Дәрігердің қателігінен көз жұмған Айбарша

Баклажанмен уланған жанды дәрігерлер тұмау деп температураны басатын дәріні егіп, артынан инсульт диагнозын қойған. Ем қабылдаған ол үш күннен кейін комаға түсіп, көз жұмған. Ал бұған кінәлі дәрігерлер неліктен жауапқа тартылмай жүр?!

Дәрігердің қателігінен көз жұмған Айбарша
©yandex.
Айбарша Сембаева кешкісін аяқасты денсаулығы нашарлап, үйіне жедел жәрдем шақыртқан. Көмекке келген қызметкерлер "Бұл – тұмау. Өзіңіз барып, емханаға көрініңіз" деп ыстығын түсіретін дәрі егіп кеткен. Бірақ бойдағы сырқат басылмады. Жаны қысылған ол, жедел жәрдемді екінші рет шақыртты. Сөйтіп, Алматы облысы Текелі қалалық ауруханаға жеткізілді. Сол кезде аурухананың кезекші бөліміндегі қызметкерлер оған инсульт диагнозын қойып, соны емдей бастайды. 

Алайда Айбаршаның сол кездегі қан қысымы 130/90 қалыпты нормада болған. Емнің үшінші күнінде ол комаға түседі. Дәл сол күні ауруханаға оның ұлы да, келесі күнінде Айбаршаның құдағиы да дәл сондай белгілермен түседі. Сонда ғана оның ботулизм диагнозі екені анықталды. Сол кезде барып, екеуіне басқаша ем жүргізіледі. Ал ол уақытта Айбаршаға бәрі кеш еді. Себебі, ол дәрігерлердің салғырттығынан диагнозы да, емі де дұрыс болмады. Соның кесірінен өмірден өтті.

Айбаршаның ағайын-туғаны "оған әу басында дұрыс диагноз қойылғанда әлі арамызда жүрер еді" деген өкінішін жасырмады. Осы бойынша журналистер де осы мәселені ел назарына көтерген болатын. Тіпті, әлеуметтік парақшаларда министрлікке, Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының назарына ілігер деген үмітпен арнайы жазбалар да жазылды. Алайда одан еш пайда болмады. 

Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасы Айбарша Сембаеваның өліміне қатысты арнайы комиссия шыққаны хабарлап қана қойды. Істің одан әрі қалай жылжығаны, не болғаны үн-түнсіз қалды. Бұл дегеніміз - басқарманың олқылығы ма? Әлде  олар адам өлімін шыбын шаққан құрлы көрмегені ме?! Айдың-күннің аманында адам қайтыс болуы қалай? 

Ал Текелі қалалық ауруханасының бас дәрігері Целишева ханым болса, сол күні кезекші болып, Айбаршаның көз жұмғанда жұмыс орнын тастап кеткен дәрігер Александр Епанченконың жауапқа тартылып, қызметінен алатынын сендірген екен. Бірақ бір айдан асып кетті.  Ол дәрігер жұмыстан әлі шықпаған. Басшылықтың оны шығаратын ойы да болмаған. Сол күні "мастықпен" жүрген дәрігер бір айдай ақысыз демалысқа барып келген. Ал басшылық осының бәріне көз жұма қарап отыр.

"Біліксіздігі мен жауапсыздығынан адам өліміне жол берген Текелі қалалық ауруханасының бас дәрігері Е.Целишева, реанимотолог А.Епанченко, невропотолог М.Жетібаеваның қателігін жауапсыз қалдырмассыз" деген хатты Айбаршаның әпкесі Денсаулық сақтау министрі Е. Біртановқа жолдаған. Ендігі үміт - министрде. Министр Біртанов бұл жағдайды ескерусіз қалдырмайды деп сенеміз. 
Айнұрға хаттар - 0002.jpgАйнұрға хаттар - 0003.jpg
Министрге жазылған хат