«Жедел жәрдемге» жәрдем қажет

Газет мақаласы "Айқын" газеті №153

Кез келген мамандықтың қызығы мен шыжығы болады. Соның ішінде жедел жәрдем бригадасы жұмысының біз байқай бермейтін қиындығы бар. Олар жедел медициналық көмекке мұқтаж жандар телефон шалғанда жедел жетуі тиіс. Қылмыс көп тіркелетін нүктеден шақыру жасалса да баруға міндетті. Жолдағы кептелістен кешігіп жеткенде табалдырықтан қабақ түйіп қарсы алатын үй иелері арасында қол көтеретіндер де табылады. Жеделсатысы жоқ көпқабатты үйден науқасты зембілмен алып түсу де оңайға соқпайды.

«Жедел жәрдемге» жәрдем қажет

Ол аз десек, жедел жәрдемге негізсіз қоңырау соғып, шақы­ратындар да жетерлік. Солармен әуре болып жүргенде, қаланың басқа ауданында дәрігер кө­мегіне шын мұқтаж жанға жедел жәрдем көлігі жетпей тұруы мүмкін. Бұл туралы сәл кейі­нірек, ал қазір жедел жәрдем бри­гадасының қауіпсіздігі ту­ралы айтсақ. Арыға бармай, күні кеше Қарағанды облысының Шахтинск қаласында болған оқиғаға тоқталайық.

Шахтинск қаласының жедел жәрдем стансасының меңге­рушісі Ирина Багинаның ай­туынша, 27 қыркүйекте жедел жәрдем қызметкерлері қаладағы көпқабатты үйлердің бірінен түскен шақыруға барады. Пә­тердегі ер адам фельдшерлерге есік ашпай қояды. Дәрігерлер полиция шақыруға мәжбүр бо­лады. Полицияны жедел жәрдем көлігінде күтіп отырған фельд­шерлерге пәтердегі кісі шабуыл жасайды. Әуелі жедел жәрдем көлігіне келіп, аузына келгенді айтып, балағаттап, айғайға басады, сосын көлікті кірпішпен соққылауға көшеді. Өзі удай мас екен. Жедел жәрдем көлігіндегі төсекті қалқан етіп қорғануға мәжбүр болған фельдшерлер бұл оқиғаны бейнетаспаға түсіріп алған. Абырой болғанда, учас­келік полицей уақытында келіп, бұзақыны ұстайды. Содан кейін ғана пәтерге бас сұққан фельд­шерлер ондағы әйелдің құлағы жараланғанын, миы шайқал­ғанын анықтады. Ол әйел де мас болып шықты. Жедел жәрдем экипажы ер кісінің үстінен полицияға шағым жазады.

Осыған ұқсас оқиға жыл ба­сында Ақтөбеде болды. Бір әйел кеудесінің ауырғанын айтып, жедел жәрдем шақырған. Оған көмек көрсетіп жатқан фельд­шерге аяқ астынан мас адам шабуыл жасайды. Сөйтсе, ол науқастың туысы екен. Фельд­шер ауруханаға жеткізіледі.

Былтыр көктемде Семей қа­ласында жедел жәрдем қызметіне көңілі толмаған қала тұрғыны фельдшерге қол көтерген бола­тын. Ол науқастанып қалған 2 жас­тағы баласына жедел жәрдем шақырған. Бригада келген уа­қытта баланың әкесі фельдшерді соққыға жыққан. Ол дәрігерлерді ұзақ күттіргені үшін қол көтер­генін айтып түсініктеме берген. Ал Семейдегі жедел жәрдем стансасы бригада 14 минутта жеткенін айтады. Соққының астында қалған фельдшер 20 жыл­дан бері жедел жәрдем бри­гадасында жұмыс істейтін ма­ман. Ол да өзіне қол көтерген аза­мат­тың үстінен полицияға арыз­данды. Үш оқиғада да фельд­шерлер полцияға арыз жазумен шектеледі. Ал көп жағ­дайда, іс сотқа жетпейді екен, өзара келісімге келумен, кешірім сұраумен аяқталады. Шабуылдан сақтандырылмаған жедел жәр­дем қызметкерлері өздерін қалай қорғайды? Бұл сұрақты аста­налық жедел жәрдем қызметіне қойдық.

«Жедел жәрдем қызмет­кер­лері өздерін қолдағы планшетпен ғана қорғай алады. Яғни, олар планшет арқылы өзіне қауіп төн­гені туралы аға дәрігерге хабар­лайды. Аға дәрігер полиция қызметкерлерін оқиға орнына жібереді. Жедел жәрдем көлік­тері GPS жүйесімен, рациямен қамтылған. Ал нақты жеке басын қорғауға ештеңе берілмейді. Жыл басынан бері науқастардың туыстары тарапынан фельдшер­лерімізге 3-4 рет күш жұмсау оқиғасы тіркелді. Көп жағдайда науқастың алкогольді ішімдік ішіп алған туыстары күш көрсе­теді. Полицияға арыз жазып, шағым түсірген жоқпыз, инци­дент өзара келісім арқылы жа­был­ды», – дейді Нұр-Сұлтан қа­лалық Жедел жәрдем стан­сасының Ақпараттық шұғыл диспетчерлік бөлімінің мең­герушісі Бота Сәдетхан.

 

НЕГІЗСІЗ ШАҚЫРУ ҚАЙТСЕ АЗАЯДЫ?

Әдетте тұрғындар жедел жәр­дем қызметін жедел келе қой­мады деп сынға алады. Шынын­да, жедел медициналық қызмет шақыртудың санатына сәйкес жіберіледі екен. Егер науқастың дерті өмірге тікелей қауіп төн­діргенде және жедел медици­налық көмекке мұқтаж болғанда жасалған шақырту 1-санатқа жа­тады. Мұндай шақыртуға жедел жәрдем бригадасы 10 ми­нутқа дейін жетуі тиіс. Ал нау­қастың медициналық көмексіз өміріне қауіп төнуі ықтимал жағ­дай 2-санатқа жатады. Мұндай кезде бригада 15 минутта келуге міндетті. Науқастың ме­дици­на­лық көмексіз денсау­лығына зиян келуі мүмкін болса, ол 3-санатты шақырту, бұл кезде бригада 30 ми­нутқа дейін келеді. Ал 4-са­нат­қа науқастың өмірі мен ден­сау­лығына тікелей қауіп төндір­мей­тін дерт жатады. Бұл кезде жедел жәрдем 1 сағатта келе алады. Ал­ғашқы 3 санаттағы шақыртуда науқасқа жедел жәрдем стансасы, ал төртіншісіне емханалардағы шұғыл меди­циналық бөлімдер дәрігерлік көмек көрсетеді.


Денсаулық сақтау министр­лігінің Амбулаторлық-емхана­лық және жедел медициналық көмек басқармасының дерегіне сүйенсек, осы жылдың алғашқы жарты жылында жедел меди­ци­налық көмек қызметі 4 мил­лион­нан астам адамға көрсе­тілген. Оның ішінде 1-санаттағы шақыртулар саны – 231 027, 2-санаттағы шақырту – 1 109 151, 3-санаттағы шақырту – 1 244 588, ал 4-санатта 1 505 567 шақырту түскен. «103» қызметі 75 586 ша­қыртуды негізсіз хабарласты деп, барудан бас тартқан.

Бота Сәдетханның айтуын­ша, шақыртулар телефон арқылы жасалатындықтан, шақыртудың негізді яки негізсіз екенін айыру оңай болмайды. «Сондықтан жөнсіз шақырту дей алмаймыз. Барлық шақыртуға баруға міндеттіміз. Себебі науқастар көп жағдайда, өзінің жағдайын айтып бере алмайды», – дейді ол.

Ал негізсіз шақыртулар эко­но­микалық жағынан шығын әкеледі. Себебі әрбір шақыртуға ел қазынасынан белгілі бір кө­лемде қаржы қарастырылған. Мысалы, жылына жоспарланған шақыртулардың бір бөлігін негізсіз шақыртулар алып кетуі мүмкін. Бұған жол бермеу үшін жедел жәрдем қызметін жөнсіз шақыратындарға айыппұл салу туралы мәселе көтеріліп жүр. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бұл ұсынысты қолдайды.

«Бұл шара көптеген елде қол­данылады. Біз азаматтардың өз денсаулығы үшін, соның ішінде басқа адамдарға шұғыл меди­циналық көмек көрсетуге кедергі келтірмеуі үшін ортақ жауап­кершілік ұғымын қалыптас­ты­руды көздейміз. Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айып­пұл салуға болады да, шұғыл көмек көрсету ережелерін бұзу неге ескерусіз қалады?» – дейді министр.

 

АҚЫЛЫ ЕТСЕ, АҚЫЛДЫ БОЛЫП КЕТЕ МЕ?

Әлемдік тәжірибеде жедел медициналық көмек көрсетудің екі тәсілі бар. Бірінші тәсіл бо­йынша, жедел жәрдем көлігімен бірге дәрігер еріп барып, алғаш­қы ем-домды сол жерде көр­се­теді. Екіншісінде, жедел жәрдем шақырту жасаған мекенжайға 10-15 минуттың ішінде жетіп, науқасты ауруханаға жеткізеді. Біздің ел бүгінге дейін бірінші тәсілмен жұмыс істеп келді. Яғни, жедел жәрдем барған жерінде мүмкіндігінше науқасты қарап береді, жедел көмек көрсетеді. Халық бұған үйренген. Содан болар, қан қысымы кө­терілген жалғызбасты қариялар жедел жәрдем қызметін шақы­рушылардың көшін бастап тұр. Соңғы жылдары елімізде жедел жәрдем қызметін екінші тәсілге көшіру басталды. Соған сәйкес, жедел жәрдем бригадасы нау­қасты білікті мамандар емдеуі үшін бір сағаттың ішінде ауру­ханаға жеткізуге тырысады. Бұл медициналық жағынан да, эко­номикалық тұрғыдан да тиімді саналады.

Жедел жәрдемді ақылы ету туралы ұсынысқа қайта оралсақ, шетелдерде жедел жәрдем қыз­меті бірінші санаттағы шақыр­тулардан бас-қасының бәріне ақылы негізде қызмет көрсетеді. Мәселен, Израильде террорлық оқиға немесе жол-көлік апаты­нан зардап шеккендерге ғана жедел медициналық көмек тегін көрсетіледі. Қалғанына ақы тө­лейсіз. Германияда жедел жәрдем қызметін жөнсіз шақырғандарға айыппұл салынады. Немістер жедел жәрдемді негізсіз шақыр­ғаннан бөлек, ауруханаға жат­қызудан бас тартқан науқасқа да айыппұл салады екен. Ал АҚШ-та жедел жәрдем қызметінің ақысы медициналық сақтандыру есебімен төленеді.

Ақылы жедел жәрдем қыз­метін біздің елдегі жекеменшік клиникалар да көрсетіп жатыр. Мысалы, Interteach медицина орталығының жедел жәрдем қызметі ақылы. Түрлі деңгейдегі науқасты тасымалдауда заманауи құралдармен жабдықталған же­дел жәрдем қызметінің маман­дары да білікті кадрлардан жа­сақталған деген жарнама интер­нетте толып тұр. Бұл қызметті қалталы клиенттер тұтынбаса, қарапайым халық үйреншікті «103» номеріне жүгінуді жөн көреді. Ал егер қызмет ақылы болса, айыппұлдың түр-түрінен шаршаған халық шамырқан­басына кепіл жоқ. Ақылы ет­пе­йін десе, түшкіріп-пысқыр­ға­нына да жедел жәрдем шақыра­тындар көп. Олай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өле­дінің кері келіп тұр. Десе де, бұл мәселені алтын арқауын таба отырып шешу керек-ақ.


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ