Біздің бензин кімді жарылқайды?

Газет мақаласы Айқын газеті №89

Біз өзі сонша көп өнімді шетелге экспорттап жатқан ел емеспіз. Санаулы ғана затымыз бар. Соның бірі – бензин. Энергетика министрлігінің хабарлауынша, Қазақстан жақын уақыттан бастап Қырғызстанға бензин тасымалдауға кіріспек.

Біздің бензин кімді жарылқайды?

Энергетика министрінің орын­басары Махамбет Дос­мұ­хам­бетов­тің айтуынша, келер айдан бастап көрші мемлекетке бензин экспорты басталмақ. Осы­ған ұқсас мәлімдемені ми­нистр Қанат Бозымбаев былтыр күзде арагідік айтып қалып жүретін. Егер бұл жүзеге асқан жағдайда онда тек Ресейден ғана бензин импорттау тәуелділігінен арылады. Қырғызстан статис­ти­калық комитетінің мәлім­деуін­ше, соңғы уақытта дизель оты­ны­ның бағасы 18,5 пайызға қым­­баттап кеткен. Былтыр Ресей­ден Қырғызстанға қарай 411 мың тонна бензин ешқандай баж салығынсыз импортталған. Қырғыз тарапы Қазақстан да сондай шартпен экспорттаса деген өтініш айтады. Ол үшін кең көлемді үкіметаралық келіс­сөз жүргізілуі керек екен. Ресей­ден тасығаннан гөрі Қазақстан­нан сатып ала салған тиімді дейді олар. Себебі, біздің бензин қыр­ғыз­дар үшін әлдеқайда арзанға түспек. Әзірге, жылына 200 мың тонна жеткізудің өзі олар үшін үлкен олжа болмақ.

Жалпы, Қазақстан мен Ресей арасындағы мұнай және мұнай өнімдерінің айналымы туралы келісім ратификацияланғаннан кейін отандық бензинді көрші елдер нарығына сату мүмкіндігі туындаған еді. Салынған тыйым күшін жойғаннан кейін Қазақ­стан Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне мұнай өнімдерін экспорттау мүмкіндігіне ие болды. Бұған дейін елімізде түсті мұнай өнімдеріне деген тыйым күшінде тұрған. Министрдің айтуынша, осы жылы Қазақ­станда 650 мың тоннаға жуық бензин профициті пайда болған. Яғни, осыншама бензин арты­лып қалған. Соған байла­нысты қаңтар және ақпан айларында мұнай өңдеу зауыттарындағы (МӨЗ) қайта өңдеу көлемін бірнеше есеге төмендетуге де мәжбүр болған. Биыл қазақстан­дық МӨЗ-дер 17,2 млн тонна отынды қайта өңдемекші. Бұл былтырға қарағанда 5 пайызға артық көрсеткіш. Статистика комитетінің дерегіне жүгінер болсақ қазақстандық МӨЗ-дер 2018 жылы 3,9 млн тонна мотор отынын, 4,6 млн тонна дизель отынын және 2,9 млн тонна жанғыш мазут шығарған. Ал биыл министрлік бұл көрсет­кіштерді жинақтай келгенде көлемді 12,2 млн тоннаға дейін жеткізуді көздеп отыр. Мұндай жағдайда Қазақстан өз-өзін бензинмен толықтай қамтиды. Енді тек Қырғызстанға ғана емес, сондай-ақ Өзбекстан, Тәжік­стан елдеріне де бензин тасы­малдай аламыз. Қазір еліміздегі үш бірдей ірі мұнай өңдеу зауыты 2016-2018 жылдар аралығында толықтай моде­рни­за­­цияланған. Аталған кәсіп­орын­дарға елімізде өндіріліп жатқан мұнай өнімдерінің 94 пайызы тиесілі. Экономист Төлеген Ахметовтің айтуынша, еліміздің мұнай өңдеп, оны бензин күйінде сатуына толық мүмкіндігі бар.

– Қазақстан – мұнай өндіруші ел. Бірақ осыған қарамастан біз үнемі мұнай өнімдерін сырттан импорттап келдік. Мұнайды өңдеуге біз де күш-қуат жетпеді. Модерниза­цияның арқасында олардың күш-қуаты әлдеқайда артты. Жоғары деңгейдегі өңдеудің нәтижесінде біз Еуро-4 және Еуро-5 стандарттарына сәйкес өнімдер шығара алатын болдық. Бұрын біз Ресейден бензин сатып алуға өте қатты тәуелді едік. Қазақстанның келісімі Ресей­мен шектелгендіктен, мұ­най өнімдерін өзге елдерге де экспорттай алмадық. 2010 жылы екі ел арасында қол қойылған келісімді негіз етіп Ресей Қазақ­станға бензин сатты және Қазақ­станның басқа мемлекет­тер­ге мұнай өнімдерін экспорттауына қатаң тыйым салды. Алайда былтыр қазан айында біз өз құқы­­ғымызды қорғап, Ресеймен арада жасалған келісімшартқа өзгеріс енгізе алдық. Қазір шүкір, өз қажеттілігімізді толық жаба аламыз және артылғанын шетелге сатамыз. Бұл – Қазақ­стан жасаған үлкен қадам, – дейді экономист.

Дегенмен Қазақстан бензин экспорттауы мүмкін елдердің басым бөлігі – Ресейдің де «клиенттері» саналады. Сондық­тан нарықтағы бәсекелестік біз үшін қиынға түсуі де мүмкін. Мұндай ойды осы саладағы сарап­шы Сергей Смирнов айтып қалды.

– Соңғы жарты жылдан бері Қазақстан базалық келісім­шарт­тағы шарттар бойынша келісе алатын емес. Ал МӨЗ-дерде бензин деген толып кетті, яғни профициттен тез арада арылу керек. Бұл аздап болса да ішкі нарықтағы бағаның төмендеуіне алып келді, бірақ соншалықты деңгейде емес. Өйткені өндіру­ші­лер бәрібір тым арзанға сатып жібере салмайды. Ал Қазақстан көрші елдерге бензин сата бастаған кезде, өзіміздегі бензин бағасы ыршып кетуі кәдік. Өйт­ке­ні нарық біртіндеп профи­цит­тен құтыла бастайды. Қазір бензин экспортын баста­дық деп қуанып жатырмыз. Алайда бұл қуаныш қаншалықты ұзаққа созылады? Сонау 2014 жылы Елбасы халыққа арнаған Жолда­уын­да төрт мұнай өңдеу зауыты­ның техникалық-экономикалық негіздемесін жасап шығуды тап­сырған еді. Алайда бұл шаруа­ны ешкім істеген жоқ. Төртінші мұнай өңдеу зауытының құры­лы­сы 2030 жылға шегеріліп отыр. Яғни, сол уақытта елімізде жан­ғыш-отын материалдарының тапшылығы көріне бастайды. Ал Энергетика министрлігі болса тап­шылық 2023 жылы болады дейді. Бұдан шығар қорытынды – министрлік кеңкөлемді жос­пар­­лау жасамайды. Сондықтан нарықтағы бензин профицитінің қаншалықты ұзаққа созыларын да тап басып айта алмаймыз, – дейді сарапшы.


Сарапшының айтуынша, егер 2025 жылы ЕАЭО аясында бірыңғай энергетикалық нарық құрылатын болса онда барлық цифрлар біріктіріліп, бәрі түгел ресей­лік өлшемге бағынуы мүм­кін. Мұндай жағдайда мәселен, АИ-92-нің қазақстан­дық бағасы қазіргіден 80-100 теңгеге қым­бат­­тап кетеді. Олай болса қазақ­стан­дық тұтынушылар қазіргіден де үлкен қымбатшы­лық­қа ұшы­рай­ды. «Сол себепті, іске қазір­ден бастап кірісу қажет. Ол үшін жедел түрде төртінші МӨЗ-дің құрылысын бастау өте-мөте маңызды. Үш зауытта 9 жыл де­ген­де әрең жүріп модерниза­ция­лап шықтық. Сонда төртін­ші­сінің құрылысының өзі бірне­ше жылға созылатын болып тұр ғой», – дейді сарапшы Сергей Смирнов.

Экономист Мағбат Спанов­тың сөзіне сүйенсек, қазақстан­дық бензиннің Ресейге экспорт­та­луы соншалықты елеулі нәти­же­ге ұластырмайды. «Бірінші­ден, Ресейдегі қандай зауыт­тардың жөндеу жұмыстарына орай жабылуына байланысты. Екіншісі – ауа райы. Өзіңіз білетіндей, егер жел, дауыл соқса онда отынды тұтыну көлемі арта түседі. Ал егер ауа райы жылы, ешқандай қауіп-қатерсіз болса онда Ресей өз-өзін қамтамасыз ете алады. Бірақ біздің басты тұтынушыларымыз Ресей емес, Орта Азия елдері және Ауғанс­тан», – дейді экономист.

Айтпақшы, Ауғанстан дегеннен шығады, Қазақстан ЕАЭО елдеріне кірмейтін елдерге де бензин экспорттай алады. Аталған ратификацияны біздің мәжіліс биыл 23 қаңтарда мақұлдаған болатын. Дегенмен бұл жобаның жүзеге аса қоюы екіталай. Өйткені сәуір айында мәлімдеме жасаған Бозымбаев үшінші елдерге бензин тасымал­даудың тиімсіздігін айтты. Оған себеп – ЕАЭО аумағынан тыс жерде бекітілген баж салығы 168,88 долларды құрайды екен. «Бұл экономикалық жағынан тиімсіз және қазақстандық өнім­дердің ресейлік отынмен экс­порттық нарық үшін бәсе­ке­лесуіне мүмкіндік бермейді», – дейді министр. Қалай болғанда да біздің өнімнің нарыққа шығарылуы – үлкен нәтиже. Бірақ ары қарай оны тиімді ұқсату, тиісті бағасын белгілеу, халықаралық нарықтағы бәсекелестікке төтеп беру – Энергетика министрлігі іске асыруы тиіс шаруа. Бозымбаев бастаған шенділер мұндай жауапкершілікті игере ала ма, жоқ па, оны жақын күндері білетін боламыз. Себебі, наурыз айында келісімшарт жасалғаннан кейін экспорт көп ұзамай сәуір, мамыр айларында басталуы тиіс еді. Бірақ маусым басталғанына қарамастан бұл әлі жүзеге аспады.