Көш көлікті болмай тұр...

Газет мақаласы "Айқын" газеті №156

Бұл көш қыстауға немесе жайлауға бет түзеген көш емес. Шетелден атажұртқа ат басын бұрған ағайынның да әңгімесі емес. Бұл – астанаға тоқтаусыз ағылып жатқан жұрттың жайы.  
Бас қаланы қалаушылардың көп болғаны сондай, жыл сайын мұнда 50 мыңдай адам тұрақты тіркеуге тұрады екен. Көшіп келушілердің 90 пайызы өз отандастарымыз. Ал мұндағы тіршілік ауқымының кеңейгендігі жаңа қажеттілікті туындатып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы: «Халықтың жыл сайынғы өсуі және ішкі көші-қон процестерін тиісті бақылаудың болмауы қаланың әлеуметтік инфрақұрылымына, ең алдымен, медицина мен білімге жүктемелердің көбеюіне әкеледі» деді. Демографиялық өсімнің басқа тіректерін айтпағанда, қала халқы жыл сайын 40 мың адамға толығып жатыр...

Көш көлікті болмай тұр...

Елордалықтардың санын кө­бейтiп жатқандар әуелгiде Ақ­мола, Қарағанды, Қостанай об­лыс­тарының тумалары болған. Ал кейінгі жылдары келісті шаһа­­­рымызға Ақмола (21,1%), Түр­кістан (11,2%), Қарағанды (9,2%), Шығыс Қазақстан (8,1%) об­лыстарынан келушілер көбейе түс­кен.

Биылғы бірінші жартыжыл­дық­та 2018 жылдың осы уақы­ты­мен салыстырғанда, бас қалаға кел­гендер саны 76 пайызға, кет­кен­дер саны 63 пайызға көбейіпті. Соң­ғы алты айда қалаға келгендер 45 464 адамды, кеткендер 28 066 адамды құрайды.

Бұл шамамен алты айда 17-20 мың, жылына 40-50 мың адам­ның осы қалада тұрақтап қала­ты­нын көрсетіп отыр. Оның бас­ты себептеріне тоқталайық. Бірі­ншіден, Нұр-Сұлтан үлкен құ­рылыс алаңына айналды. Әр­түрлi санаттағы жұмыс күшiне қа­жеттiлiк туды. Тұрғындары кө­бейiп, күнделiктi тұтыным арт­қан­дықтан, жекелеген сауда көзiн ұстан­ғандар да күнкөрiс үшiн бас қа­ланы бетке алды.

Осындай көшi-қон­ның нәтижесiнде, қала тұр­ғын­­дарының саны елорда ауыс­ты­­рылған жылдары небәрi 200 мың адамды ғана құраған бол­са, бүгiнде 1 миллион 100 мың­нан асып түскен. Бұл қалада тұ­рақ­ты тұратындардың саны. Оған күнделiктi елордаға әртүрлi шаруа­мен келiп, бiрнеше ай, тiптi бiрнеше жыл тұрақтап қалып жатқандарды тағы қосыңыз. Уақытша тұрақтағандардың қа­тарында қалаға келушiлердi құрайтын шетелдiктер де бар.

Қазақстанға шетелден екі қол­ға бір күрек іздеп келетін жан­дар аз емес. Мәселен, жыл сайын орта есеппен тек Өзбек­стан­нан 140 мың, Қырғыз Респуб­ликасынан 80 мың кісі келеді.

Әлеуметтанушылардың ай­туын­ша, Нұр-Сұлтанға негiзiнен кеу­десiнде арманы көптер ке­ледi. Олардың дені көбіне жұ­мыс істеуге келген жастардан тұра­ды. Бұл қуанарлық жағдай бол­ғанымен, екінші жағынан алаң­дарлық ахуалға да айналып отыр. «Жастар жағы осы қалада жүріп, бас қосады. Үйленеді. Балалы бо­лады. Баласын балабақшаға ке­зекке қояды. Мектепке бе­ре­ді. Ауылдан оларға қарасуға үл­кендер жағы тағы келеді. Ме­дициналық мекемелердегі ке­зек саны да соңғы кездері оңай­лық­пен шешіле қоймайтын дау­ға айналды. Жергілікті билік бұл қажеттіліктерді қамтамасыз етуге бар күшін салғанымен, кө­шіп келу қарқынына ілесе ал­май отыр. Қаланың белгілі бір тұр­ғындар санына есептелген ре­сурсы бар. Бақылаусыз ішкі кө­ші-қон салдарынан тұрғын үй, білім алу орындары және ба­лабақшадағы орындарға қатысты қиындықтар туындап отыр» дейді әлеу­меттанушы Ерлан Қуант­қан­ұлы.

Елiмiздiң басқа аумақтарынан келiп қоныстанушыларды бала­бақ­ша, мектеп, емхана және ең бастысы, баспанамен қам­тама­сыз ету үшiн қала бюджетiне жыл сайын қосымша қаражат бө­лінеді. Соңғы 10 жылда елор­да­дағы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5 есе артып, нәтижесінде, 130 мыңға жеткен. Бүгінде елордада 22 590 орынға ар­налған жекеменшік балабақша мен мектептер жұмыс істеп тұр. Же­кеменшік емханалар да дами түсуде. Қазіргі уақытта елордада осын­дай 14 мекеме жұмыс істейді. Бірақ бұл да мәселені түбегейлі шеше алмай отыр. Әсіресе, білім беру ұйымдарындағы орындар жетіспеушілігі мәселесі әлі ше­шіл­ген жоқ.


Президент өз сөзінде «Ха­лық­тың жыл сайынғы өсуі және ішкі көші-қон процестерін тиісті ба­қылаудың болмауы қаланың әлеу­меттік инфрақұрылымына, ең алдымен, медицина мен бі­лім­ге жүктемелердің көбеюіне әке­леді. Ішкі көші-қон процестерін ба­­қылауды күшейту керек. Бұл осылай жалғаса алмайды. Қа­­лаларымыздың көп халқы мақ­та­ныш­тың белгісі емес, бұл шешілуі қа­жет мәселе екенін айттым» деді.

Жүктеме дегеннен шығады. Расында, елорда мектептеріне оқу­шылар сыймай жатыр. Бұл – жылда қайталанатын құбылыс.

Айта кететіні, бұл мәселелер ке­ше немесе бүгін болып отыр­ған жоқ. Астана ауысқалы, елді жаппай алаңдатып отырған жағ­дай.

Бүгінде елордалық 14 мек­теп­тегі бір сыныпта 40 бала оқиды. Олар­дың сегізі – үш ауысымды мек­теп. 85 мың бала елордалық ба­лабақшаларға кезекте тұр.

Бүгінде астанада 15 жасқа дейін­гі 295 мың бала бар. Бұл бұ­­рынғы Целиноградтың тұр­ғын­дарынан көп. Егер 10 жыл бұрын 73 мектеп пен 75 мың оқушы бол­са, қазір бізде 112 мектеп пен 183 мың оқушы бар.

Осы жылы 9 мың оқушы мек­теп бітірді, ал 1 қыркүйекте 1-сыныпқа 24 мың бала барды. 25 мың оқушыға орын жетпейді. Қазіргі уақытта сегіз мектепте үш ауысымды оқу жүріп жатыр.

Астана қалалық Білім бас­қар­масының басшысы Әнуар Жан­ғозин соңғы жылдары «Ал­дағы бес жылда 24 мектеп са­­ламыз» десе, қала әкімі Алтай Кө­лгінов жақында «Жал­пы, елорданы дамытудың ке­шен­­ді жоспары бойынша 5 жыл ішінде тағы 37 мектеп са­лынуы тиіс. Бірақ бұл тұрғыда рес­пуб­ликалық бюджетке ғана иек арт­пауымыз керек. Жақында өт­кен инвестициялық кеңесте 11 жекеменшік мектеп қолдау тап­ты. Бұл жеке инвестицияның есе­біне салынады деген сөз. Біз қа­лай болғанда да бұл мәселені ше­шуіміз керек» деді. Мұндай же­кеменшік мектептердің баға­сы тым қымбат екенін және олар­дың айлық құны кемі 100 000 -115 000 теңгені құрап отырғанын ес­кер­сек, ол қарапайым халықтың қал­тасын көтермейтіні анық.

Бүгін дүниеге келген сәби – бес-алты жылда 1-сыныптың оқу­шы­сы. Бұған ешқандай есептің де керегі жоқ. Еліміз бойынша соңғы 5 жылда 130 мыңнан астам ба­ла дүниеге келсе, демек, дәл қа­зір елімізге жедел түрде соларға лайықты мектеп пен балабақша керек деген сөз. Сондықтан бұл мәселеден салғырттықтың да бір ұшын көруге болады. Елордамыз бойынша да тура осындай. Әр оқу жылында 15 мың оқушы қа­тарға қосыла ма, қосылады. Де­мек, жылдағы жоспарға өзгеріс енгізіп отыруға болады. Әсіресе, мектеп мәселесі жылына жылан жыл­жығандай қарқынмен емес, жүйелі жұмыспен ғана шешілетіні анық.

Ең сорақысы, елордада жа­­сал­ған қылмыстардың тең жар­тысы өңірлерден келген­дер­дің үлесіне тиіп отыр. Өйткені оған ішкі көші-қонның рет­тел­меуі мен азаматтарды тір­кеу ісіндегі олқылықтардың көп жіберілуі – себеп. Нұр-Сұл­тан­ның мұншама адамды жұ­мыс­­пен қамтып, әлеуметтік жағ­дайын шеше алмайтыны анық. Жұмыс таба алмағандар бас қаланың криминогендік ахуалын ауырлатып отыр. Жағ­­дайды реттеу үшін, Ішкі іс­тер министрлігі қылмыспен күре­су­мен қатар сол қылмысты бол­дыр­мау, алдын алу шараларын жі­ті қолға алу керек.