Азық-түлік бағасы аспандап барады

Газет мақаласы "Айқын" газеті № 173
Азық-түлік бағасы аспандап барады

Бүгінде қайда барсаң да, бірінші болып қымбатшылық қарсы алады. Айлығы шайлығына жетпейтін халық­ты азық-түлік бағасының қымбаттауы алаңдатып отыр. Үкімет пен жергілікті би­ліктің азық-түлік бағасын реттеу үшін қабыл­да­ған шаралары нәтиже бе­рер емес. Аграрлы мемлекетте ауыл шаруашылығы өнімдері­нің қым­­бат болуы ақылға сый­майды. Бі­рақ шыны сол, біздің елде азық-түлік  қым­­бат. 

Осыдан алты-жеті жыл бұрын еліміз­дегі азық-түлік бағасын реттеу үшін Тұ­рақ­тандыру қорлары ашыл­ған-ды. Бұл қор­лардың мис­сиясы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуін тежеу болатын. Алайда сарапшылар Тұрақ­тандыру қорлары өз міндетін атқара алмай отыр деп санайды.

Мәселеге кіріспес бұрын Тұ­рақ­­­тандыру қор­лары туралы аз-кем ақпар: 2011 жылы Қа­зақстан эко­­номикасын модернизациялау мә­­­селелері жөніндегі мемл­екет­тік комиссия аймақтық тұрақ­тан­­дыру қорларын құрып, олар­­­ды әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­­­­­пора­циялар арқылы қаржы­лан­дыру туралы ше­шім қабылдады. 2012 жылы 9 қазанда ел Үкі­меті Азық-түлік тауарларының өңір­лік тұрақ­тандыру қорларын қа­лып­тастыру және пай­далану қа­ғи­­­даларын бекітті. Сөйтіп, қор­лар­дың жұмысына республикалық бюд­жеттен 12,1 млрд теңге бөлін­ді. Со­дан бері өткен
7 жыл­да әлеу­мет­тік маңызы бар азық-түліктің ба­­ғасы тұрақтанудың орнына 70 пайыз­ға дейін өскен.

Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі азық-түлік тауарларының өңір­лік тұрақтандыру қорын басқаратын комиссия құрып, құ­­рамын бекітеді. Комиссияға әкім орынбасары жетекшілік ете­ді. Комиссия мүшелерінің құ­рамында кәсіпкерлік және сау­да, ауыл шаруашылығы бас­қар­маларының (бөлімдерінің) қыз­меткерлері, жеке кәсіпкерлік су­бъектілері бірлестіктерінің жә­не қоғамдық ұйымдардың өкіл­дері бар. Комиссияның жұмыс ор­ганы – жергілікті бюджеттен қар­жыландырылатын атқарушы орган. Егер Солтүстік Қазақстан облысы мысалында айтар болса, жұ­мыс органы әр үш жыл сайын мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарында тұрақтандыру қорын қалыптастыру мен пайдалану жө­ніндегі қызметтерді «Солтүстік» әлеу­меттік-кәсіпкерлік кор­по­рация­сынан сатып алады. Басқа ешбір бизнес субъектісінен сатып ала алмайды. Себебі оған заң рұқ­сат етпейді. Демек, «Солтүстік» ӘКК өңірде аталған қызметті ұсы­­натын жалғыз оператор екенін ай­туымыз керек, қысқа қайырсақ – мо­нополист. Міне, осы жалғыз опе­­ра­тор үстеме шығыстарды, өнім­­нің белгіленген және нарық­тағы бағалары арасындағы айыр­ма­ны жабуға, екінші деңгейлі банк­­тердің депозиттеріне қара­жат салуға құқылы. ӘКК-лер бас­­қасын қайдам, дәл осы депо­зит­ке қаржы салуда алдарына жан салмайды. Бұлай деуімізге се­беп: компания екінші деңгейлі банк­тердегі жинақтаушы шоттарға ор­наластырған қаржысынан 2016 жы­лы 1,7 млн теңге, ал 2017 жылы 4,7 млн теңге сыйақы алған.

The Last Hope ұйымының же­­­текшісі Руслан Асаубаевтың ай­туынша, 2017 жылдың қазан айын­да комиссия шешіміне сәй­кес, «Солтүстік» ӘКК 1 100 тон­на көкөніс сатып алуы керек бол­ған. Соның ішінде сәбізді мысалға алсақ, қазан айында сауда алаңдарында сәбіздің 1 келісі 104 теңге тұрған. Әлеуметтік-кә­сіп­керлік корпорация сол айда 55 теңгеден аспайтын бағаға 100 тон­на сәбіз сатып алады. Бір ай өт­кенде «Солтүстік» ӘКК тауар өн­дірушіден 5 500 мың теңгеге сатып алған 100 тонна сәбізді ірі сауда же­лілері арқылы 8 млн теңгеге са­тып жіберіп, сөйтіп, 2,5 млн тең­ге табыс көрді. Ал бұл сәбіз әу бас­та әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыруы тиіс еді ғой. Жоқ, корпорация өзінше әре­кет етті. Салдарынан 2017 жы­лы 24 қарашада тұрақтандыру қо­рын­дағы өнімдерге қолданылатын мак­сималды баға 1 кг сәбізге 150 тең­ге деп белгіленді. Осылайша, сә­біз ішкі тұтынушыларға өн­діру­шіден 37 пайызға, ал қара­ша­ның соңында 63 пайызға қым­бат бағамен сатылды. Әрине, сә­бізді жеткізу, сақтау шығындары бо­латыны белгілі, алайда оған қан­ша шығын жұмсалғанын ешкім ашық айта алмайды. Себебі көп жағ­дайда азық-түлік тауарын өн­дірушілердің өздері жеткізеді.

Руслан Асаубаевтың айтуын­­ша, Солүстік Қазақстан облысындағы азық-түлік қауіпсіздігін қамта­ма­сыз ету үшін 2011-2017 жылдары 2 млрд теңгеден астам қаржы бө­лін­­ген, соған қарамастан аграрлы об­лыс­та азық-түлік бағасы реттел­мей отыр.

– Бұл проблеманың бәрі ашық­тықтың жоқтығынан. Біздің ұйым әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнім­дерінің бағасын реттеу үшін бө­лінген қаржының тиімділігін анық­тау үшін сараптама жүргізген бо­латын. Бұл орайда 2018 жылы елі­міздегі әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­порациялардың барлығына сұра­ныс хат жөнелтілді. 16 ӘКК-нің алтауы ғана уақытында жауап берсе, жеті облыс мүлдем жауап бермеді. Үш облыс Азамат­тық кодексінің 126-бабы мен ӘКК-нің директорлар кеңесі бе­кіт­кен қызметтік және басқа да заң­мен қорғалатын коммерциялық құ­пия туралы ережені алға тартып, жауап беруден бас тартатыны тура­лы хат жолдады. Осылайша, дирек­тор­лар кеңесінің өзі ең маңызды ақ­параттың жария болғанын қа­ламады. Ал бюджеттен бөлінген қаржы туралы кез келген ақпарат жария болуы тиіс еді, – дейді ол.


Ашықтықтың жоқтығынан ха­лық та, шағын және орта бизнес өкілдері де әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының Тұрақтандыру қо­ры туралы білмейді, себебі қор туралы көп айтылмайды. Екін­шіден, корпорация азық-түлік өнім­дерін экспортқа бейімделген әрі өнімін қай нарыққа да өткізуге қауқарлы ірі өндірушілерден са­тып алады. Ал шағын және орта биз­нес өкілдері Тұрақтандыру қо­ры­ның сатып алуларына қалай қа­тысуды білмейді. Өйткені «Сол­түс­тік» ӘКК ресми сайтында он­дай маңызды ақпараттарды орна­ластырмаған.

«Ал бюджет бағдарламалары мен өңірді дамыту мәселелерін тал­қылауы тиіс қоғамдық кеңес­тер дәл осы азық-түлік қауіп­сіз­­дігі мәселесіне келгенде ке­­же­­гесі кері тартып қалады. Тал­­­қы­лауға құлықсыз» дейді Рус­лан Асаубаев. Оның пікірінше, СҚО-ның хал­қына әлеуметтік маңызы бар өнім­нің қандай кө­леміне сараптама жүр­гізілуі қажет. Сонда азық-тү­лік­тің қажетті көлемін сақтау қой­­­маларына сақтап, жыл бойы та­ратып шығуға болар еді. Әрі-бе­ріден соң, Тұрақтандыру қор­ларының әу бастағы миссиясы да сол болатын. Жалпы, мұндай проб­лема Қазақстанның өзге об­лыстарында да бар. Қажет­ті азық-түлік көлемінің нақты­лан­­бауы салдарынан пияз, құс еті, жұмыртқа, сиыр еті, сәбіз, кар­топ жеткізу көлемі 2017 жылы 2016 жылмен салыстырғанда 98-568 пайызға дейін ұлғайған. InfoEnergyprom.kz мәліметі бойынша, 2017 жылдың тамызынан 2018 жылдың тамызына дейінгі аралықта қызылша 24,1, алма 17,7, қырыққабат 14,8 пайызға, малдан өн­дірілетін азық-түлік өнімдері 12 пайызға дейін қымбаттады. Атал­ған азық-түліктерді Қазақ­стан­да өндіруге мүмкіндік мол. Алайда біз әлі күнге сырттан импорттауға бейім­біз. Бір мысал, 2018 жылдың алғашқы алты айында шетелден тасымалданған азық-түлікке жұм­салған қаржы 2 млрд АҚШ дол­ларынан асқан. 2017 жылы бұл со­ма 1 млрд 900 млн долларды құ­ра­ған екен.

Сарапшының айтуынша, Тұ­рақ­тандыру қорлары қызметінің шы­­ғыны көп. ӘКК-лерде бұл қыз­мет­тің тиімділігін арттыруға ынта да байқалмайды. Ең сорақысы, осы қызметпен елімізде өзге су­бъек­тілер айналыса алмайды. Се­бебі Агроөнеркәсіп кешені туралы заң­да Тұрақтандыру қорының опе­раторы ӘКК-лер болып бел­гіленген. Ал Тұрақтандыру қор­лары бағаны реттеу үшін бер­ген қаржыны, көп жағдайда де­позиттерде ұстауға бейіл. Тіпті, жекелеген өңірлерде депозитке са­лынған қаржы Тұрақтандыру қо­рына бөлінген қаржының 50 пайызынан асып кеткен. Ал де­биторлық қарыздың өскені сон­дай, кей өңірлерде 90 пайызға жеткен. Ең қызығы, Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі The Last Hope ұйы­мы­н­ың сұраныс хатына берген жауа­бында отандық өндірушілер әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік өнім­дерімен қамтамасыз етуді 2016-2017 жылдары 80 пайызға жет­кізді деген. Р.Асаубаев бұл цифр­­дың қандай негізі барын түсіне алмай дал.

Айтқандай, жыл басында кей­бір заңдарға Тұрақтандыру қор­ларының жұмысын жетілдіретін жаңа механизмдерді іске қосатын өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес, енді ӘКК-лер Тұрақтандыру қо­рына берілген қаржының 70 пайы­зын мақсатты жұмсауға мін­­­деттелді, яғни депозитке қор­­ға бөлінген қаржының 30 пайызына дейін ғана сала ала­ды. Сосын мемлекеттік-жеке­ше­лік әріптестік принципі енгі­зіл­ді. Бұл квазимемлекеттік ұйым­дарды жекенің қолына беруге мүм­кін­дік туғызады. Сарапшылар ке­­ліс­пейтін бір бап та енгізіліп ке­тіп­ті. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру механизмін жүзеге асыратын тип­тік ережені өңірлерде өзгерту құ­қы беріліп отыр. Бұл заңдағы тиім­ді өзгерістердің жүзеге асуына ке­дергі келтіруі әбден мүмкін екен.


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ