Кері тартқан қай өңір?

Газет мақаласы Айқын газеті №124

Қазақстандағы басқа шауып, төске өрлеген қымбатшылық Үкімет белгілеген инфляциялық дәлізді бұзып шығуға шақ қалды. Бұдан бұрын инфляция 4-6% аралығында құрықталып ұсталатыны мәлімделген болатын. Алайда Үкімет отырысында биылғы жеті айдың қорытындысы бойынша оның жылдық мәні 5,4%-ға жеткені жария етілді.

Кері тартқан қай өңір?

Премьер-министр Асқар Ма­­­миннің төрағалығымен өт­кен ел Үкі­метінің отырысында 2019 жыл­ғы қаңтар-шілдедегі еліміздің әлеу­меттік-эконо­ми­калық да­муы­ның қорытын­ды­лары шыға­рылды. А.Мамин Үкі­меттің қа­зіргі негізгі басым­дықтарын ата­ды, оларға халық­тың тұрмыс са­пасын жақсарту, табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және инвес­ти­циялық ахуалды жақсарту кіреді.

Биылғы жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстан эко­номикасының өсу қарқыны же­делдегені байқалып отыр. Осы кезеңдегі ЖІӨ өсімі өткен жыл­дың тиісті кезеңіне қарағанда 4,2%-ға ұлғайған. Осының ал­дын­да, 2019 жылғы қаңтар-мау­сымда 4,1%-ды құраған-тын. Оң өсім құрылыста (11,5%), саудада (7,5%), көлік саласында (5,4%), машина жасауда (17,7%), жеңіл өнеркәсіпте (14,3%), түсті ме­тал­дар өндірісінде (17,2%), мұнай өңдеуде (5,1%) қалыптасты.

Дегенмен Үкімет жетекшісі салалық министрліктерге арттап қала бастаған көмір, шикі мұнай өндіру, химия өнеркәсібі және қара металлургия салаларында жоспарланған көрсеткіштерге жету үшін күшейтілген шаралар қабылдауды жүктеді.

– 7 ай қорытындысында не­гізгі базалық көрсеткіштер бо­йынша Атырау, Қарағанды, Қос­танай, Қызылорда, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыс­тарында экономикалық өсімге қол жеткізілді. Әкімдер және ме­моргандардың басшылары ақыр­ғы нәтижеге қол жеткізу және бюд­жет қаражатын лайық­ты иге­ру үшін дербес жауап бе­ретінін еске саламын. Елбасы бастама­лары мен Мемлекет басшысының қазақстандық­тардың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі тапсырма­ларын уақы­тылы және сапалы орындау мақ­сатында инвести­цияларды бел­сенді тартуды, өнімді жұмыс орындарын құруды, эконо­ми­каны әртараптандыруды, өнім­ділікті арттыруды, экспортты ілгерілетуді, технологиялар мен инновациялар трансфертін жал­ғастыру қажет, – деп тапсырды Асқар Мамин.

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтың айтуынша, 7 айда негізгі серпін өнеркәсіп, құрылыс және қызметтер көрсе­ту салалары өсуінің жеделдеуі, сонымен бірге ауыл шаруашы­лығы мен негізгі капиталға са­лынған инвестициялардың тұ­рақты қарқыны арқасында мүмкін болған.

Маңғыстау облысы, Нұр-Сұл­тан және Шымкент қалала­рында бірнеше көрсеткіш бо­йынша төмендеу байқалып отыр.

– Биылғы қаңтар-шілдеде өнеркәсіпте 3 облыс артта қалып қойды. Бұл Қызылорда, Батыс Қазақстан және Маңғыстау об­лыстары. Аталған өңірлерде мұ­най (Қызылорда, Маңғыстау) және газконденсатын (БҚО) өн­діру қысқарған. Ауыл шаруа­шылығында барлық өңірлерде өсу қамтамасыз етілді. Айтар­лықтай өсімді Ақмола облысы паш етіп отыр. Құрылыста теріс серпін Шымкентте, Маңғыстау облы­сында және Нұр-Сұлтан қаласын­да сақталуда. Негізгі капиталға салынған инвес­ти­циялар жөнінен Шымкент және Нұр-Сұлтан қа­лаларының, сон­дай-ақ Маңғыстау облысының теріс мәндегі өңірлер қатарында болуы жалғасуда, – деді Р.Дә­ленов.

Бұдан өзге 3 облыстың бір­қатар көрсеткіштері кері кетуде. Біріншіден, Алматы облысын­да инвестициялардың 6 айдағы өсі­мі былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 5,5% болған. Енді 7 айдағы өсімі 1,7%-ға дейін құлдырап кетіпті. Тау-кен өнер­кә­сібінің өсімі бұрын 7,6% болса, енді 0,2%-ға құлады.

Екіншіден, Жамбыл облы­сында құрылыстың өсімі 6 айда 12,4%-ды құраса, ал 7 ай қоры­тындысында 1,2%-ға төмендеді. Тау-кен өнеркәсібі бойынша өсім тиісінше 2,1%-дан 0,4%-ға дейін түсті.

Үшіншіден, СҚО-да тау-кен өнеркәсібінде өсім 6 айда – 22,7%, ал 7 айда 6,6%-ды құрады. Өңдеу өнеркәсібінде өсім – 2,3%, кейін 0,2% болды. Бас эко­номист осы көрсеткіштер бо­йынша теріс серпіннің бол­мауы үшін қажетті шаралар қабылдау керегін әкімдердің қаперіне салды.

Әкімдер мен министрлерге жыл соңына дейін негізгі эконо­микалық көрсеткіштердің өсуін қамтамасыз ету, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуын бақылау, құрылыс және ауыл шаруашылығы маусымдарын лайықты өткізу, инфляцияға тосқауыл қою жүктелді.


Елдос СЕНБАЙ