Асқар Мамин: Жұмыс болса, халықтың тұрмысы жақсарады

Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин халықтың тұрмысын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасатынын айтты.

Асқар Мамин: Жұмыс болса, халықтың тұрмысы жақсарады
Фото: Интернеттен алынды

«9 маусым – тарихи күн! Кезектен тыс Президент сайлауы өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Nur Otan партиясы съезінде ұсынылған үміткер Қасым-Жомарт Кемелұлы жеңіске жетті. Халықтың қолдауы арқасында Елбасының стратегиялық бағдарының сабақтастығы қамтамасыз етіледі. Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын толығымен жүзеге асыру – біздің ортақ міндетіміз. Оның негізінде экономика мен инфрақұрылымның тұрақты дамуы, қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, сонымен бірге, білім беру, денсаулық сақтауды жақсарту арқылы халықтың табысы мен өмір сапасын арттыру бар. Жаңа жұмыс орындарын ашу жаңа өндірістердің ашылуына тікелей байланысты. Оны инвестициясыз жүзеге асыру мүмкін емес. Барлық әкімдер мен мемлекеттік органдардың басшылары инвестицияларды тартуға, шағын және орта бизнестің дамуына барынша көңіл бөлуі қажет. Бұл жұмысты тоқтаусыз жүргізу қажет. Жұмыс болса, халықтың тұрмысы жақсарады. Демек, наразылық та болмайды деген сөз. Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасы мен стратегиялық міндетті тиімді жүзеге асыру арқылы әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік жасалады», – деді Асқар Мамин.