Доменіңіз қай тілде?

Газет мақаласы Айқын газеті №91

Ақпарат құралдарында мемлекеттік тілдің мәселесі аз жазылған жоқ.  Жиындар қашан қазақша өтеді,  қызмет көрсету орындары неге орыстілді,  латын қарпіне көшу, тіл мамандарын айтпағанда, қарапайым жұртты бейжай қалдырған емес. Тіл жанашырлары мекеме маңдайшасынан қате көрсе, дабыл қағуды әдетке айналдырды. Сол әдет мемлекеттік органдардың ресми сайттарын ашқан сайын  бой көтеретін болды. Себебі, ол сайттар­дың домен тілі әртүрлі.

Доменіңіз қай тілде?

Сайт «атауы» ала-құла

Ғаламтордан ресми сайттардың доменін іздегенде қазақша тегтерді тереміз. Ондай кезде іздеген сайт табыла бермейді. Сондықтан интер­неттің «іздеу» желісіне министрліктер­дің атауын орысша жазуға тура келеді, мұндайда қажет сайттың адресі тез табылады. Себебі, ол сайттардың домені орыс тілінде жазылған. Мәсе­лен, бұл қатарда Ішкі іштер министр­лігі (mvd.gov.kz – Ми­нистерство внутренных дел), Қаржы министрлігі (minfin.gov.kz – Министерство финансов), Мәдениет және спорт министрлігі (mks.gov.kz – Ми­нистерство культуры и спорта), Конституциялық кеңес (ksrk.gov.kz), Жоғарғы сот (sud.gov.kz), Жоғары сот кеңесі (vss.gov.kz), Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (knb.gov.kz – Комитет национальный безопасности) ресми сайттарының домендерін айтуға болады.   Мекеме атауын орысша теріп іздесеңіз табыла кететін сайттар­дың доменінің бәрі орысша десек, қателескен болар едік. Үкімет (government.kz), Ұлттық экономика ми­нистрлігі (economy.gov.kz), Сыртқы істер министрлігі (mfa.gov.kz), Қорға­ныс министрлігі (mod.gov.kz), Индус­трия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (miid.gov.kz), Білім және ғылым министрлігі (edu.gov.kz), Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (mdai.gov.kz), Ауыл шаруашылығы министрлігі (moa.gov.kz), Энергетика министрлігі (energo.gov.kz), Бас про­куратура (prokuror.gov.kz), Орта­лық сайлау комиссиясының (www.election.kz) ресми сайттары ағылшын тіліндегі доменге таңдау жасаған.

Республикалық маңызы бар қалалар мен облыс әкімдіктерінің ресми сайтының домендері, негізінен өңір атауларымен берілген. Басым бөлігінің домені қазақ тілінде екені қуантады. Сондықтан оларды санама­лап шығудың қажеті жоқ. Одан да орысша домен таңдаған Қарағанды облысы әкімдігі (karaganda-region.gov.kz) мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің (akimvko.gov.kz) ресми сайттарын мысалға алсақ дедік. Қазақ тілі мемлекеттік тіл екені тайға таңба басқандай етіп жазылған Консти­ту­ция­сы бар елдің ресми сайтының домені орыстілді болғаны, жұмсартып айтқанда, ыңғайсыз-ақ. Әйтпесе, доменін қазақша жазған ресми сайттар жоқ емес қой. Президент (akorda.kz), Парламент (parlam.kz), Денсаулық сақтау министрлігі (dsm.gov.kz), Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі (qogam.gov.kz), Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігі (enbek.gov.kz), Әділет ми­нистрлігі   (adilet.gov.kz), Бас проку­ратура (prokuror.gov.kz), Мемлекеттік қыз­мет істері және сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы күрес агенттігі (kyzmet.gov.kz), Есеп комитеті (esep.kz) ресми сайттарының домен атауы мемлекет­тік тілде жазылған. Көзге көркем, көңілге қонымды. Қай мемлекеттің министрлігі екені менмұндалап тұр.

...Бір қарағанда, бұл мән беруге тұрмайтындай көрінуі мүмкін, алайда мемлекеттік тіл тұрғысынан келгенде мәселенің өзектілігін мойындауға тура келеді.

 

Техникалық стандарт керек

Baq.kz порталының бас редакторы Ерлан Оспан мемлекеттік домендер атауының бірыңғай қазақ тілінде болмауына техникалық талаптың жоқтығы себеп деп санайды. Өйткені сайтқа тапсырыс беруші үшін сайттың көркемдігі мен жұмыс істеп тұрғаны ғана маңызды, домен тілі кейінгі орында.

– Ішкі істер министрлігінің ресми сайтын алсақ, таза техникалық мәселе дер едім. Сайтты ұлтты жек көретін адам жасады немесе жасатты деуге болмайды. Сайт жасаушы тест режи­мінде қарапайым атау қоя салады. Мысалы, маған бухгалтерия­ның сайтын жасау туралы тапсырыс берілсе, buh.kz деп жаза саламын да сайт жасауды бастап кетемін, тестік режимде іске қосып, тапсырыс беру­шіге көрсетіп отырамын. Тапсырыс беруші сайттың түсі қандай болуы керегін, қай айдардың қай жерде тұруы керегін айтады да, іске қоса бер дейді. Доменнің атауына қарамайды, домен тілі ол үшін 15-ші орындағы мәселе болуы мүмкін, – дейді ол.

Оның пікірінше, жүк көлігінің жүргізушісі халал яки харам тамақ тасып жатқанын білмейді, ол туралы ойламайды да, міндеті – тамақты жеткі­зіп беру. Сол сияқты сайт жасау­шы да сайтты жасап тапсыруды ғана ойлайды. Әрине, бұл – салғырттық араласқан шаруа. Сондықтан сайт жасауға қойылатын техникалық талап керек. Техникалық талапта сайт атауы­ның мемлекеттік тілде болуы, сайт­тың қазақ тіліндегі нұсқасы бірін­ші кезекте ашылуы керек екені нақты жазылуы қажет.

– Украинаның экс-президенті Петр Порошенко президенттік қыз­ме­тінің соңғы күндері «Украин тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызметін қамта­масыз ету туралы» заңға қол қойды. Бұл заң украин тілінің мемле­кет­т­ік билік пен жергілікті өзін-өзі басқару органдары, оқу орындары, ауруханалар мен қызмет көрсету сала­лары үшін міндетті тіл болып бел­гі­ленді. Осы заңда электронды ақпа­рат құралдары мен мемлекеттік органдар­дың ресми сайттарына арналған бап бар. Мәселен, мемлекеттік органдар мен кәсіпорындар, мемлекеттік
БАҚ-тың интернет-парақшалары украин тілінде жүргізілетіні анық жазыл­ған. Бізге де осындай талап керек шығар. Себебі, мемлекеттік органдардың рес­ми сайтына кірсеңіз, орыс тіліндегі нұсқасы бірінші ашы­ла­д­ы. Жоғарыда айтқанымдай, сайтты техникалық мамандар жасай­тын­дық­тан, олар тап­сырыс берушінің тала­бы шеңбе­рін­де ғана жұмыс істейді. Оған тапсырысты министр немесе комитет төрағасы бермейді. Комитет ішіндегі бір бас­қар­маның басшысы яки мама­ны тап­сы­рыс беруі мүмкін. Ал он­дай тап­сы­рыс берушіге сайтта ми­нистрдің бло­гы мен «Рухани жаңғы­ру» деген бел­гі тұрса болғаны. Сол себепті де рес­ми сайт жасаудың техникалық стан­­дарты керек, – дейді Ерлан Оспан.