2015 жылдың ақпан-наурыз айларында маған сәті түсіп, Мәскеу қаласындағы бірнеше тарихи мұрағаттарда жұмыс істеуге тура келді. Атап айтқанда Ресей Федерациясының Мемлекеттік архиві (ГАРФ), Орталық ежелгі құжаттар Мемлекеттік архиві (ЦГАДА), Подольск қаласындағы әскери архив және тағы басқалар. Негізгі мақсатым өзім зерттеп жүрген Ресейдегі қазақ диаспорасының тарихы мен этнографиясына қатысты материалдар жинау болғанымен, қазақ халқына қатысты тарихи құжаттарды көргеннен кейін қиып кете алмай, кейбір деректерді жазып алдым. Сол мәліметтерді зерттеуші әріптестерім мен жалпы құлағы түрік оқырмандар назарына ұсынбақпын. Бәлкім, жол түсіп бара қалған осы сала мамандары болса, бір әжетке жарап қалар.