Жұмыскер – құл емес, соны түсінер күн қашан туар екен?

«Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дегенді алғышарт қылып ұстағандар бүгінгі күні заңды белшесінен басып жүр ме дерсің?! Екі күннің бірінде «құлдықта болдым» немесе «жалданып жұмыс істедім, келісілген ақшамды бермеді» дегендерді естіп жүргеніміз сондай, етіміз үйреніп, күнделікті жағдай ретінде қарай бастадық.

Жұмыскер – құл емес, соны түсінер күн қашан туар екен?
Фото: Интернеттен алынды

Әрине, жұмыс істеп, ақша тауып, оның жемісін жегенге не жетсін?! Алайда еңбегі бағаланбай, әркімнің жемтігі болып, табанақы, маңдай тер­мен тапқан ақшасын ала алмай зар илегендерге кім кө­мек бермек? Неге бұлай болып кетті деп ойландық па? Жалпы, оларға кім қамқор болады? Құрылысшы болып жұмыс істегенде бірнеше осындай тағдыр иелерін көрдім. Соның бірі мынау. Сәтбаев қаласында балабақша салуға атсалыстық. Бір күні жиырмадан асқан орыс жігіті келді. «Бұл қаладан кеткенде үйде шешем мен інім болатын. Ағам түрмеде. Содан бір жігіттер маған «ауылға барып, мал бағуға көмектес. Ақшасы төленеді. Үйіңе де келіп тұрасың, отбасыңа қар­жы­лай да көмектесесің» деген соң келіскенмін. Бір шаруашы­лықта жұмыс істедім. Мал ба­ғып, қора тазаладым. Барға­ным құрысын, бір кішкене ағаттық істесем ұрады, тамақты да жөнді бермейді. Он жылдан астам уақыт сол жерден шық­қан жоқпын. Үйдегілерден де хабар жоқ. Жібермейді, «ше­шең де, інің де аман-есен, олар­ға өзіміз көмектесіп тұра­мыз, уайымдай берме» деген соң жүре бердім… Сол жерден қашып келдім. Үш күн бойы күндіз ұйықтап, түнде ғана жүріп отырдым. Ұстап ала ма деп қорықтым. Үйден алып шыққан бір бөлке нанды талға­жау еттім. Мұнда келгенде бір-ақ білдім, анам қайтыс болғалы екі жыл болған екен», – деп жылап алды. Бір-екі күннен кейін сол жігіт жоқ болып кетті. Көшеге бірге шыққан балалар оны көлікке біреулер күштеп салып, алып кетті деді… Көзі­міз­ге жас үйірілді. «Неге біз қауқар­сыз­быз? Әлдімін деген адам осы­лай басқаны қорлай бере ме?» деген сұраққа жауап таба алмай қиналдық. Өткен жылы қыркүйек айында Бішкекте Зуура Бол­тоева ұзақ жыл бойы көріс­пе­ген сіңлісімен кездесті. Бұны неге жазып отырмыз. Себебі, бұл кісі де құлдық қамытын киген. «Ол 1995 жылы Қазақ­стан­ға кетті. Ол кезде қалада тұратын едік, әпкемді алдап әкетіпті. «Қызыл жарты ай» қоға­мына көмегі үшін алғыс айта­мын», – деді Бурмакан Болтоева. 51 жастағы Зуура Ош облысының Қарақұлжа ауда­нын­­да туған. Құжаттарын жоғалтқан әйел ұзақ жыл бойы отанына орала алмаған. Күн­көріс үшін 20 жыл бойы темекі плантациясында жұмыс істе­ген, тауда мал баққан. «Темекі плантациясында істедім, кейін тұрмысқа шық­тым. Күйеуіммен 11 жыл бірге тұрдым, ол дүние салды. Қы­зым екеуміз жалғыз қалдық. Кейін қайын атам мен қайын апам «баланы өсіріп, тәрбиелей алмайсың» деп қызымды тар­тып алды. 11 жасында алып кетті. Қазір қызым Қазақстанда тұрады. Осы уақыт бойы түрлі адамдарға жұмыс істедім. Үш қожайыным болды, екеуі мені ұрып, түрлі жұмыс істетті. Туыстарымның іздеп жатқа­нын білмедім», – деді Зуура Болтоева. Ал Жамбыл Болатбаев болса, 3 ай құлдықта болғанын айтады. Астанаға оңтүстіктен келген Жамбыл базарда жұмыс істеп жүрген. Кейіннен Ербол есімді жігіттің ұсынысымен 50 мың теңге жалақыға жұмыс істеуге келісім береді. Уақыт өте келе жұмыс иесі тамақты дұрыс бермей қойған, келіс­кен жалақысын да алма­ған. Бірнеше рет қашуға бел буған Жамбылды ауыр соққыға жық­қан. Соның кесірінен оның денсаулығына зақым келген. Соңғы екі жылда бір ғана Түр­кістан облысы аумағында 93 адам құлдықтан құтқарыл­ған. Осы орайда, «Сана-сезім» әйелдер бастамаларының құ­қық­тық орталығы ұсынған дерек­ке сенсек, бұл орталыққа өт­кен жылдың соңғы алты айында 630 жәбірленуші хабар­лас­қан… Жаңағы келтірілген мысал­дар – айтпағымыздың бір пара­сы ғана. Ал жан бағу үшін шырылдап жүріп, құлдыққа ұшырағандардың жанайқайын кім естір екен? Әлде, басқаның еңбегін қанаушылар осылай өз дегендерін істеп, заңға пысқы­рып та қарамай жүре бере ме? Бұл жөнінде құқық қорғау орындары, еңбек инспекция­лары, адам құқығын қорғайтын ұйымдар не дер екен?