді. Біріншіден, қағаз көп тұтынылып, ағаштар жойылады. Екіншіден, пластикке қара­ғанда, бір қағаз пакетін жасау үшін электр энергиясы екі есе көп жұмсалады. Демек, Жер шарының «қызуын» көтеретін «парник эффекті» күшеюі ықтимал.

Үшіншіден, қағаз сонша берік емес және ондай пакеттерді қайтара пайдалану күрделі. Алманияның Naturschutzbund Deutschland (NABU) табиғат қорғау ұйымының тұжырымдауынша, матадан тоқылған пакеттер де тұйықтан шығар­майды: өндіруге кететін барлық шығын­дарын өтеу үшін ондай пакетті 100 рет пайдалануға тура келеді.

Шенеуніктерден қарапайым жұртшы­лық та са­уат­ты қадам күтеді. Ортағасырлық атақты испан жазушысы Мигель Сервантес де Сааведра романының бас кейіпкері Дон Кихот Ламанчский алып тұлғалы жау екен деп ойлап қалып, жел диірменімен шай­қасқаны, ақырында қатты зардап шеккені мәлім. Шенеуніктердің сол Дон Кихоттай жел диірменімен айқасуы әбестік.

Сонымен бірге, пластик қалдықтардың көбеюімен күрескен абзал. Өткен жылы бұл қалдықтардың табиғатқа, әлемдік мұхитқа және адамзат өміріне залалын терең зерттеген америкалық National Geographic: «Біз пластикті жасадық. Біз пластикке тәуелді болдық. Енді біз соған батып барамыз!» деген күрсініске толы мақала жариялады. Онда айтылғандай, ХІХ ғасырда ойлап табылған, дегенмен өндірісі тек ХХ ғасырдың ортасында ғана басталған пластмассаның дүниежүзіндегі көлемі 9 миллиард тоннаға жуықтады. Оның 7 миллиардтайы – қалдықтар. Пластик, соның ішінде микропластик жыл сайын теңіздердегі миллиондаған тіршілік иесін өлтіреді. Ғалымдар жануарлардың 700 биологиялық түрі содан зардап шегіп, жойылу алдында тұрғанын мәлімдеді. Бұған иесіз қалған балық аулау торына шырмалып жантәсілім еткен жануарлар да кіреді. Өзен-көлдердегі шақырымдарға созылып жатқан, әлдекімдер тастап кеткен пластик торлардың су жануарларына келтіретін зардабы Қазақстанда да апат деңгейіне дейін жеткені құпия емес.

Әрине, әзірге пластмассадан адамзат мүлдем бас тарта алмайды. Тіпті ғарышқа ұшатын зымырандар да онсыз көтеріле алмайды. Пластмассалы элементтер арқасында заманауи автокөліктер, ұшақтар салмағы азайтылады, олар тұтынатын отын көлемін кемітуге септеседі, тиісінше, қоршаған ортаның ластануын азайтады. Пластик медицина, жеңіл өнеркәсіп, тіпті банк секторында революция жасады.

Экологтар ең көп зиян пластиктен жасалған бөтелкелерден және басқа да бір рет пайдалануға арналған ыдыс-аяқтар мен контейнер-қаптамалардан келетініне назар аудартады: әлемдегі пластмассадан өндірілетін барлық зат­тардың 40 пайызын осылар құрайды. Өт­кен жылы әлемдік ірі өндіруші Coca-Cola жылына 128 миллиард пластик бө­телке шығаратынын мойын­дады. Олар­дан Nestle, Pepsico және басқа да жаһан­дық кәсіпорындар қалысар емес.

Әйткенмен, пластик шөлмектегі су­сын­ды сатуға тыйым салуға Экология ми­нистрлігінің құзыры жетпейді. Сон­дықтан ол әлі жететінге – тегін таратылатын пакеттерге қырғидай шүйліккен сыңайлы.


Елдос СЕНБАЙ