Тектанудың төркіні түркілерде жатыр

Бүгінгі таңда  бала мен келіннің ажырасуы, қызметтегі ұлдың жемқор атануы, тұрмысқа берген қыздың бедеу шығуы, жаңа түскен келіннің беттен алып, төске шабуы таңғалмайтын құбылысқа айналып барады.  

Тектанудың төркіні түркілерде жатыр
Фото: Интернеттен алынды

Осы бір орынсыз жағдайдың оңды шешімін табуға тырысып жатқан психологтар мен генетиктердің қатарына тектанушылар (родологтар)  қосылды. Олар  мәселені атадан балаға физиологиялық ерекшелікпен бірге,  тұқымқуалау арқылы берілетін қасиеттерді зерттеу арқылы шешеміз дейді. 

Тектану ғылымы қашан пайда болды?

Астана қаласындағы Тектану орталығының жетекшісі, тектанушы-консультант, психолог-практик Әлия Сағымбаеваның айтуынша, тектану (родология) ілімі Қазақстанда 15 жылдан бері дамып келеді. Бұл ілімнің негізін орыс профессоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты Валерий Докучаев (бір жыл бұрын қайтыс болды) қалаған. Оның жары философия ғылымдарының докторы, профессор Лариса Докучаева да тектанумен айналысады. Олардың бұл ғылымға келуі кездейсоқ емес. Ресейде әрбір екінші отбасы ажырасатыны туралы статистика жария болған соң, психологтар мен социологтар осы проблеманың шешімін іздеуге кіріседі. Сол кезде ең аз ажырасу сахалар мен якуттарда екені белгілі болады. Валерий Васильевич пен Лариса Николаевна осы екі елге барып ұзақ уақыт зерттеу жүргізеді. Сонда олар түркі жұртындағы шежіренің отбасын сақтаудағы рөлін түсінеді. Бүгіндері тектану ғылымындағы шежіренің орны ерекше. Тектану – психология, генетика, физика, хронология, антропология және этнопси­хология ғылымдарының басын біріктірген жаңа ғылым. Нумерология, эзотерика мен астрологияда шатағы жоқ. – Тектану ғылымы бізде 15 жыл бұрын қалыптасса да, қазақ «жеті атасын білмеген жетесіз» деп, тектанудың негізін баяғыда-ақ салып кеткен. Демек, тектану ілімі ата-бабамызда болған. Сол жеті атаны негізге алып, сызған генограммада әке мен шешеміз деп тараған аталарды көрсетеміз. Себебі, біз құрсақта пайда боларда 23 хромосоманы әкеден, 23 хромосоманы анадан аламыз. Тектану ілімі түркі жұртына таңсық емес дейтінім – сол. Ең қызығы, менің семинарыма келген қазақтардың 30 пайызы ғана жеті атасын білетін болып шығады. Көбі білмейді. Үш-төрт атадан кейін таратып айта алмайды. Өйткені қазақтар жиырмасыншы ғасырдың басында сұмдық әлеуметтік катаклизманы бастан өткерді: қызылдар мен ақтар айқасы, революция, репрессия, ашаршылық, екінші дүниежүзілік соғыс – осы оқиғалардың барлығы біздің аталарымыздың психикасына қатты әсер етті, ата-әжелеріміз жетім қалды, жеті атасы туралы ақпараттан ажырап қалды. Генограмма сызуда жеті атаны білсе, тіпті жақсы, ал генетиктер зерттеуі үшін 3-4-ші атадан-ақ қажет ақпарат көрінеді. Біз – тектанушылар дәстүрлі психология мен псиохотерапияға қарағанда консультативті режимде жұмыс істейміз. Яғни, генограмма сызу арқылы қарсы алдымыздағы адамның проблемасын анықтап, одан құтылудың шешімін кеңес ретінде айтамыз, – дейді Әлия Сағымбаева.

Өзін «бөтен» санайтындар – кімдер?

Тектанушылармен әңгіме барысында өте қызықты фактілерге тап келесіз. Мәселен, өзіңіз танитын адамның ортасын жатсынып жүретінін білесіз, алайда неге олай ететінін білмейсіз. Бәлкім, сіз де өзіңізді туыс пен достар арасында «бөтен» сезінетін шығарсыз. Себебін тектанушылардан сұрап көрдік. Олардың айтуынша, өзін «бөтен» сезінетіндердің басым бөлігі ата-әженің немесе «баласыз туыстың» бауырында өскендер болып келеді екен. – Қазақта тұңғыш немерені ата мен әже тәрбиесіне беретін дәстүр бар. Бір қарағанда, қалыпты құбылыс. Алайда мұның көпшілік біле бермейтін зиянды да тұсы бар. Бала туған сәтте әке-шешенің тәрбиесін көргені жөн. Бала үш жасқа дейін анасының бауырында болуы тиіс, себебі, бұл кезеңде сәбидің дүниетанымында қоршаған ортаға, туғандарына деген махаббаты оянады. Үш жастан кейін бала тәрбиесімен әке ай­налысуы керек. Сәбиді ана­сы­нан ерте ажырату табиғи заңды­лықты бұзады. Содан келіп бала қандай да бір проблемаға кезік­кен сайын ата-анасына деген ре­ніші ұлғая береді. «Басқа емес, неге мен?» деген сауалдың жауа­бын таппай тұншығады. Ондай адам туыстары мен бауыр­лары­ның, тіпті ұжымының ортасында да өзін «бөтен» санайды. Бізге ондай адамдар не деп келеді? Мені бәрі сыртқа тебеді, мен олардың ортасында өзімді «бөтен» сезінемін дейді. Біз оның тегін түгендейміз, генограммасын сызамыз, еркін әңгіме-дүкен құрамыз. Содан жоғарыда айтқанымдай, ол адамның бір кезде басқа туыстың немесе ата-әжесінің қолына берілгенін білеміз. Мұндайда оларға бұл сенің артықшылығың ғой, басқалардың бір анасы, бір әкесі бар, ал сенде – екі ана, екі әке бар дейміз. Бірде маған 75 жастағы әже келді. «Жасым ұлғайған сайын бір мазасыз күй кешіп жүрмін. Намаз оқысам да, көңілімдегі алаң басылар емес, не екенін түсінбеймін» дейді. Оның тегін түгендеп, өміріне барлау жасадық. Сонда оны ата-анасы баласыз туыстарына бергенін білдік. Туған сіңлісі мен інісі бар екен, бірақ олармен сирек араласады. Себебі, ол бауырларын туған әке-шеше бауырында өскені үшін кешірмейді екен, анасын да сол үшін жазғырып келген екен. Бізбен сұхбаттасқан соң, 75 жастағы әже әуелі биологиялық анасының қабіріне барып, құран оқып, ас беріп, анасын мойындады. Өзінен кейінгі бауырларымен де жақын араласа бастады. Көп ұзамай, жаным жай тапты деп хабарласты. Қазір мұндай жағдай өте көп. Ажырасу қалыпты құбылысқа айналды, күйеуден келген қыз баласын әке-шешесіне қалдырып, жұмысқа кетеді. Қалада тұратын отбасылы жастар да аяққа тұрып кеткенге дейін балаларын ауылдағы әке-шешесіне береді. Баланы берме демейміз, бала ата-әже тәрбиесін көргені дұрыс. Тек бір нәрсені ұмытпайық – балаға барлығын ашық айтуымыз керек. «Бұл сенің ата-әжең (немесе нағашы атаң, нағашы әжең), сені осында уақытша қалдырып жатырмыз. Баспана алған соң өзімізге аламыз» деп түсіндірген жөн. Кейбір эгоист әжелер немересіне өзін «мама» деп айтқызады. Бұл ғылыми тұрғыда дұрыс емес. Бала бәрін біледі, сезеді, баланың нәзік жүрегімен ойнауға болмайды. Бала ғой деп мән бермегеніңізбен, олар бәрін түсінеді, – дейді тектанушы-консультант Гүлмәриям Сертаева.

Бедеуліктен құтылуға бола ма?

– Әйел мен ер адамның тәні сау, бірақ балалы бола алмайды. Мұның медициналық, психологиялық себебі болады. Сол себепті де, медицинаға «психологиялық бедеулік» термині енгізілді. Медицина ағзаны, физиологияны емдейді, психологтар адам жанын ем-дейді. Ибн Синаның өзі «мен, сен және сенің жаның бар» деп айтқан. Бедеулік психологиясын зерттей келе себебін тауып, кеңес берген соң, 2-3 жылдан кейін әйелдер босанғанын айтып, хабарласып жатады. Неге? Соншалық не істедік? Жауабы сол, бедеу әйелдің арғы ата-аналарында өмірге келген сәбидің ерте шетінеуі кейінгі ұрпақ бойында бейсаналы түрде үрей туғызған. Ұрпақ (бедеу әйел) оны түсіне алмайды. Былайша еш қорқыныш жоқ секілді, тіпті олар ата-баба өмірінде болған қасіреттен хабарсыз. Бірақ қан арқылы келген үрей бар. Сол үрей мен қорқыныш ананың өмірге бала алып келуін тежейді. Менің тәжірибемде бедеулікке ұшыраған 65 әйелдің 48-і балалы болды. Бұл – өте жақсы көрсеткіш, – дейді Ә.Сағымбаева. Қазақ үшін ұрпақ ұл арқылы жалғасады. Содан болса керек, құдайдан ұл сұрайтындар өте көп. Шаңырақтың шайқалуына да әйелдің тек қыз табуы себеп болып жатады. Әйелді қыз таптың деп жазғырмас бұрын дәрігер мен тектанушылардан кеңес алған жөн екен. – Маған 3 отбасы келді: екеуінде үш қыз, біреуінде екі қыз туған. Енді ұлды болғысы келеді. Генограмма сыза келгенде ата-бабаларының үшінші-төртінші буынында ұлды болу қауіпті деген түсінік бары анықталды. Себебі, ол әулетте ерлердің рөлі төмен, ішкен, қыдырған, әйелдерін ұрған, НКВД-да істеген, соғыста сатқындық жасаған деп кете береді. Сол әулеттің әйелдері ұлды болуды қаламаған. Мұндай жағдайда жас буынға (бізге келген клиентке) басқа бағдарлама түзіледі, ондайда қазақтың пейіліңді түзе, санаңды сілкі, ниетің түзу болсын деген тәмсілін пайдаланамыз. Маған келген сол үш отбасы да ұлды болды, – дейді тектанушы.

ДЦП-ның алдын алыңыз

– Алты жыл бұрын Астанадағы Республикалық оңалту орталығына бардым. Мұнда ДЦП (церебралды сал ауруы), дауна, аутизмге ұшыраған қаракөздеріміздің көптігі жүрегімді ауыртты. Орталықтың бас директоры Шолпан Әділжанқызымен меморандум жасап, ДЦП-ның себебін зерттеуге кірістік. 50-ге тарта отбасының 5-6 жастағы балаларын зерттеу нысаны етіп алдық. Сонда, ол балалардың аналарының тұла бойы өкпе-реніштен тұратынын байқадық. Күйеуіне, енесіне, ата-анасына өкпелі. Мұндай көңіл толмаушылық, өкпе-реніш құрсақтағы сәбиге кері әсер еткен. Бұл жобамыз қашанға дейін созылатынын білмеймін. Әдетте, емханаларда тұмау профилактикасы жүргізіледі, ДЦП-ның да солай алдын алуға болады. Ол үшін ана болғысы келетін қыз-келіншектер жан дүниесін тазартып, өзгеге деген өкпе-ренішін ұмытып, араз жұртпен татуласып, бойдағы қандай да бір қорқынышты жеңуге күш салуы керек.

Шетелге көшуге неге құмармыз?

Бүгінгі таңда, әсіресе, жастар арасында шетелге қоныс аударғысы келетін, шетелде білім алуды армандайтындар көбейді. Мұндай ой, көп жағдайда, кезінде саяси қуғын-сүргін көргендердің ұрпақтарына тән екен. Қиыны сол, олар шетелге барғанда да сол елдің билігімен келісімде өмір сүре алмайды. Себебі, ол елден қашқанымен, генде қалған ақпараттан құтылмаған. – Маған шетелге көшкісі келетін жастар көп келеді. Сонда олардың тегіне талдау жасап беремін де, енді елден кетер-кетпесіңді өзің шешесің деймін. Көпшілігі елде қалып жатыр. Бүгін бір жемқор ұсталады, оны барлық БАҚ шулап жазады. Соны көрген басқа бір адам ертеңінде жемқорлық бабымен қамауға алынады. Неге? – Министрлер мен олигархтар түрмеге түскеннен кейін ғана кеңес алуға жүгінеді. Білесіз бе, солардың көбі репрессияға ұшырағандардың ұрпағы және тура сол жаста аталарының тағдырын қайталап тұр. Жемқорлыққа қатысы бар деп сипатталғандардың бәрі пара алды деуге бола ма, мүмкін оларды жазықсыз ұстап берген шығар? Осыны да ескерген жөн. Әлия Сағымбаевамен арадағы сұхбат қызық өрбіді. Үзінді келтірсек: – Бүгінгі жігіттердің арасында тоқал туралы армандамайтыны жоқ. Неге? – Аталары кезінде екі-үш әйел алған шығар? Генде болып тұр ғой. – Ол ген совет заманында неге оянбаған? – Ол кезде бізді тегімізден ажыратуға тырысты. Қазір еркінбіз…

«Атам бай болған, мен неге кедеймін?»

Қазір елдің бәрі байығысы келеді, миллиондап табыс табуды қалайды. Қолынан іс келеді, бірақ табысы ойындағыдай емес. Міне, сондай кәсіпкерлер де тектанушыларға жүгінеді екен. – Тағы да тегіне жүгінеміз. Ата-бабасы үйір-үйір жылқы айдаған бай болған. Ол заманда бай болу да белгілі бір деңгейде есепке жүйрік болуды талап еткен ғой. Сол қасиет ұрпағында неге берілмеген деген сауалдың туындайтыны заңды. Жауабы мынау: бай болсаң, тартып алады, сондықтан өмір сүретініңе жететіндей ғана байлық жи деген түсінік қалыптасқан. Репрессия жылдарында байлардың барын тартып алған соң, байлық жиғаннан не пайда деген үрей қалып қойған. Сол кедергіні шешкенде бизнес алға жылжиды. Бұл жерде тағы бір мәселе бар. Адам қолы ашық болуы керек. Алаған қолым береген болсын дейді қазақ. Тек алуды ғана білген адамда кіріс болмайды. Бұл жерде мәселе ақшада емес, мейірімде, – дейді психолог Лейла Цароева.

Жақсы сөз – жарым ырыс немесе ДНҚ да сөз түсінеді

Текте бар нәрсе, генде бар ақпарат жоғалып кетпейді, әйтеуір бір айналып соғары анық. Ал оның кейінгі ұрпаққа қалай соғарын өзіңіз шешесіз. Мәселен, үшінші яки төртінші атаңыз белгілі бір жасында соғысқа қатысқан болса, сізде де дәл сол жаста өміріңізде ерекше бір өзгеріс болады. Қолыңызға қару ұстағыңыз келеді, адамдарға деген кектенушілік және өзгелерді жеккөрушілік сезіле бастайды. Оның себебі, сіздің атаңыз сол жаста сол сезімді бастан кешкен. Қуғын-сүргін жылдарында атаның айдауға кетуі, яғни, отбасынан ажырауы ұрпағына да белгі береді дейді. Атасының айдауға кеткен жасында оның ұрпағы да отбасынан кетуге бейім тұрады. Оның түпкі себебін өзі де түсінбейді. Мұны бір ұрпағы саналы түрде тоқтатқанға дейін жалғаса береді. Әулеттегі бір ер адамның кетуі, басқа да сол әулеттің ер адамының кетуіне алып келеді. Сол кезеңде ер адамдар айдауға я болмаса соғысқа кеткен болса, бүгінгі жағдайда ұрпақтың отбасынан кетуіне, белгілі бір істі тастап кетуіне, туысқандардан кетуіне итермелейді. Тіпті нашақорлық пен ішімдікке, қылмысқа итермелейді. Бұл үрей, қорқыныш олардың ұрпағына беріліп, отбасын құру, тұрмысқа шығуда да үрей туғызады. Соғыс жылдарында ерлер саны азайып кеткендіктен, ұл болып туу қиын деген психологиялық түсінік қалыптасады. Бүгінгі ер азаматтардың әлсіздігін осымен де түсіндіруге болады дейді тектанушылар. – Қыздардың генограммасын көргенде, үшінші-төртінші бабалар буынында атасы соғысқа аттанып оралмаған немесе репрессия құрбаны болып шығады. Сонда қыздың түпсанасында егер күйеуіме бір жағдай болатын болса, отбасын құрудың қажеті бар ма деген ой тығылып қалған. Яғни, бүгінгі қыздардың тұрмыс құруға қорқақтауы да осыған байланысты. Кез келген тұқым қуалайтын жаман әдеттен арылуға болады. Бүгінгі дамыған ғылым солай дейді. Алайда тәжірибе көрсетіп отырғандай, бұған барлығы дайын емес, кімнің тегі мықты, солар дайын. Яғни, рухы мықтылар ғана өзгере алады. Ал рухты қалай көтереміз? Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени дәстүрін сақтау, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсету, отбасылық мерекені атап өту, пайда болған мәселені бірге шешу, барлық туыс-туғанмен байланысты үзбеу, өзіңнен де, өзгеден де жақсы сөзді аямау. Өйткені сөз энергия, біз сөзбен өмір сүреміз. Қазір де көптеген ғалымдар адам өміріндегі сөздің маңызын растап отыр. Қазақ «сөз сүйектен өтеді» дейді. Сүйек дегеніміз – ДНҚ мен РНҚ. Нью-Йорк ғылым академиясының мүшесі, ғалым Петр Гаряев ДНҚ адам айтқан сөзді қабылдап, сіңіреді дейді. Тектану ғылымының сөз энергиясына басымдық беретіні де содан, – дейді Әлия Сағымбаева.