Алматы инфрақұрылымы: Қателіктер мен жеңістер

Газет мақаласы "Айқын" газеті №130

Тұрғындар саны 2 миллионға жуықтайтын, күнделікті 500 мыңға жуық адам кіріп-шығатын Алматы сияқты алып қаланың жүйелі тәртібін, даму бағытын қалыптастыру да оңайға түспейді.

Алматы инфрақұрылымы: Қателіктер мен жеңістер
 Жаяу адамдар тіршілігі мен көлігі бар азаматтардың қозғалысын басқару үшін біраз бас қатыруға тура келеді. Қаланың бұрынғы әкімі Бауыржан Байбек шаш етектен жиналған проблемалардың түйінін тарқатар біраз бастаманы қолға алған да еді.

Алматы – еліміздегі ең ірі қала. Ол жердегі бизнес, қаржы құры­лы­мы, экономикалық бастамалар, ақ­­ша айналымы, руханият, шы­ғар­­машылық – бәрі, бәрі қайнап жа­­тыр. Сондықтан Алматыдағы кез келген қателік пен артық­шы­лық өзге өңірлерге ықпалын да ти­­­­гізеді. Бауыржан Қыдырғалиұлы 2015 жылы қызметке кіріскеннен бас­тап елеулі жобаларды қолға ал­ды. Қа­лада веложолдар салу және оны д­а­мыту – Байбек саясатының бас­ты көзірі болатын. Бұл баст­а­ма­­ны оның алдындағы әкім Ах­мет­­­жан Есімов те теріс көрмеген. Бұл тұр­ғыда Бауыржан Байбек өзі­не дейін­гі әкімнің ісін жал­ғас­тырды әрі же­тілдірді деп айтуға то­лық не­гіз бар. Соңғы уақытта жал­ға бе­рі­летін велосипед және са­мокаттар жүйе­сі­нің қалыпта-суы – қала тұр­ғын­дары­ның қо­лай­лы қозғалыс жа­сауына мүм­кіндік беруде. Сон­­дай-ақ бірқатар көшелер бір та­рапты қозғалысқа ауысып, ор­та­лық көшелердегі жыл­­дамдық – сағатына 40 ша­қырым­ға, ал әл-Фараби даңғылы, Саин көшесі, Шығыс айналма жолы бойындағы жыл­дамдық – 60 шақырымға дейін (2019 жыл­дың қаңтары) тө­мен түсірілді. Бұл қа­ла­дағы жол апатын азайтуға ба­ғыт­­талған мақ­сатты һәм берік қа­дам еді. Ал­маты қаласы әкім­­­ді­гінің жаңа командасы әл-Фараби даң­ғылы бойындағы жыл­дам­дық­ты қайтадан 80-ге кө­терді. Іле-шала шағын және орта биз­неске ке­дергі келтіреді деген се­беп­пен бір­қатар веложолдарды қыс­қарта­тынын мәлімдеді. Қала ур­банис­ти­касына белсенді атса­лысып жүр­ген мамандардың айтуын­ша, алып даңғыл бойында жо­ғары жыл­дамдықпен жүйтку – шаһарға төн­ген үлкен қатер бол­мақ.

– Әл-Фараби даңғылы бойын­да жылдамдық 60 шақырым болуы керек деп есептеймін. Өйткені ол даң­ғылды қаланың шет аймағы не­месе айналма жол деуге кел­мей­ді. Ол жер – қаланың орталығы әрі жан-жағында тұрғын үй ке­шен­­дері өте көп орналасқан. Кө­біне адамдар жолдың үстін кесіп өтіп те жатады. Сондықтан көлік­тердің жоғары жылдамдықпен жүруі қауіпті құбылыс. 80 ша­қы­рым жағдайында жүргізушілердің көлігін тежеп үлгеруі өте қиынға соғады. 80 дегенмен де жылдам­дық­ты 90, 100-ге дейін арттыруға бо­лады. Сондықтан бұл қозғалыс­ты тым жылдамдатып жібереді. Өз кезегінде қауіпті де күшейтеді, – дейді «Архкод» жобасының негізін салушы Әділ Әжиев.

Статистикаға сүйенсек, Алматы жол апаты кесірінен көз жұму фактісі бойынша көш басында тұр. 2017 жылы 114 адам ажал құшса, 2018 жылы бұл цифр 133-ке жеткен. Швеция бұл бағдарламаны сонау 90 жыл­дары қабылдаған екен. Жоба жемісін де берген. 20 жылда жолдағы адам өлімі 2 есе азайыпты. Алматыдағы әл-Фараби даңғылы бойында жылдамдықты 80-ге көтерген соң адам өлімі 20 пайызға өсіп шыға келген. Осыдан кейін оны қайтадан 60-қа түсіру туралы шешім қабылданған. Vision zero жобасының да басты көзірі – жылдамдықты шектеу. Әрине, далиған кең көшеде жай жүру іш пыстырады. Бірақ адам өлімі траге­диясының жанында жай жүру – түк те бас ауыртар дүние емес. Жол апаты кесірінен 2018 жылы қала әкімдігі 101 млрд теңге жоғалтқан. Жалпы, былтыр жол-көлік оқиғаларынан 133 адам қаза тауып, 5000-нан астам адам жарақат алыпты. Дегенмен 2016 жылдан бері жүргізілген жұмыс арқасында жол-көлік оқиғасынан көз жұматын балалар мен жасөспірімдер саны 12-ден 8-ге азайған. Осыған орай, қалада жаяу жүргіншілер өткелдері жерасты арқылы жүзеге асырылып, бағдаршамдар жаяу жүргіншілердің қалауы бойынша жану жүйесіне көшірілді. Vision zero, әсіресе, жол апаты ең көп болатын –

• Төле би – Өтеген батыр;

• Төле би – Момышұлы;

• Райымбек – Емцов;

• Төле би – Тілендиев;

• Абай – Сейфуллин көшелерінің қиылысында қолға алынған.

Әзірге Алматының жаңа әкімі осынау өміршең жобаларды жалғастыруға байла­нысты позициясын әлі жария еткен жоқ. Ал сарапшылардың айтуынша, алып даңғыл бойындағы жылдамдықты қайта көтеру – дәл осы Vision zero жобасына қарама-қайшы келмек.

– Дененің кинетикалық энергиясы жылдамдыққа тікелей тәуелді. Сондықтан бірдей салмақ, бірақ сағатына әрбір 20 шақырым сайын жылдамдық жағдайында кинетикалық энергия екі еселенеді. Бұл – физиканың заңы. Оны аттап өте алмайсыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше сағатына 80 шақырыммен жүрген кездегі жол апаты ықтималдылығы 60-пен жүрген кездегіге қарағанда 17 есеге жоғары болмақ, – дейді архитектор Давит Камински.

Аталған мәселеге орай қазір Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған Бауыржан Байбек те ресми пікір білдірген.

– Менің Twitter, Instagram желілерінде парақшаларым бар. Facebook желісін де оқып отырамын. Кез келген мәселенің екі қыры болады. Түрлі пікір айтылады. Оның үстіне ол мәселе адам өмірі мен денсаулы­ғына тікелей қатысты болса. Қазір Алматы жол апаты көрсеткіші бойынша тек елде ғана емес, әлемде көш бастап тұр. Бұл ста­ти­стика тек қаланың ғана емес, Қазақ­стан­ның да беделіне нұқсан келтіреді. Жыл­дамдықты азайту – жолдағы қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған алты негізгі бағыт­тың бірі. Әрбір шешімді қабылдаған кезде әлемдік тәжірибені, заманауи үрдістерді ескереміз және Алматыға тың жаңа­лық­тарды енгіздік. Қауіпсіздік – «Алматы – 2020» бағдарламасының басты бағыты. Біз сондай-ақ әлемнің 30-дан астам қаласы қолданып отырған Vision zero жобасын да енгіздік. Партия басшылығына келгеніме екі айдай уақыт болды. Қазір қаланы әріптесім Бақытжан Сағынтаев басқарады. Шешімді сол қабылдайды. Сонымен қатар қоғамдық кеңес пен мәслихат бар. Сон­дықтан бұл мәселеде менің қандай да бір кеңесім қажет емес, – дейді бұрынғы әкім.

61798963_2709112972492869_692239008880656384_o.jpg
© Павел Михеев

 

Соңғы 3-4 жыл ішінде жүзеге асқан, әрі қала инфрақұрылымы үшін өз тиім­ділігін дәлелдеген жобалар ретінде –

• Қала орталығында ақылы автотұрақ­тардың ашылуын;

• Жүрісі шабандаған трамвай қыз­метінің тоқтауын;

• Заманауи LRT жобасының басталуын;

• Автобустарға арналған арнайы жо­лақтың салынуын;

• 2016 жылдан бастап қоғамдық кө­лікте «Оңай» төлем жүйесінің енгізілуін;

• 2017 жылы барлық мекемелер қор­шауларының алынып тасталуын;

• Панфилов көшесі сырт келбетінің өз­геріп, жаяу адамдарға лайықтап жа­салуын;

• 2018 жылдан бастап Тимириязев және басқа да бірқатар көшелер бо­йында жылдам автобус желісінің (BRT) іске қосылуын атап айтсақ болады.

 

BRT енгізілген соң жолаушылар ағыны 40 пайызға ұлғайып, қоғамдық көліктер күніне 100 мыңнан 142 мыңға дейін адамдар тасымалдай бастаған.

– Қала көшелерінде автобустарға арнал­ған арнайы жолақтардың пайда болуы құп­тарлық жағдай. Егер арнайы жолақ болмаса онда қоғамдық көліктердің қозғалуы тіпті қиындап кетер еді. Жеке көліктер орын бер­мейді. Қазірдің өзінде асығып, автобус жо­лағ­ына түсіп кетіп жатқан көліктерді жиі байқаймыз. Сондықтан маңызды көшелер бойында автобустарға арнап бөлек жол салып, олардың жылдам әрі қауіпсіз жүруін әкімдік дер кезінде қамтамасыз етті. Әсі­ресе, бұл ретте Тимириязев көшесін ай­рық­ша атап өтуге болады. Онда көліктер аялда­ма­лардың артқы тұсынан айналып өтеді. Ал автобустар болса ортадағы екі жолақты толыққанды еншілейді. Бұл өте табысты реформа болды. Бізде әкімдердің арасында өзара түсіністіктің болмауы қын­жылтады. Егер жаңа әкім бұрынғы бас­шысының идея­сы мен істерін жалғастырса, одан ары дамы­тып, жетілдіре түссе қалаға орасан пайда келуші еді. Соның кесірінен тым жақсы басталған көптеген жобалар аяқсыз қалады. Мәселен, бұрынғы әкім мен оның командасы көшелерде жол апаттарын азайту бойынша өте ауқымды жұмыстар атқарған еді. Соның арқасында адам өлімі азайды, қауіп мөлшері әлдеқайда төменде­ді, – дейді Әділ Әжиев.

Бұрынғы басшы қалыптастырған тағы бір жоба – қаланың велосипед пен само­каттарға лайықталуы. Қазір бұл жоба жемі­сін беріп те жатыр. Алайда урбанист Әнуар Жүсіповтың айтуынша, соңғы уақыттағы өзгерістер бұл жобаның тағдырын ауыр­латуы ықтимал. Осы туралы белсенділер арнайы баспасөз жиынын да өткізген.

– Қазір велосипед пен электрлі само­каттың ауқымды аудиториясы бар. Тіпті сауда үйлерінде оларға арналған тұрақ та бар. Ал биыл аңғарғанымыз – қалыптасқан тран­с­порт желісі сұранысты қанағаттан­дыруға, қажетті қауіпсіздікпен қамтамасыз етуге қабілетсіз. Жаз бойы осыны айтып дабыл қақтық. Қала басшылығы популистік қадам­ға барып жатыр. Бұл өте қауіпті құ­былыс. Біздің бүгінгі жиынымыздан кейін әкімдік атақ­құмарларға емес, кәсіби білімді маман­дар­ға құлақ түреді деп сенеміз, – дейді Әнуар.

Біздегі тілек – өмір сүру жүйесі тым күрделі алып шаһардағы жобалардың аяқ­сыз қалмауы. Бұл жүздеген, мыңдаған емес, миллиондаған адамдардың тіршілігі мен арман-мақсаттарына тікелей әсер ететінін білген жөн. Ал біз жаңа басшылықтың жұ­мысын шамамен жарты жылдан соң ғана бағалай бастаймыз.

 

Ақжігіт ҚАЗБЕК