Көп полицейдің керегі не?

Газет мақаласы "Айқын" газеті №118

Өткен жылдың соңында, нақты айтқанда 25 жел­тоқсанда Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі полиция қызметкерлерінің жоспардан тыс аттестациясы өткізілетінін мәлімдеген еді. Сонау 1998 жылы құрылғалы бері жиырма жылдан астам уақыт өтті. Енді алдағы үш жылда ішкі істер органдарының реформалары ішіндегі ең көлемдісі жасалуы тиіс. Жыл өткен сайын күрт көбейіп жатқан полицейлердің керегі қанша? Жаңа реформадан кейін саны азайып, сапасы көтерілуі мүмкін бе?

Көп полицейдің керегі не?

2019-2021 жылдарға арналған жоспарда бәрі жан-жақты қам­тылып, түрлі өзгерістер енгізіледі деп күтіп отырмыз. Киім киісінен бастап, жалақысы, әлеуметтік пакеті, қызмет талаптары – бәрі ауысады-мыс. Қоғамдағы ты­ныштыққа жауапты тұлғалардың ел ішіндегі беделін көтеру үшін полиция қызметкерінің ұлттық стандарты да жасалады деседі. Қызметкерлердің қаншалықты талапқа сай екенін тексеруге берілген уақыт бір ай бұрын бітті. Сол кездегі Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасы бойынша, ке­зектен тыс тексеріс 1 шілдеге дейін өткізілуі тиіс еді. Ішкі істер министрлігіне берілген жарты­жылдық кампанияның нәтижесі енді белгілі болады.

Әлқисса, қоғамда қаптаған полицейдің керегі не деген түсінік қалыптасқан. Нақты сандар белгілі болмаса да, жұрт олардың санын «ойша» санап тастағандай еді. Кейбірі кадр жетіспейтін өзге әлеуметтік салаларға маман тар­туды ұсынады. Өйткені бір ка­бинетте, бір ғана дәрігердің ал­дына баруға бір күнін шығын­дағанда полиция қызмет­кер­лерінен гөрі дәрігерлердің санын арттырған жақсы деп жатады. Бұл сөздің жаны бар. Естеріңізде болса, Парламент Сенатындағы тыңдаулардың бірінде Ішкі істер министрлігінің бұрынғы бас­шысы Қалмұханбет Қасымов 100 мың қазақстандыққа шақ­қанда 471 полиция қызметкерінен келетінін айтқан болатын. Өзге елдердегі көрсеткіштермен са­лыс­тырсақ, ТМД елдерінің ішін­де біз үшінші орындамыз. Көш басында 521 қызметкермен – Украина, 517 қызметкермен Ресей тұр. Қазақстаннан кейінгі орындарда Молдова (440) мен Беларусь (405) тұр.

Әлемнің басқа да елдеріне кел­сек, 2016 жылғы статистика­лық деректер бойынша Черногорияда – 635, Францияда – 326, Ұлы­британияда – 305, Германияда – 297, АҚШ-та – 292, Швейцарияда 221 қызметкерден келеді екен. Ең төмен көрсеткішке Финляндия ие. Ол жақта 100 мың адамға – 137 қызметкерден. Негізі БҰҰ мен Еуропалық институттың бірлесіп жасаған зерттеуінің нә­тижесінде, әлемде орта есеппен 100 мың адамға 300 полиция қызмет­керінен келеді. Дегенмен халық саны мен аумағына қарай, бұл шама бірде жоғары, бірде төмен. Аймақтар бойынша статисти­ка­лық мәліметтерге келсек, Шығыс және Оңтүстік-шығыс Еуропада – 390, Орталық Азияда – 327, Батыс және Орталық Еуропада – 311, Шығыс және Оңтүстік-шығыс Азияда – 300, Латын Америкасы мен Кариб елдерінде – 283, Канада мен АҚШ-та – 207, Оңтүстік Азияда – 202 және Африкада 187 қызмет­керден келетіні белгілі болып отыр. 2019 жылы жаса­ла­тын оңтайландыру шараларынан соң еліміздегі көрсеткіш 471-ден 424-ке азаюы мүмкін.

Ішкі істер органдарының штаты бүгінде 86 мың адамнан асқан. Бұл шама жыл сайын өзгеріп отырады. Соның ішінде аттестация кезінде жиі құбылады. Соңғы тексеріс осыдан 4 жыл бұрын, 2015 жылы өткізілді. Оның алдындағы 2012 жылы жүр­гізілген. Ол кезде аталған проце­дураға 75 мың қызметкер қаты­сып, нәтижесінде, 4 мыңға жуығы жұмыстан босатылған болатын. Енді бір бөлігінің лауызымы төмендеді. ІІМ мәліметіне сүйенсек, полиция қызмет­кер­лерінің 85 пайызы негізгі талапқа сай болыпты. Бір қызығы, кезек­тен тыс, жоспарда жоқ аттеста­циялау жұмыстары нәтижелірек. Денешынықтыру, заң білу, пси­хологиялық тексеріс, ату сынды түрлі нормативтер тапсырылады. 2014 жылы мұндай сынақ әр үш жыл сайын өткізіліп тұрады деген шешім қабылданған еді. Бірақ былтыр аттестациялау жұмыстары жүргізілмеді.

Ішкі істер органдарын модер­ни­за­циялаудың 2019-2021 жыл­дарға арналған жобасын сала министрлігі қоғам талқысына көктемде ұсынған болатын. Соған сәйкес, штат саны 10 592 жұ­мыс орнына немесе 10,1 па­йыз­­ға қысқаруы тиіс. Қыз­мет­кер­лер саны тек азаматтық қор­ғаныс және Ұлттық гвардия және госпитальдар органдарында ғана өзгеріс қалады. Ведомство­ның мәлімдеуінше, бұл жобаны жүзеге асыру үшін мемлекеттік бюд­жет­тен қосымша қаржылай шығын қажет болмайды. Қыс­қартыл­ған­дардың қаражаты аттестациядан өткен қызмет­керлердің айлық­тарын көтеруге бағытталады.

Ақпанның соңында министр Ерлан Тұрғымбаев Ішкі істер министрлігі бірінші кезектегі маңызды шараларды атқаруға күш салынатынын айтқан бола­тын. Оның мәлімдеуінше, әзірге жаңа форма енгізуге қатысты асығыстық жоқ. Одан гөрі маңы­зы жоғары дүние – аттестациялау және штатты қысқарту. «Бүгінде форманы өзгерту шарасын кейінге қалдырып отырмыз. Қазіргі міндетіміз – аттестация өткізу. Соның нәтижесінде қыс­қарған қызметкерлер есебінен жалақыны көбейту. Киім мәселесі осыдан кейін барып қолға алы­нады. Өйткені бірінші кезекте полиция қызметкерінің бейнесі маңыздырақ» деген болатын Тұрғымбаев.


Айша ЕРСҰЛТАН