Бюджет қаржысын бақылап жүрміз бе?

Газет мақаласы Айқын газеті №71

Өркениетті елдің кез келген азаматы өзі төлеген салығының қалай жұмсалып жатқанын қадағалап отырады. Бұл мемлекет қазынасының тиімді жұмсалуына, жемқорлық­тың жолын кесуге мүмкіндік береді. Ондай елдің билігі де бюджет қаражатының әр тиынын шашау шығармай жұмсайды, сол туралы есеп береді. Бұл тұтас елдің дамуына ықпал етеді. Ал бізде ше? Сіз бюджет қаражатының қалай жұмсалып жатқанынан хабардарсыз ба? Қазақстан азаматы ретінде құзырлы орындардың бюджетті игерудегі жұмысына назар аударып көрдіңіз бе?

Бюджет қаржысын бақылап жүрміз бе?

Егер осындай сауалнама жүр­гізсек, респонденттердің 90 па­йызынан «жоқ» деген жауап ала­тынымыз анық. Мұның екі себебі бар: біз қазына қаржысын сеніп тапсыруға болатын үкіметіміз бар деп санағандықтан бейқам жүреміз немесе бюджет қаржысын бақылауға құқылы екенімізді, қалай бақылау керегін білмейміз. Біздің пайым екінші себеп шын­дыққа жақын дейді. Бұл олқы­лықтың орнын толтыруға мүм­кіндік беретін заң нормасы был­тыр қабылданды. Біле жүріңіз, 2018 жыл­дан бастап Бюджет ко­дексінде заң­ды түрде «азаматтық бюджет» түсінігі бекітілді.

 

Жәмішев қателесті ме?

Қарапайым халық үшін Рес­пуб­ликалық яки жергілікті бюд­жетті түсіну, оны талдау қиын екені белгілі. Оны тек кәсіби ма­мандар ғана түсінеді. Сондықтан барлық министрліктер мен әкім­діктерге бюджеттің қарапайым азаматтарға түсінікті етіп жа­зыл­ған, жеңілдетілген нұсқасы – «Азаматтық бюджетті» жариялау міндеті заңмен бекітілді.

Әрине, бұған дейін де азамат­тық бюджетті жариялау туралы ұсыныс жасалған, мәселен, 2011 жы­лы Азаматтық бюджетті жариялау қолға алынғанымен, заңды түрде бекімеген болатын.

2011 жылдың басында Қаржы министрлігінің ресми сайтында қоғам үшін «Азаматтық бюджет» бөлімі ашылды. Біздің ел ТМД елдері арасында алғаш болып азаматтық бюджетті енгізді. Аза­маттық бюджетті бірінші болып Атырау облысы жасады.

Ол бюд­жет білім, денсаулық сақтау, әлеу­меттік қорғау, жергілікті бюджет­тің кіріс-шығысы, салық түсім­дері, әлеуметтік маңызды жоба­лар, аймақтың әлеуметтік-эконо­микалық көрсеткіштері негізінде жасалды. Жалпы, Азаматтық бюд­жет – әлеуметтік маңызы бар

мәселелерді шешуге қоғамды тартуға мүмкіндік беретін бастама. Ал халықаралық тәжірибеге сай, азаматтық бюджет «Ашық бюд­жет» индексі бойынша мемле­кет­тік бюджеттің ашықтығын баға­лаудағы өлшемдердің бірі.

Ең қызығы, 2011 жылдан бас­тап жариялануы тиіс азаматтық бюджетті жасап, жариялауға ықы­лас байқалмады. Себебі сол кез­дегі Қаржы министрі Болат Жә­мішев: «Бюджеттің ашықтығын қамтамасыз ету үшін қандай да бір заңнамалық актіні қабылдаудың еш қажеті жоқ, тек ең алдымен қоғамға түсінікті үлгіде бюджеттің орындалуы туралы ақпараттар жариялау керек», – деген болатын. Заңды түрде бекітілмеген тапсыр­маның орындалуы өте нашар болды. Осы олқылықтың орнын толтыруға 2018 жылы ғана мүм­кін­дік туды. Өткен жылы Аза­мат­тық бюджетті жариялау заң арқы­лы міндеттелді. Азаматтық бюд­жетті құрастыру тәртібіне дейін түсіндірген Қаржы министрінің (2018 жылғы 9 қаң­тарда Бюджеттік жоспарлау және бюджеттерді атқару сатыларында азаматтық бюджетті жасау мен ұсыну қағидаларын бекіту туралы) № 15 бұйрығы шықты. Бұл бұй­рықта «Бюджеттік жоспарлау және бюджеттерді атқару сатыла­рында азаматтық бюджетті жасау мен ұсыну қағидалары» туралы айтыл­ды. Мәселен, Азаматтық бюджетті жариялау бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып жүзеге асырылады. Орта­лық және жергілікті мемлекеттік орган­дардың ресми интернет-ре­сурс­тарында «Азаматтық бюджет» жеке айдарда құрылады делінген. Азаматтық бюджетті қандай ме­кемелер жасайтыны да айтылған.

 

Азаматтық бюджетті кім, қалай жасайды?

«Азаматтық бюджеттің маз­мұны қысқа, түсінікті, азаматтар үшін оңай ұғынылатын нысанда жазылады, оны жариялаған кезде инфографика, суреттер, схемалар, диаграм

малар, кестелер және бас­қа да таныстыру нысандары пай­даланылады. Көлемді мате­риал­дар машина оқитын формат­та ұсынылады (мысалы, кестелер – Excel-де, мәтіндік материал – Word-та). Мемлекеттік бюджеттің бөлімдері осы өңірлерге тән өзге де ақпараттармен толықтыры­ла­ды. Азаматтық бюджет уәкілетті органдардың интернет-ресурс­тарында мемлекеттік және орыс тілдерінде орналастырылады» делінген.

Аудандық маңызы бар қала­лардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдері аппараттарының ресми интернет-ресурстары болмаған кезде, олар­дың азаматтық бюджеті өзінен жоғары тұрған бюджетті мемле­кеттік жоспарлау және бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган­дардың интернет-ресурсында жарияланатыны да айтылды. Азаматтық бюджетті халық саны екі мың адамнан асатын аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкім­дерінің аппараттары жасап, ұсы­нуға міндетті. Ал халық саны екі мыңнан аз адам болатын аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкім­дерінің аппараттары азаматтық бюджетті 2020 жылдың 1 қаңта­ры­нан бастап жүзеге асырады.

 

Сұлтанов өз бұйрығын өзі орындамай отыр

Мемлекеттік органдар бұл мін­детті қалай орындап жатыр деген мақсатпен түрлі деңгейдегі әкімдіктердің ресми сайтындағы азаматтық бюджеттің жариялану барысына шолу жасадық.

Әуелі ел астанасы – Нұр-Сұл­тан қаласы әкімдігінің ресми сай­тына «бас сұқтық». Аталған сайт­тың «Ашық әкімдік» айда­рындағы «Бюджеттің орындалуы» деген сілтемеде 2013 жылдың 1 та­мы­зындағы жағдай бойынша әлеу­меттік салаға бөлінген қар­жының орындалуы мен Астана қаласы бюджетінің орындалуы туралы есеп қана тұр. Ал Нұр-Сұл­тан қа­ласының 2019-2021 жыл­дар­ға арналған Азаматтық бюджеті қа­ла­лық стратегиялық және ­бюд­­жет­тік жоспарлау бас­қарма­сы­ның сай­тына орналас­тырыл­ған. Сондықтан Нұр-Сұл­тан қа­ласы әкімінің сай­тынан Аза­мат­тық бюджетті іздеп әуре болудың қажеті жоқ.

Нұр-Сұлтан қаласына қарасты аудандардың азаматтық бюдже­тінде сол аудан әкімдерінің ресми сайтынан таба алмайсыз. Өйткені Есіл ауданы әкімінің сайтында бюджеттің орындалуы туралы ғана ақпарат бар. Тіпті 2017 жыл­дан кейін ол сайтқа аудан әкімінің есебі мен баяндамалары да салын­баған. Ауданның азаматтық бюд­жетін қаржы және экономика бөлі­мінің ресми сайтынан таптық. Оның өзі 2018-2020 жылдарға ар­налған Азаматтық бюджет. Ал 2019-2021 жылдарға арналған азаматтық бюджет әлі орналасты­рылмапты.

Алматы ауданы әкімінің сай­тында да Азаматтық бюджет жа­рия­ланбаған. Бұл ауданның Қар­жы бөлімінің сайты жоқ болып шықты. Қысқасы, бұл аудан Азаматтық бюджетті жариялауды қажет деп таппаған.

Байқоңыр ауданы әкімінің сай­тынан да, Қаржы-шаруашы­лық бөлімінің сайтынан да Аза­мат­тық бюджет табылмады.

Осы тұста мына жайтты айт­пай кетуге болмас, Азаматтық бюд­жеттің қалай құрастыры­латынын, қайда жарияланатынын түсіндірген №15 бұйрыққа Нұр-Сұлтан қаласының қазіргі әкімі Бақыт Сұлтанов қол қойған. Ол былтыр бұйрыққа қол қойғанда Қар­жы министрі қызметінде бо­латын. Сонда Сұлтанов өз бұй­ры­ғын өзі орындамаған болып шықпай ма?

 

Әкімдер өз міндетіне атүсті қарайды

Алматы қаласы әкімдігінің ресми сайтында 2014-2016 жыл­дар­ға арналған «нақтыланған аза­маттық бюджет» салулы. Ал одан кейінгі Азаматтық бюджетті әкімдіктің Стратегия және бюд­жет басқармасының сайтынан табасыз.

Азаматтық бюджетті жариялау тәртібіне сәйкес, ол халыққа түсі­нікті болуы тиіс. Бұл ретте «слайд тілімен» түсіндіруге рұқсат беріл­ген. Бұл мүмкіндікті Қарағанды қаласының әкімдігі мен Қара­ғанды облысының әкімдігі тиімді пайдалана алған. Бір, әттеген-айы, Қарағанды облысының азаматтық бюджетін ұзақ іздеуге тура келді. Себебі, облыс әкімінің сайтында жоқ. «Іздеу» функциясы арқылы азаматтық бюджетті Об­лыстық қаржы басқармасынан таптық. Облыстың азаматтық бюд­жеті іздегенімізге татыды – слайдтармен өте түсінікті етіп жасалған. Ұзын-сонар мәтін оқып шаршамайсыз. Бұлай деуімізге Ақмола облысының Азаматтық бюджеті себеп болды. Себебі, олар жариялаған нұсқадағы бюджетті оқу үшін біраз қиналуға тура келеді. Облыстық қаржы басқармасының сайтында орна­ластырылған екі беттен тұратын слайдта бір айдағы бюджет түсім­дері мен бюджеттің орындалуы туралы ақпарат жарияланған. Келесі айдың бюджетін қарау үшін келесі слайдты ашуға тура келеді. Ең қызығы, облыстың аза­маттық бюджеті Ақмола облыс­тық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасында да жарияланыпты. Бұл басқарманың нұсқасы word-файлда, 23 беттен тұрады. Ол құжатты оқу үшін аз уа­қыт кетпейді.

Министрліктер сайтында аза­маттық бюджет жариялауда бә­лендей кемшілік жоқ. Сондықтан да негізінен облыс, қала және аудан әкімдерінің ресми сайт­тарына барлау жасадық. Түй­геніміз, азаматтық бюджетті құрастыруға немқұрайлы қарау басым, бюджеттің бастапқы нұсқасының сандық мәліметтерін азайтып жариялай салғандай әсер қалдырды. Елімізде «Ашық бюд­жет» порталы жұмыс істейді. Бұл порталда барлық меморган­ның бюджеті туралы ақпарат жинақ­талуы тиіс. Тіпті осы порталдың өзінде де кей органның бюджетін таппай қиналасыз. Себебі, қа­жетті ақпарат порталға орналас­тырылмаған. Мұндай жағдайда әкімдер ресми сайтына Азаматтық бюджетті жарияламай отыр деп сын айтуға ұяласың. Осынау шағын ғана зерттеу кезінде бар­лық деңгейдегі әкім­дердің Бюд­жет кодексінің тала­бына атүсті қарайтынын байқадық. Бұл – олардың емес, бюд­жетке бақылау орнатуға құ­лық­сыз халықтың кемшілігі. Аза­маттық қоғамның осы олқылығын билік тиімді пайдаланып отыр демеске лаж жоқ. Оның дәлелі – өңірлерде орындалмай қалған ірі жобалар, құрылысы аяқталмаған аурухана мен мектептер, пайда­лануға берілсе де, сапасы сын көтер­мей­тін нысандар.