Жаңа жәрдемақы жарылқай ма?

Газет мақаласы "Айқын" газеті №155

Төрт баласы үшін 10 504 теңге, алты-жеті баласы үшін 16 160 теңге алып келген ана­ларға әр балаға 21 мың теңге беріле бастағаны көпшілікті қуантқаны рас. Нәтижесінде, 2018 жылы атаулы әлеуметтік көмекті 111 мың отбасы алған болса, жа­лақысы жанбағысына жетпейді деп есептелген мұндай отбасылардың қатары биыл төрт есеге бірден өскен. Яғни, бүгінде бұл көмекті еліміз бойынша 417 мың от­басы алып отыр. Алайда 73 мыңнан аса отбасы негізгі кірісін жасырып, бұл кө­мекті өздеріне қолдан тиесілі еткен. Тиісті тексеру нәтижесінде, олар мемлекетке 156 млн теңге қайтаруға міндетті. Осы олқылықтар атаулы әлеуметтік көмек беру­дің қолданыстағы жүйесін өзгертуге негіз болды. Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі 2020 жылдан бастап көпбалалы отбасыларға жәр­де­мақыны көбейтіп, табысы аз отбасыға берілетін атаулы әлеуметтік көмек беру тә­сілін өзгертуді ұсынды.

Жаңа жәрдемақы жарылқай ма?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрі Біржан Нұрымбетовтің айтуына қа­рағанда, ұсыныс заң жобасы түрінде әзір­лен­ген. Бұл жоба бойынша, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап балалары 18 жасқа тол­маған көпбалалы отбасыларға табысына қа­ра­мастан 42 мыңнан 72 мың теңгеге дейін жәр­демақы беріледі. Әр балаға шамамен 10-11 мың теңгеден есептеледі. Жәрдемақының нақ­ты көлемі өңірлердің ерекшеліктеріне қа­рай өзгереді.

Егер көпбалалы отбасылар табысы аз от­ба­сылар қатарына енсе, оларға жәрдемақыдан өзге атаулы әлеуметтік көмек те (АӘК) бе­рі­леді. Атаулы әлеуметтік көмек күнкөріс ми­­нимумының 70 пайызы деңгейінде сақ­­та­лады. Алайда мұндай отбасындағы жұ­­­мысқа жарамды адамдардың барлығы әлеу­меттік келісімшарт арқылы еңбекпен қам­­ту орталығымен белсенді жұмыс іс­теуі тиіс. Еңбекпен қамту орталықтары ар­қы­­лы ұсынылатын жұмыс орындарының жа­лақысын мемлекет төлейді. Жеңілдетілген кре­дит те беріледі. Әлеуметтік келісімшартты орындамаған отбасыларға АӘК берілмейді.

Сондай-ақ жаңа жылдан бастап табысы аз отбасылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі ба­лаларына арналған әлеуметтік пакет жа­салады. Әлеуметтік пакетте балалар тағамы, ги­гиеналық заттар, балалардың ой-қимыл жүйе­сін дамытқыш құралдар бар. Ал 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға мектеп формасы, жолақысы төленіп, мектепте тегін тамақ беріледі. Табысы аз отбасылардың 18 жасқа дейінгі балаларына мемлекет кепіл берген тегін медициналық көмек көрсетіледі.

Айта кету керек, еліміздегі балалардың 62 пайызы көпбалалы отбасынан шыққан. 2020 жылы отбасының кірісіне қарамастан, осындай жанұялардағы әр балаға 10 625 теңге көлемінде жәрдемақы төленуі керек.

Үкімет отырысында сөз алған Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев: «Аз қамтылған көпбалалы отбасы мемлекеттің қай кезде де қолдауында болады. Біз осы ме­ха­низмді жергілікті билікпен бірге әрі қарай жү­зеге асыруға жұмыс істейміз. Елдегі 1,3 млн бала көпбалалы отбасынан шыққан. Жаңар­тылған атаулы әлеуметтік көмек не­гізінде келер жылы оларға жаңа жәрдемақы та­ғайындалады. Яғни, отбасылық кіріске қара­мастан, 7 балаға дейін тәрбиелеп отырған от­басыларға 42 500 теңгеден 73 375 теңге ара­лығында төлем қарастырылады. Сондай-ақ мұндай балаларды кепілді әлеуметтік топ­тамамен қамту көзделген» деді.

Сондай-ақ министр Біржан Нұрымбетов шарт­ты және шартсыз көмекті 3 айға та­ғайындау туралы айтты. Бұл бір жағынан атаулы әлеуметтік көмек алатын жанұялардың та­бысын жасыруды барынша төмендететін бо­лады, екінші жағынан табысты көрсету тәр­тібі әділ болады. Отбасының жан басына шақ­қандағы кірісі екінші тоқсанда көбіне азаю жағына өзгеріп жатады. Яғни, АӘК тоқсан сайын есептегенде тағайындалған мөлшер ұлғаюы мүмкін.

Бұған қоса, заң жобасына сәйкес учаскелік ко­миссия көмекке мұқтаж отбасылар бойын­ша қорытындыны 3 күн емес, 7 күн ішінде шы­ғаратын болады. Жобаның өзі қазанның соңында әзірленеді.

Бұл жаңалықты әлеуметтанушылар қолдап отыр. Олар бұл мәселені кезек күттірместен ше­шу керегін айтады. «Өйткені көпбалалы ана­ларды тұрмысы төмен немесе жоғары деп бөлуге болмайды. Ол осы уақытқа дейін өзі­міз көргеніміздей, әлеуметтік жік-жікке бө­лінуге әкеледі. Кез келген мемлекетте ана­лар мен балаларға түрлі жәрдемақы мен жеңілдіктер бар. Бұл жобаны біз де ана капиталын қалыптастыру мақсатында мем­лекет тарапынан көрсетілген қолдау деп тү­сінеміз. Бір мемлекетте баланы жалғыз асы­рап отырған анаға немесе әкесіне жәр­де­мақы төленіп, жеңілдіктер берілсе, басқа ел­дерде көпбалалы немесе жағдайы төмен от­басыларға ерекше назар аударылады. Мә­селен, Францияда көпбалалы отбасылар са­­лықтан босатылса, Швецияда пәтерақы тө­лемейді. Демек, әрбір дамып жатқан елде ана мен балаға қажет мемлекеттік қолдау көр­сетіліп жатыр деуге болады. Біз де бірте-бір­те осы қатарға қосылып келеміз» дейді әлеу­меттанушы Ерлан Бошай.

Бүгінде еліміз бойынша кәмелет жасқа тол­маған төрт және одан көп баласы бар отбасылардың саны – 163 мың. Үш баласы бар – 119 мың, екі балалы 90,4 мың от­басы бар.

Заң жобасы Парламент депутаттарының қол­дауына ие болса, жаңа өзгерістер 2020 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.


Ақбота ӘЛІМ