Бұрынғы сауда көнерді, жасаймыз қалай төлемді?

Газет мақаласы "Айқын" газеті №119

Бүгіндері базарлар мен дүкендерде, көше бойындағы көкөніс дүңгіршектерінде смартфонмен онлайн төлем жасау әдетке айналды.

Бұрынғы сауда көнерді,  жасаймыз қалай төлемді?

 Сатушының банк картасына ұялы телефон номері арқылы төлем жасау – сатушы мен тұтынушы үшін тиімді-ақ тәсіл. Банкоматтан ақша алып әуре болмайсыз, банк картасын көтеріп жүру де шарт емес. Дәл осы төлем жүйесінде басқа банктерге қарағанда Kaspi Вank-тің жұлдызы жанып тұр. Тіпті соңғы кезде адамның өркениеттілігін Kaspi Gold картасының бар-жоғымен өлшейтін болдық. Смартфонына Kaspi қосымшасын орнатпаған адам – «өмір көшінен қалған адам». Әрине, қай бизнестің де мақ­саты – пайда табу. Осы тұрғыдан қарағанда, сатушыларды онлайн төлем үшін жазғыра алмайсыз. Ал мәселенің екінші жағына үңілгенде төлемнің дәл осы тү­рінен бюджетке салық түс­пей­тінін көреміз. Бұл тәсіл са­ту­шының яки кәсіпкердің са­лық­тан жалтаруына зор мүм­кіндік беріп тұр. Бюджеттің кіріс бө­лігіндегі түсімдер азайса, елдің әлеуметтік-экономикалық ахуа­лына кері ықпал етеді. Себебі, республикалық бюджеттің үш­тен бір бөлігі әлеуметтік мақсат­тарға жұмсалады. Олай болса, қайтпек керек? Салық түсімінің азаюын болдырмау үшін қандай амал қажет? Біз бұл сауалды Қар­жы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне жолдадық.

– Сатып алушы төлемді қан­дай жолмен жасайтынын таң­дау­ға құқылы. Ең бастысы – сатып алушы төлем жасау кезінде өзі­нің азаматтық міндеттерін ұмыт­паса болғаны – ол сатушыдан фискалды чек талап етуі керек. Чек талап етпесе, оның төлеген ақшасынан салық төленбейтінін түйсінуі қажет. Сатушы смарт­фон арқылы төлем жасауға мүм­кіндік беру арқылы сатып алу­шыға тиімді жағдай жасап отыр, бұл – сервис. Ал сатып алушыға мына сервисті (онлайн төлем) пайдалана алмайсыз дей алмай­мыз. Сол сияқты сатушыға да онлайн төлеммен ақша алма деуге құқымыз жоқ. Бар болғаны, сатушы чек беруді білсін, әдейі бермесе немесе ұмытып кетсе, сатып алушы чек беруді талап етсін. Сонда сатушы өзінің салық режимі бойынша салығын төлейді. Егер сатушы чек беруден бас тартса, сатып алушы құзырлы орынға шағым түсірсін. Ары қарай ол дүкенге тексеру бас­талады, – дейді Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі Әлібек Әбділов.

Смартфондағы Kaspi қо­сымшасы арқылы төлем жасау, әсіресе киім-кешек базарла­рын­да кең етек жайған. Жасыратыны жоқ, базар сатушылары чек беруге құлықсыз болып келеді. Сондықтан сатып алушы құқын талап етсін.

Әлібек Әбділовтің айтуынша, кез келген базар әкімшілігі ба­зардағы сауда нүктесін кассалық аппараты бар кәсіпкерге ғана беруі тиіс. Ал кассалық аппараты бар кәсіпкер төлемді қай тә­сілмен жасасаңыз да, чек беруге міндетті.

– Сатушы мен сатып алу­шының чек беру мен алудағы жа­уапсыздығы салдарынан бюд­жетте салық дефициті болуы әбден мүмкін. Бұған жол бермес үшін әр адам жауапкершілігін түсінуі тиіс. Бұл бағытта өз тара­пымыздан түрлі іс-шаралар ұйым­дастырып келеміз. Мәсе­лен, жыл сайын азаматтардан чек талап етуге ынталандыру үшін «Чек талап ет те, жүлде ұтып ал» акциясын ұйым­дасты­рамыз. Мысалы, биыл мамыр мен тамыз аралығында өтіп жатқан акцияға қатысушылар үшін 100 айфон телефоны ойна­тылып жатыр. Чек өткізіп, акция­ға қатысып, телефон ұтып жатқандар бар, – дейді ол.

Комитеттің ресми өкілі алда­ғы жылы еліміздегі кәсіпкерлік субъектінің барлығы онлайн-касса аппараттарына көшетінін айтады. Сол кезде сатушының салықтық есебін күтпей-ақ оның кіріс-шығысын онлайн бақы­лауға мүм­кіндік туады дейді. Біздіңше, бұл смартфондағы банк қосымшасы арқылы төлем қабылдап, салық­тан жалтарып отырған кәсіп­кер­лерді тәубесіне түсіре қой­май­тын сияқты. Десе де, уақыт – төреші.

Мұны тоқтатудың бір ғана жолы бар – ол адамдардың азаматтық ұстанымы, чек талап етудегі ерік-жігері. Төлемді қалай алса­ңыз да, өзіңіз біліңіз, маған чек беріңіз дейтін деңгейге жетсек, кәсіпкер салықтан жалтара ал­майды. Ол үшін, әрине, халық­тың менталитеті өзгеруі керек. 

Қалай десек те, халықтың қаржылық сауатын арттыру мәселесі тағы да алдымыздан шығып отыр. Zertteu институты қоғамдық қорының бюджет са­рапшысы Ғалымжан Оразымбет те смартфон арқылы сатушының жеке картасына төлем аудару – бюджет түсімдеріне елеулі әсер ететінін айтады.

– Себебі, сатушы мен тұты­нушының жеке карталарындағы сату, сатып алу транзакцияларын бақылай алмаймыз, кез келген картаға аударылған аударым­дардың мақсатын білмейміз. Демек, смартфон арқылы төлем жасаушылардың саны 10 мың болсын, 100 мың болсын, бұл тәсілмен сауда қаншалықты көп жасалса, бюджет соншалықты салықтан айырылып отыр. Мұны тоқтатудың бір ғана жолы бар – ол адамдардың азаматтық ұстанымы, чек талап етудегі ерік-жігері. Төлемді қалай алса­ңыз да, өзіңіз біліңіз, маған чек беріңіз дейтін деңгейге жетсек, кәсіпкер салықтан жалтара ал­майды. Ол үшін, әрине, халық­тың менталитеті өзгеруі керек. Талапшылдық маңызды рөл ой­найды, – дейді ол.

Жалпы, бұл мәселе соңғы уа­қытта әлеуметтік желіде де тал­қы­лана бастады және мұны көзі ашық кәсіпкерлердің өзі көтеріп отыр. Жеке кәсіпкерді салық төлеуден жалтармай­тын­дай етудің амал-шарғысын ұсы­нып жатқандар да бар. Мысалы, Kaspi Вank Kaspi Gold Business сияқты қосымша жасап, төлем үшін берілетін бонусты салыққа қосса, мысалы 3 пайыз салықтың 1 пайызын бонуспен жауып берсе, кәсіпкердің бәрі осы жү­йеге көшер еді дейді. Алайда Ға­лымжан Оразымбеттің пікі­рінше, мұндай түрлі-түрлі он қосымша жасауға да, бір ғана карта қолдануды талап етуге де болады, бірақ кәсіпкер салық­тан жалтарудың басқа жолын табады.

Есте болса, келер жылы Қа­зақ­стан халқы жалпыға ортақ декларация тапсыруға көшуі тиіс болатын. Алайда түрлі себеп­терден кейін биыл декларация­лауға кезең-кезеңмен көшу ту­ралы шешім қабылданды. Мә­селен, 2021 жылдың 1 қаңтары­нан бастап – жалпыға ортақ декларация аясында жауапты мемлекеттік қызмет атқаратын қазақстандықтар және олардың жұбайлары; мемлекеттік функ­цияларды орындауға уәкілетті адамдар мен олардың жұбай­лары; мемлекеттік функция­ларды орындауға уәкілетті адам­дарға теңестірілген тұлғалар және олардың жұбайлары; «Қа­зақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына және «Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл ту­ралы», «Қазақстан Республи­ка­сын­дағы банктер және банк қыз­меті туралы», «Сақтандыру қыз­меті туралы», «Құнды қағаз­дар нарығы туралы» заңға сәйкес декларация тапсыру жөнінде міндеттеме жүктелген тұлғалар декларация тапсырады. Екінші кезеңде – 2023 жылдың 1 қаңта­рынан бастап мемлекеттік ме­кеме қызметкерлері мен олардың жұбайлары, квазимемлекеттік сектор субъектілері қызмет­кер­лері мен олардың жұбайлары үшін декларация толтыру қа­растырылды. Үшінші кезең 2024 жыл­дың 1 қаңтарынан бас­талады: заңды тұлғалардың бас­шылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайларына, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайларына декларация енгі­зіледі. 2025 жылдың 1 қаңтары­нан бастап азаматтардың қалған санаттары үшін декларация ен­г­і­зіледі. Бұл барлық қазақстан­дық үшін міндетті декларация. Сарапшылар пікірінше, салық төлеуге құлықсыз кәсіпкерлерді осы декларация тәртіпке салуы мүмкін.

– Онда да декларацияны ­тап­сыру тетіктерінің қалай жа­сала­тыны маңызды. Украина мысалын айтсам, ол елде кіріс декларациясы мен шы­ғыс дек­ларациясын тапсыру­дың тиімді тетіктері жасалған. Декларация тапсырушының кіріс пен шығы­сының айырмасы сарапталады. Сондықтан декла­рациядан үміт күтуге болады. Алайда оған дейін әлі бес жыл бар. Ал бес жылда қанша салық­тан айырылып қа­латынымыз белгісіз. Сол себепті, бюджет тү­сімі азаймауы үшін қазақстан­дықтар төлем жасаған соң чек талап етуді әдетке айнал­дыруы тиіс. Дәл қазіргі уақытта бұдан өзге жол жоқ, – дейді бюд­жет сарапшысы.


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ