Көпбалалы аналар пәтер алды

Газет мақаласы Айқын газеті №69

Облыс орталығындағы «Бәйтерек» шағын­ауданында 60 пәтерлі арендалық-коммуналдық тұрғын үй пайдалануға берілді. Пәтер кілтіне ие болғандар негізінен тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топ өкілдері. Тұрғын үй 2018 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған. Құрылысын жүргізген мердігер – «Бином» ЖШС.

Көпбалалы аналар пәтер алды

Нысанда 3-бөлмелі – 30, 2-бөлмелі – 15, 1 бөлмелі – 15 пә­­тер бар. Ондағы 3 бөлмелі пә­тер­­дің ауданы – 71, 2 бөлмелі – 58, 1 бөлмелі – 40 шаршы метрді құрайды. Салтанатты ша­раға облыс әкімінің орынба­са­ры Еркебұлан Дауылбаев пен қала әкімі Қайрат Досаев қатысты.

–   2019 жылға бекітілген тұр­ғын үй құрылысының жоспары – 465,4 мың шаршы метрді құрайды. (Оның ішінде: көп­пә­те­р­лі тұрғын үйлер – 140 241 шар­­­­шы метр, жеке тұрғын үйлер – 325 153 шаршы метр.) «Нұр­лы жер» бағдарламасы ая­сын­­да тұрғын үйлер мен инже­нер­лік инфрақұрылыммен қам­та­масыз ету нысандарына барлы­ғы 16,7 миллиард теңге қаралды. Бұл қаржы есебінен 30 көп­пәтер­лі тұрғын үйдің құрылысы мен 14 инженерлік инфрақұрылым жоба­­ларын іске асыру жоспар­ланған. Атап айтар болсақ, 2019 жылы 27 көппәтерлі тұрғын үй тапсырылуы тиіс болса, 3-еуі 2020 жылға өтпелі.

Жалпы, үстіміздегі жылы бюджет есебінен 2175 адамды пәтер­мен қамту көзделген. Соны­­мен қатар 1704 гектар тұрғын үй алқабы (8272 участок) инженерлік –коммуникация­лық инфрақұрылыммен қамты­ла­тын болады. Бүгінгі күні облыс­та 25 мың адам пәтер кезегінде тұр­са, оның 14 мыңнан астамы – әлеуметтік осал топ өкілдері. Олар­дың дені – тұрғын үйге өте мұқ­таж жандар. Оның ішінде көп­балалы отбасылардың саны – 2641. Биыл Тараздың өзінде 360 пәтрлі 8 жатақхананың құрылысы басталады. Амандық болса, жатақханалар алдағы күз айларында пайдалануға беріледі. Жалпы, облыс бойынша жыл соңына дейін 612 пәтерлі жатақ­хана тұрғын үйге мұқтаж жан­дарға берілетін болады. Яғни, тұрғын үй кезегінде тұрған аза­мат­тардың кезегі келгенше жа­тақ­­ханада тұрып, жақсы жағ­дай­да өмір сүруіне мүмкіндік жа­са­лады. Ал бүгін сіздерге 60 пә­тер­­лі тұрғын үй берілгелі отыр. Амандық болса, алдағы мереке­лер қарсаңында тағы да 100 пәтерлі тұрғын үйдің 80 пәтері беріледі. Ел бірлігі мерекесі қарсаңында Талас ауданының орталығы Қаратау қаласында 60 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде 17 пәтер көпбалалы отбасыларға табысталды. Ал бүгін пайдалануға берілгелі отырған 60 пәтердің 30-ы көпба­лалы отбасыларға беріледі. Осы­лайша, жақын жылдар ішінде барлық әлеуметтік мәселелерді шешу жөнінде облыста карта бекітілген. Осы картаға сәйкес жыл сайын құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады. Бүгін жаңа қоныс тойын тойлаушыларды құттықтай отырып, отбасылары­ңыз­ға амандық тілеймін, – деді облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев. Бұдан кейін Еркебұлан Дауылбаев және қала әкімі тұрғындарға пә­тер кілтін табыс етті. Бұл жолы пәтер алғандар қатарында 12 жетім бала, 31 әлеуметтік жағы­­нан қорғалған және 17 мемле­кеттік және бюджеттік ұйым қызметкерлері болды. Пайда­лануға беріліп отырған көп­қабатты тұрғын үй әлеуметтік жағынан қорғалатын топтардың азаматтарына жекешелендіру құқығынсыз беріледі. Арендалық айлық төлем көрсеткіші – 5500-6000 теңге. Салтанатты шарада пәтер алушылардың атынан Гауһар Айдарбекова ізгі тілегін жеткізіп, ризашылығын білдірді.


Біз жаңа пәтер кілтін алып, қуанышқа бөленген Балаларды қорғау орталығының түлектері, жетімдер – ағайынды Жансая мен Бекболат Серікбай, бес баланың анасы Зәуреш Али­мова­лардың пәтерлеріне кіріп, құтты болсын айттық. «Үлкен өмірге қанат қақтық. Балалар үйінің тәрбиесін көрдік. Енді алаңсыз өмір сүріп, еңбек етуге бар мүм­кін­дік бар. Өйткені өз пәтеріміз бар», – деді қуанышын жасыра алмаған Бекболат Серікбай.

– Пәтер кезегінде 2010 жылдан бері тұрамын. Бес балам бар. Бұған дейін пәтер жалдап келдік. Ал пәтер жалдаудың қаншалықты қиын екенін басынан өткергендер ғана түсіне алатын шығар. Қыстың қақаған аязында, жаздың аптап ысты­ғында пәтерден пәтерге көшу де оңай емес. Енді, міне үш бөлмелі пәтерге ие болып, қуанып жатқан жайымыз бар. Әсіресе, балалар қуанды, – дейді бес баланың анасы Зәуреш.

Ерман Әбдиев, Жамбыл облысы