Бренд пен тренд

Газет мақаласы "Айқын" газеті №101

Филология ғылымдарының докторы, профессор Кәкен Қамзиннің сөзі бар: «Журналистика әуел бастан – әрі теория, әрі практика, әрі педагогика, әрі басқару тетігі, әрі психология». Біз интернетке дейінгі кезеңде жоғарыдағыны мерзімді басылыммен байланыстырып келдік. Ғаламтор ғаламдық күшке айналған тұста журналистика әр қырынан дами түсті. XXI ғасыр интернет журналистиканың теория, практика, басқару тетігі, педагогика мен психологияның біте қайнаған ортасы екенін айқындап берді.

Бренд пен тренд

ХХ ғасырда мерзімді баспасөздің қатары бұқаралық ақпарат құралдарының жаңа түр­ле­рімен толықты. Радио, телевидение,
ХХ ға­сыр мен ХХІ ғасыр тоғысында интернет ба­сы­лымдар қатарға қосылды. Заманауи БАҚ күн сайын дамып келеді. Таралу аймағы, бей­несі, ақпараттың берілу форматы күн сайын жаңа жүйеге көшіп жатыр. Дегенмен га­зет-журналдар әлі күнге маңызын жойған жоқ. Әлемнің дамыған елдерінде де газет оқу трендте. Қазақтілді басылымдардың ин­тер­нетке бейімделуін тездетуге Қазнеттің көмегі көп болды. Мерзімді басылым иелері Қазнет ар­қылы газет-журналды оқуға көпшіліктің қо­лы жететінін түсінді.

Қазақстанда бүгінде 3 мыңға жуық ин­тер­нет сайты тіркелген. Оның 20-25 пайы­зы – мер­зімді басылымдардың электронды нұс­қа­сы. Қалғаны әртүрлі бағыттағы сайт­тар. Оның ішінде банк сайттары мен түрлі компания сайттары да бар.

Esquire журналының бас редакторы Дэвид Рэнглер: «Жаңа медианың аяқ алы­сы жайлы сарапшылар пікірі қызықтырады. Өзім соңынан қорытып, пікір білдіргенді ұнатамын. Жаңа медианың ерік-жігері үлкен күш құруға же­теді. Материалдар жаңа және ескі, сандық жә­не аналогтық деп сақталып қана қоймай, өр­кендей түседі. Жаңа медиа форматына бейім аудитория бар. Олар тек көбейе түседі. Бұл бәсеке­лес­тікті арттырады. Бәсекелестік бол­ған жерде, жаңа медиа қарыштап дамиды». Гэнглер сөзінің жаны бар. Қазір мерзімді басылым сайттары өзара мықтыны анық­тап жүр. Интернет сайттар болса, үздік ондыққа ену үшін барын салуда. Мысалы, Бразилия халқының саны – 190 миллион. Тони Фер­нандестің айтуынша, Бразилия халқының
55 пайызы интернетке кіреді. Оларға газет, жур­нал, бағдарлама қатарын интернеттен та­ма­шалаған тиімді. Бразилия­лықтар жаңалық пен мақаланы да интер­неттен оқығанды жөн көреді. Қазақстанда 18 миллион тұрғын бар. Ақпарат және даму министрлігінің айтуынша, халықтың 77 пайызы интернетпен қамтылған.

Әлемдік тәжірибені қарасақ, АҚШ-та 1990 жылдан бастап мерзімді басылымдар­дың са­ны азая бастады. АҚШ-та күн сайын­­ғы га­зет­тердің танымалдығы жылдан жылға төмендеп ке­леді. Танымалдық тө­мендеген сайын ба­сы­лым редакциясына тәуелсіздікті сақтау қиынға соғады. «1990 жылға Нью-Йоркте тек бес күн сайын­ғы газет қалды. Ал ХІХ ғасырдың соңында саны 18-ге жетті. 1995 жылы жалпы АҚШ-та күнделікті газет саны 1 538-ден 1 532-ге дейін азайды. Соңғы жыл­дардағы мә­лі­мет­терге сүйенсек, АҚШ-та 1 422 күн сайын­ғы газет пен 6 253 апталық газет бар.

Зерттеу мәліметіне сүйенсек, америка­лық­тар­дың 46 пайызы ғаламтордағы жаңа­лықты ап­тасына үш рет оқиды екен. Бұл ретте баспа га­зеттері мен олардың сайтын рес­пон­дент­тердің 40 пайызы қарайды. Том Розес­тилдің ай­туынша, оқырман аудито­рия­сының ин­тернет жағына ауысуы күн сайын ұлғаюда. Бұл процесс аудиторияның планшетті тез игеруі мен смартфондарды нарықта таратуға мүм­кіндік береді екен.

2018 жылы электронды БАҚ табысы өт­кен жыл­мен салыстырғанда 13,9 пайызға өсіп, 25,8 миллиард долларға жеткен. Ал ке­рі­сін­ше, газеттің жарнамадан түскен түсімі 46 пайыз­­ға төмендеп, 22,8 миллиард дол­ларды құра­­ған.

АҚШ-та күн сайын 60 миллион газет ба­сылады. Америка тұрғындары атақты газеттен гөрі, жергілікті газетке қызығушы­лық та­нытады. Штат тұрғындары үшін жаңа­лықтың бас­ты көзі – АҚШ-тың әр ай­мағында шы­ға­тын 1 749 күн сайынғы газеттер.

Ақпарат – интернет БАҚ-тың бірлігі (еди­ницасы). Адамзат дамуына үлес қосатын маңызды фактор, таусылмайтын ресурс. Мем­лекет арасындағы мәдени, материалдық, ру­хани байлықты астастыра білетін катализатор. Қай ел ақпарат ресур­сына бай, өңдей алады, әлеуеті қаншалықты деген сұрақ туады. Осын­дайда әлемдік елдер арасында екі топ бар: ақпарат өн­діруші, ақпаратты тұтынушы ел.

Ақпарат өндіруші елдер, негізінен, әлем­нің дамыған мемлекеттері. Қазақстан да­му­шы ел болғандықтан, «ақпаратты тұтынушы ел» ста­тусына ие. Бірақ соңғы 2-3 жылда ақпарат әле­міндегі еліміздің ахуалы түзеліп келеді. Ақ­параттық, таным­дық, салалық сайттар Қаз­нет дамуына үлес қосып жүр.

Сайттың құраушы бөлігі – контент. Кон­тент­ті құрайтын – ақпарат. Ақпарат дегені-
­міз – объект. Оқырман – субъект. Объект пен субъект арасындағы байланыс сайт үшін аса маңызды. Ақпарат индустрия­сының үш не­гіз­гі компоненті бар. Олар: ақ­парат кеңістігі, ақ­парат тілі, ақпарат өндірісі.

Қазақстандағы ақпарат кеңістігі әртарап­ты. Ин­тернет енді ғана тарала бастаған шақта қа­зақстандықтар көбіне форум мен блогқа көңіл бөлді. Оларға ішіндегісін шығарып, ой бө­лісер қоғамдастық қажет еді. Кейінірек «сары басылымның» жаңа­лық­тарын жағалай бастады. «Атып кетіпті, шауып кетіпті» сынды ақпараттың дәуірі жүріп тұрды. Қазір халық көбіне талдау мен сараптамалық мақаланы іздейді. Қай ақпа­раттың жалған не дұрысын ба­ғамдай алады. Сондықтан да ақпараттық-таным­дық, сараптама материал ұсынатын сайттың оқырман саны көп.

Ақпарат тілі – орыс және қазақ тілі. Әлі күн­ге біз орысша ақпараттың үстемдігімен өмір сүреміз. Өйткені іздеуші интернетте қа­зақ тілінен гөрі орыс тілінде іздесе, ақ­паратты кө­бірек алатынына сенімді. Бірақ қазір қа­зақша құнды материалдарды табуға болады. Бұл – интернеттегі қазақ тілінің ықпалын біл­діреді. Бұрын қазақша салалық сайттарды таба алмасақ, қазір күн санап көбейіп келе жа­тыр.

Ақпарат өндірісі – XXI ғасыр саудасы. Кім өнімді, жаңа форматты ақпарат бере алады – соның пайдасы көбірек. Елімізде ақ­па­рат­тық қор енді ғана құрылып келеді. Көбіне ше­тел ақпаратын қазақ тіліне аударуға бейім­біз. Ақпараттық қордың басым бөлігін BBC, CNN, Al Zhazira, Euronews сынды жетекші бас­пасөз құрал­дарынан алып жүрміз.

Қазір Қазақстан БАҚ әлемінде ірілі-ұсақты 9 000-нан астам сайт бар. Ақпарат­тық, таным­дық, саяси, экономикалық, заң, сән және аруларға арналған түрлі сайт жұмыс істейді.

Әлемде айлық қаралымы 1 миллиардтан аса­тын 40-тан астам сайт бар. Үздіктер қата­ры­на АҚШ, Еуропа, Жапония мен Ресей сайт­тары кіреді екен. Тізімге жыл сайын жаңа сайттар қосылып, интернет кеңістік одан ары дамып келеді.

Google – әлемдегі қаралымы жағынан еш­кімге дес бермейді. Оған айына 42,5 мил­лиард адам кіреді. Күніне миллиард оқырман Google-дан керегін іздейді. Google – бар әлем­ді бір интернет шаңырақ ішінде біріктіріп отыр. Одан кейін, әрине, YouTube. Айына 23,3 мил­лиард адам кіреді. Бір сеанстың орташа ұзақтығы – 21:24 минут. Адам күніне орта есеппен 2 сағатын YouTube-тан видео көруге ар­­найды екен. YouTube – заманауи интернет мә­дениеттің феномені. Үздік үштікті түйін­дейтін – Facebook. Аталған үш сайт та АҚШ-қа тиесілі. Facebook-ке айына 22,30 миллиард адам кіреді. Күніне миллиардқа жуық адам Facebook-ке ой-пікірін жазады. Қытайдың Baidu.com іздеу жүйесіне айына 10,5 миллиард адам кіреді. Сондай-ақ АҚШ-тың тағы бір іздеу жүйесі – Yahoo.com. Қызу бәсекелестікке қарамастан, Yahoo.com-ге айына 4,5 миллиард адам кіреді.

Instagram – әлемдік тренд. Бүгінде айына 2,7 миллиардты құрайтын аудиториясы бар. Twitter де айына 3,9 миллиард аудиторияны жи­нап отыр. Ресейлік vк.com-ға айына 2,4 миллиард адам кіреді. Өзімізге кеңінен таныс Wikipedia.org-тен айына 5,3 миллиард адам керегін алады. Yandex.ru айына 2,9 мил­лиард адамның іздегенін тауып береді. АҚШ-тың amazon.com доменді интернет дүкеніне айына 2,4 миллиард адам кіреді. Со­нымен бірге, Американың live.com интернет және телекоммуникация сайтына 2,5 мил­лиард адам кіреді. Қытайлық QQ.com жаңа­лық­тар сайтының айлық оқырман саны – 1,9 мил­лиард.

Opera Mini Еуропа халқы қызығатын сайт пен тақырыпқа зерттеу жүргізді. Зерт­теуге Еуропаның 35 елі қатысты. «Жаңа­лықтар мен ойын-сауық» бағыты 35 елдің 23-інде 1-орын­да тұр. Испания мен Ру­мыния тұрғындары кө­бінесе спорт жаңа­лықтарын оқығанды жөн кө­реді. Зерттеу нәтижесінде, аталған елдерде спорттық басылымдар 1-орында. Кипрде топ-10 сайттың 5-еуі спорт тақырыбында ақпарат та­ратады. Шығыс Еуропада халық көбіне та­нымдық сайттарды жөн көреді. Соның ішін­де Болгария, Польша, Словакияда ба­сым­дық білім беру сайттарына берілген. Фран­ция, Италия, Бельгия, Македония, Авст­рия тұрғындары ауа райы болжамын жа­сайтын сайтқа жиі кіреді екен. Дания, Шве­ция, Исландия мен Норвегияда жаңа­лық тарататын сайттар жетекші орында.

HowStuffWorks – АҚШ-тағы жетекші ғы­лыми сайт. Оқырман саны 20 мен 40 мил­лион шамасында. Ғылым, технология, білім жаңалықтарын уақытылы жариялап тұрады. NASA – адамзаттың космос туралы таным-тү­сі­нігін кеңейтіп жүрген сайт. АҚШ-тың ұлт­тық космос агенттігін айына 12 миллион адам оқи­ды. Discovery – та­нымдық сайттардың ішіндегі басымдыққа иесі. Айына сайтқа 6,5 миллион адам кіреді. Discovery үздік ғылыми-та­ным­дық сайттар­дың үздік үштігіне кіреді.

XXІ ғасыр журналистикасы – ой еңбе­гімен қатар технологияға жүгінеді. Әлеу­мет­тік желіні үнемі қолданатын ортада өтімділікті ойлау маңызды. Газеттің әр са­нын жібермей оқитын оқырманға да, сайт­тағы материалды оқуды жеңіл санайтын адамға да керегі – ақпарат. Ал қай жанрда ақпарат білгісі келе­тінін оқырман өзі шешеді. Заманауи журна­листикадағы жаңа технологиялар арқылы БАҚ-тың қанша­лықты бәсекеге қабілетті екенін байқаймыз. Бұл – заманауи журна­лис­тика белгілеген стандарт. Жаңа технология төңіре­гіндегі мәселе мен мүмкіндік ұғымы бір арнада тоғысады.

Қазір журналистика стандарттары күн са­нап өзгеріп жатыр. Журналистика тен­ден­циялары, бренд пен тренд түрлері кө­беюде. Қазіргі журналистика сипатына қарасақ, келешекте видеоконтентті электронды БАҚ құралдары көбейетін тәрізді. Cisco мәліметі бойынша, 90 пайыз видеоконттенттен тұра­тын журналистика дәуірі басталмақ. Бұл үрдіс 2020 жылға дейін орын алады екен. Nelson ста­тисти­ка­сына қарасақ, 16-34 жас аралығын­дағы интернет қолданушылардың апта ішінде видео қарау ұзақтығы 30 сағатты құраған. Те­ле­дидар қарау ұзақтығы 21 сағатқа қыс­қар­ған.

Ақпарат және қоғамдық даму министр­лігі 2,5 млн халық интернетпен қам­тамасыз еті­ліп, 2021 жылға қарай барлық елдіме­кенде ин­тернет орнатылады деп хабарлады. Яғни, қа­зақтілді аудиторияның қатары көбейеді. Демек, қазақтілді кон­тенттің сапасын көтеріп, ақ­параттық-танымдық порталдар мен сала­лық сайттар жаңа технологияны меңгеруге асығуы керек.

Сарапшылардың болжауынша, бола­шақта Қазнетте салалық сайттар мен интерактивті дүние көбейеді. Осыдан Қазнеттегі алғашқы мә­селе белгілі болады. Ол – қазақтілді сайт­тар­дың ойын-сауық бағытындағы материалды көп беруі. Мұ­нымен Қазнет дамымайды. Қайта бірегей­лігін жоғалтады. Шетелде сары басылым ақпаратын тарататын газет-журнал, интернет басылымдарына таблоид деп атау беріп, маңыздылардың қатарына қоспайды. Әлі де кофе ішіп отырып USA Today ма­териалдарын талқылайтын оқырман бар. Бірақ олар да электронды форматқа көш­кен. Не­міс, жапон ғалымдары дүниежүзі халық­тарының интеллект деңгейін тексер­генде интернетте іздейтін материал тақы­рыптарын да назарға алады екен. Қоры­т­ынды – сары басылым ақпаратын оқитын емес, экономика жаңалығына бас қатырып, саяси терминдерді ажырата білетін ауди­тория тәрбиелеу.

Қазнеттің қазақтілді бөлігіне әлі күнге зерт­теу, шолу, сараптама жанрындағы мате­риалдар жетіспейді. Шетел long read фор­матынан басқасына көшуді бастаса, біздегі электронды БАҚ енді ғана аталған форматта жазуды қолға алды. Мультиме­диалық құрал­дар қолданатын материал, инфографикаға құрылған материалды белгілі бір сайттардан ғана көреміз. Әмбебап журналист тәр­бие­лейміз деп жү­ріп, салалық даму артта қалды. Болашақта АҚШ университеттеріндегідей 4 жыл арнайы салада білім алып, содан кейін журналистік курс оқу арқылы салалық жур­налистер қатары көбейетін болар.

Қорыта айтқанда, заманауи журналисти­ка­дағы жаңа технологиялар – адамзат ақыл-ойы­ның жемісі. Мүмкіндік пен мә­селені туды­ратын – аудитория. Аудитория­ны тәр­биелейтін – сапалы контент. Кон­тентті қа­лып­тастыратын – журналист. Аталған за­манауи журналистиканың төрт тағаны қал­пын бұзбаса, жаңа технологиялар дәуірінде алға жылжу орын алады. Бұл – тек Қазнетке қатысты емес, әлемдік БАҚ-қа да қатысты кон­цепция. Жаңа технологиямен бірге жур­налистикада жаңа жанрлар пайда болады. Жаңа форматты БАҚ пен аудито­рияға икем­деу – журналист пен платфор­маға бай­ла­нысты. Сондықтан ХХІ ғасыр журналисінің мін­деті – мәселені шешіп, технология мүм­кіндігін пайдалану арқылы заманауи жур­налистиканы жоғары деңгейге көтеру.


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ