Каршеринг қолданып жүрсіз бе?

Газет мақаласы "Айқын" газеті №121

Алматыда каршеринг қызметінің іске қосылғанына жылға жуық уақыт болып қалды.

Каршеринг қолданып жүрсіз бе?

Былтыр қазан айында Anytime өз жұмысын бастаған болатын. Бұл дегеніңіз – қаланың кез келген нүктесінен табыла кететін, ақысын төлеп тізгіндеуге болатын көліктер қызметі. Яғни, минутына бекітілген тариф құнын төлеп қалаған жеріңізге бара аласыз. Таксиге ақша шығындағанға қарағанда каршеринг қызметін тұтыну әлдеқайда тиімді дейді білетіндер.

50 мың адам қолданады

Каршеринг сөзі – көлікті жалға алып мі­ну деген ұғымды білдіреді. Бұл ұғым Еу­ропа елдеріне аса таңсық емес. Мұн­дай тәжірибені Қазақстан Орта Азияда бірінші болып енгізіп отыр. Сервис қазіргі таңда Ресейдің бірнеше қаласында, Швейцария, Италия, Румыния, Армения, Белорусия сияқты бірқатар елдерде кең қолданысқа ие. Біздің елде де Volkswagen Polo маркалы 100 көлік жолға шыққан. Әр минутының құны – 19 теңге. Әри­не, компания ұсынып отырған түрлі та­­рифтер бар. Сонымен қа­тар ақылы ав­тотұраққа, сақтандыруға, тех­никалық қыз­мет көрсетуге және көлік та­залығына Anytime тікелей өзі жауап береді. Олар ұсын­ған дерек бойынша, қа­зір бұл қыз­мет­ті шаһарда 50 мыңдай адам қол­данады. Рас, жеке көлігі болғанын әр­кім арман­дай­ды. Бірақ оның да маша­қаты өз алды­на бір төбе. Жуып-тазалау, күтіп-баптау, қа­жет­ті техникалық жабдық­тарын ауыс­тыру сияқты толып жатқан міндеттемелері же­терлік. Ал каршерингті мінер болсаңыз, мұ­ның бірде-біріне бас ауыртпайсыз. Тағы бір көлікті жалға беру қыз­метін ұсы­натын DosCar компа­ния­сының басшысы Асылбек Есеновтің айтуын­ша, Anytime кө­ліктеріне қатысты проблемалар да бар­шылық.

– Иә, бұл көліктерге кез келген жер­ден отырып, кез келген нүктеге тастап ке­ту­ге болады. Бірақ іздеген кезде олар үне­мі жақын маңнан табыла бермейді. Сондай-ақ бос автотұрақ орынын да іздеу керек. Әсіресе, күндіз қала ортасынан бос орын табу мүмкін емес. Бағалары да әрқилы. Мәселен, үй мен жұмыстың ара­сы – 9 шақырым. Әл-Фараби даңғылымен жүру тиімдірек. Эконом-класс таксилер уақытына байланысты 790-990 теңге ара­лығында болады. Күндіз аталған қашық­тық кем дегенде 30-35 минутты алады. Anytime қызметі де күндіз шамамен 800 теңгеге жуықтайды. Бірақ кешкі уақытта қайтар кезде құн шарықтап кетеді: 1 760 теңге. Яғни, бұл қызмет көлік кептелісі кезінде тиімсіз, – дейді ол.

Мұны компания өкілдері де жоққа шы­ғар­майды. «Әр жағдайды жеке қарас­тыру керек. Мысалы, Назарбаев – әл-Фа­раби қиылысынан Ақсай-3 ықшамауда­ны­на дейін таксимен жету 1 350 теңге бо­лады. Ал каршеринг арқылы таңғы уа­қытта 400 теңгеге жетуге болады. Күндіз – 800 теңге. Ал кешкі кептеліс кезінде ба­ға­ның 1 500, тіпті 2 000 теңгеге дейін жетуі қалыпты құбылыс» дейді олар.

Бұдан шығатын қорытынды – егер каршерингті үй мен жұмыс арасында қол­дансаңыз ғана тиімді болмақ. Ал егер бірнеше нысанға соғып, біраз шаруаның ба­сын қайырмақ болсаңыз, онда өз көлі­гіңіз ыңғайлы.

 

Артықшылығы – қолжетімді баға

Бұл қызметті бір емес бірне­ше рет пайдаланған, артық-кем тұстарын саралаған қала тұрғын­дары түрлі пікір айтады. Бірі мақ­таса, екіншісі оған қайшы көз­қарасын жеткізеді. Ұлан Хан­гелдінің айтуынша, көлікті кез келген жерге қалдыру – кар­ше­ринг қызметінің басты кемшілігі.

– Бізде көпшілік адам өзінен кейінгі клиентке бас қатыр­май­ды. Менен кейін «күл болмаса бүл болсын» деген ішкі ұста­ным­дары бар. Менталитет сондай. Көлікті қолжетімсіз алыс нүк­телерге, шлагбаумның ішіне қал­дырып кеткен жағдайлар көп кездесті. Әрине, одан соң көлікті табу қиынға түседі. Сенің алдың­дағы клиент ол көлікті өзі тұра­тын аулаға кіргізіп қойса, онда оны табу үшін біраз уақытыңды сарп етесің. Осы жағына ком­па­ния баса көңіл аударуы керек, – дейді ол.

Ал Владимир есімді желі қол­данушысы «Anytime – әлі шикі жоба» деген пікірмен келіс­пейді. «Алғаш рет «Ала­тау» метро бе­кетінің қасынан көріп, жалға алдым. Екі күн бұ­рын тіркелгем. Ол процесс екі сағаттай уақыт алды. Қала ішінде ешқандай кептеліссіз жұмысқа дейін 13 минутта жеттім. База­лық тариф бойынша осы үшін 572 теңге төледім. Салоны таза. Жүрісі жақсы. Менің көңілім толады» деп жазба қалдырыпты. Ал Серік есімді қолданушы болса «Жобаның әлі де жетіл­діретін тұстары бар. Компания оның бәрін біртіндеп қолға ала­ды деп ойлаймын. Артықшылы­ғы – қолжетімді баға, қызық акциялар, жеңілдіктер, жаңа кө­ліктер және керемет сервис. Ал кемшілігі – мобильді қо­сым­ша кейде істемей қалады. Бұл уақыт тұрғысынан кедергі», – дейді ол.

Қаланың кей тұрғындары­ның көлікке жауапкершілікпен қарамайтыны рас. Минуттық жалға алуға арналған қызметті сағаттап, тіпті тәулік бойы пай­даланатындар да бар екен. «Бір жолы клиенттің көлікті жалға алып, онымен базарға барып, толтырып жүк тиеп, сағаттап жоғалып кеткені бар. Бұл үшін келісімшартта арнайы айыппұл жазылғанына қарамастан, біз клиентке ауызша ескерту жа­садық. Бірде клиент көлікті «күту» режиміне қойып, ұмытып кеткен. Ол үшін 50 мың теңге айыппұл төлеуі керек еді. Алайда біз мәселені қарап, клиент үшін тәуліктік пакетті қалпына кел­тір­дік. Сөйтіп, қарызын кеш­тік», – дейді компания.

 

Алматы – Anytime іске қосылған 13-қала атан­ды. Жалпы, сіздің елге осы жоба үшін 30 млн доллар инвестиция салынды. Биыл көлік санын 500-ге жеткізу ойда бар. Ал 2021 жылға таман паркте 1,5 мың автомобиль болады деп жос­парлануда.


Алматы – Anytime қосылған 13 қала

Каршеринг көліктерді тізгін­деп, жол апатына ұшыраған жағ­дайлар да жиі кездесті. Был­тыр­дан бері бірнеше жағдай тір­келген. Соларға қысқаша шолу жасап өтелік. Осы жақында ғана Алматы – Қапшағай тасжо­лының бойында Volkswagen Multivan және Volkswagen Polo (каршеринг) көліктері соқты­ғы­сып, Polo-да отырған әйел адам көз жұмған. Одан өзге екі әйел адам, бір ер адам зардап шеккен.

2018 жылдың қазан айында жасөспірімдер Anytime көлігіне вандалдық шабуыл жасаған. Кадрдан көрінгендей олар кө­лікті Сайран көлінің жағасынан алып шықпақ болады. Олардың бірі тіпті көлік капотына мініп алған. Кейін компания көлікті жалға алған азаматтың айыппұл мен жауапкершіліктен жалтара алмайтынын мәлімдеді. Транс­портты қолды қылуға әрекет­тенген жас жігіт көлікті өзге адамның мәліметін пайдаланып жалға алыпты.

Тағы да былтыр, қараша айында каршеринг көлігі Жан­сүгіров пен Ақпаев көшелерінің қиылысында жол-көлік оқиға­сына тап болды. Ақпаев көше­сімен батыс бағытта кетіп бара жатқан Polo Жансүгіров көше­сімен қиылыста Toyota Corolla көлігіне жол бермеген. Toyota жүргізушісі жағдайды бақылап үлгере алмай, каршеринг кө­лігін қапталынан соққан. Қат­ты соқ­қыдан Polo жолдың қар­сы бетіне өтіп кеткен. Оқиғадан бес адам зардап шеккен. Оның ішінде каршеринг жүргізушісі де бар.

2019 жылы ақпан айында Жандосов пен Шәймерденов көшелері қиылысында жаяу жүр­гіншілер жолағында аялда­ған каршеринг көлігін жылдам­ды­ғын тежей алмаған Toyota Camry келіп соққан. Компания иелерінің айтуынша, Anytime көліктері аптасына 1-2 мәрте жол-көлік оқиғасына ұшырайды екен.

– Әлбетте, бәрі бірдей ауыр жол апаттары емес. Жай соғып өткен, сырып кеткен жағдайлар да есепке алынады. Ондай кезде біз көлікті дереу қалыпқа кел­тіреміз. Қандай жағдай болма­сын, клиент төлейтін айыппұл мөлшері – 100-200 мың теңге аралығында. Каршеринг қаты­суымен болған жол апаттарына статистикалық талдау жасаған соң барып біз төленуі керек шығын көлемін есептеп шыға­рамыз. Ал егер көлік иесі мас күйде болса, көлік тізгінін басқа адамға беріп апатқа ұшыраса онда жағдай жеке қарасты­ры­лады, – дейді компания өкілі.

Көлікті жалға алар сәтте клиент жасының 21-ден асқаны, екі жылдан астам көлік жүргізу тәжірибесінің бар-жоқ екені қа­таң тексеріледі. «Кейбір клиент­­теріміздің жауапсыз­дығына қарамастан, өз серви­сі­мізді да­мыта береміз. Қазақ­стан­дықтар біртіндеп жобаға үйре­ні­седі деген үміт басым. Алматы – Anytime іске қосылған 13-қала атан­ды. Жалпы, сіздің елге осы жоба үшін 30 млн доллар инвестиция салынды. Биыл көлік санын 500-ге жеткізу ойда бар. Ал 2021 жылға таман паркте 1,5 мың автомобиль болады деп жос­парлануда», – дейді компания басшылығы.

 

Өте үнемді көлік

Каршеринг қызметін пай­даланар алдында көлік нөмірін арнайы мобильді қосымша ар­қылы смартфон камерасына түсіресіз. Содан кейін оның есігі ашылып, сізге рұқсат етіледі. Алғашқы 20 минут тегін. Көлік тізгініне отырғаннан кейін ке­лесі талаптар қатаң сақталуы тиіс:

• Жылдамдықты асырмау;

• Компания қызмет көрсе­тетін аумақтан тысқары шықпау;

• Рұқсат етілген орынға ғана көлікті қою;

• Көлік ішіндегі құжаттарға тиіспеу;

• Оқыс жағдай кезінде операторға хабарласу.

Ал неліктен каршеринг қыз­меті үшін Volkswagen Polo көлігі таңдап алынды. Біз бұл сауалды да компанияға қойдық.

– Бұл автомобиль бірнеше маңызды фактор бойынша таң­дап алынды. Біріншіден, кө­ліктің техникалық жабдықталуы жайлы жүріс үшін өте қолайлы. Екіншіден, өте үнемді көлік әрі габаритті емес. Қозғалысы өте күрделі Алматы сияқты қала ішін­­де жүруге, қозғалуға ың­ғайлы. Осы көлікті таңдау арқы­лы клиенттеріміздің уақытты тиімді басқаруына әсер еткіміз келеді, – дейді маркетинг де­партаментінің директоры Бота Мұсатаева.

 

Түйін:

Каршеринг пайдаланып жүрген таныстардың айтуынша, салон ішінен темекі қалдықтары мен бос бөтелкелер де табылған. Лас күйінде тұрақта тұрған көліктер де аз кездеспеген. Осыны естіп отырып бірер жыл бұрын біздің нарыққа келген, бірақ келуінен кетуі тез болған қытайлық ofo велосипедтері еске түсті. Қазір сары түсті сол велосипедтерді қаладан көрмейміз. Оған қатысты да түрлі оқиға болған. Бекітілген аймақтан тыс мініп кеткені былай тұрсын, өз ауласына шегендеп бекітіп қойған, пәтеріне біржола кіргізіп алғандар да кездескен. Мұны айтасыз, екі дөңгелекті көлікті сатып жібергендер де бар. Ал Anytime мұндай келеңсіздікпен күресе ме, әлде Алатау бөктерінен Еуропаға қайта көш түзей ме, оны уақыт көрсетер. Бір білетініміз, ғаламдық нарықта каршеринг қызметі күн санап дамып келе жатыр. 2024 жылы каршерингтегі қаржы айналымы 16,5 млрд долларды құрап, жыл сайын 34 пайызға өспек. Жаһандық нарықты болжау бойынша консультативтік ABI Research фирмасы сарапшыларының айтуынша, енді 10 жылдан соң бұл қызметті 650 млн адам қолданады-мыс...