Кең дүниені толтырайық жабылып...

Газет мақаласы "Айқын" газеті №101

Алтай мен Атыраудың арасында ұзыннан-ұзақ созылған ұлан-байтақ даламызға осы санымызбен аздай көрініп-ақ жүрміз. Ұшқан құстың қанаты мен жүгірген аңның аяғы талатын кең дүниені толтыра алмай далмыз. Ол – рас. Бірақ осы жерде әр аймақтың халқы біркелкі орналаспағасын, ішкі көші-қонның мәселесі қылаң ете қалады. Оңтүстік жұртшылығына жер жетпей жатса, солтүстік өңірдің ауылдары қаңырап бос қалып жатыр. Міне, парадокс.

Кең дүниені  толтырайық жабылып...

Рас, оңтүстігімізден солтүс­тігі­мізге бет алуға тиіс ішкі көштің мә­селесі кәдімгідей қордалана бас­тады. Дәл қазір Қазақстанда бір шар­шы шақы­рым аумаққа 6,8 адам­нан келеді екен. Бұл біздегі адам санының аздығын білдіреді. Ауа райы жанға жайлы оңтүстікте тұр­ғын көп болса, керісінше сол­түстікте тым аз. Кінәні климатқа арт­қаннан пайда жоқ. Өйткені сол­түстік өңірлердегі тұрғын са­нының аздығынан, елге жұмыс кү­ші жетпей жатыр. Бұл ахуалды рет­теу үшін мемлекет бірнеше жыл­дан бері ішкі көші-қонды қол­ға алды. Халықты күнгейден те­ріскейге көшіруге, орна­ласты­руға бел байлады. Осы жоспар жасалға­лы жүзеге асқан жұмыс­тың нәти­же­сі қандай? Теріскейге табан ті­ре­­гендердің саны неге көбеймей тұр?

1992-2018 жылдар аралығында ел ішінде халықтың ең көп көшкен өңірі Алматы қаласы (900 мың адам) болып отыр. Одан кейін Нұр-Сұлтан қаласына 845 572 адам қоныстанған. Көші-қон бойынша көш соңына тұрақтағандар ішінде Солтүстік Қазақстан облысы бар. Мұнда 103 173 адам ғана көшіп кел­ген. Керісінше, бұл өңірден бір­жола көшіп кетіп жатқанның саны көп. Ресейге қоныс аударып жат­қандардың артуына байла­ныс­ты солтүстіктің тұрғындары соңғы жылдары азайып барады. 2050 жылға қарай мұндағы халық саны та­ғы 1 миллионға қысқаруы мүм­кін. Оңтүстікте – керісінше. Өсім қарқыны өте күшті. Бұл бағытпен ке­те берсе, алдағы 20 жылда адам са­ны бұл өңірде 5 миллионға жетуі мүм­кін.

Осы жерде күні кеше елімізде орын алған оқиға, Арыстың жайы да тұр. Көзіқарақты жұрт осы өңір­дің халқын біртіндеп солтүстікке көшіріп алуды құптап отыр. Оның негізгі және салмақты себебі көп. «Үкімет осы орайда солтүстік­ке, жаңа өлкеге, жасыл аймаққа ба­рамын дейтін отбасыларды анықтау керек. Шындап келгенде, ол да Отанның бір бөлшек жері. Әрине, қазір улап-шулап жатқан ел бірден шешім қабылдай қоймас, бірақ ақырын ескерте беру керек. Егер қоныс аударуға ниетті ағайын болса тізімдеп, солтүстік облыс­тардың аудан-ауылдарының карта­сын жасап, таныстыра берген жөн. Солтүстік облыстардан Арыс жұр­ты арасына мамандар тарты­лып, түсіндіру, таныстыру жұмыс­та­рын жүргізе берсе де артық емес.

Туып-өскен, жұмыс істеп жүр­ген жерін тастау оңай емес, бірақ со­лтүстіктің құйқалы топырағы, орманды, егісті даласы да ешкімді өкіндірмесі анық. Оның үстіне ішкі көші-қонға байланысты үкі­меттің жеңілдігі – жұмыс тауып беру, арзан баспана, пайызы төмен несие, мал бағу, жер салу, шаруа­шы­лық жүргізу, бюджеттік меке­ме­лерге жұмысқа орналасу, мектеп бі­тірген балаларға грант секілді тиімділігі көп», – дейді белгілі журналист Мұрат Алмасбек.

Солтүстік Қазақстан облысына көші-қонға байланысты жоба ая­сында көшіп келушілерге арнап 2021 жылға дейін 3 мың отбасылық тұрғын үй салынбақшы. Үкіметтің көші-қон саясатының 2017-2021 жылдарға арналған тұжырым­да­масы бойынша ішкі көші-қонды реттеу жоспары бекітілген. Еңбек және әлеуметтік қорғау министр­лігі 2018-2022 жылдары солтүстік аймақтарға (СҚО, ШҚО, Пав­лодар, Қостанай, Ақмола) 59 мың отбасын көшіру жоспары барын мәлімдеген. 2018 жыл осы межені орындаудың алғашқы жылы бол­ды. Бірақ бұл көштің жүрісі өте ша­бан. Былтыр Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарынан 414 от­басы көшіп келген. Алайда маман­дар солтүстік облыстарға көшуге ниеттілердің қарасы көп екенін айтады. Тиісті анкетаны толтырып, кезек күтіп отырғандар баршылық. Де­мек, халықтың көшуге ниеті бар. Оған біз жоғарыда сөз еткен арыстықтар көптеп қосылса деген ниет бар. Сонда да бұл бағдарлама өте баяу жүріп жатыр. Айта кетейік, қоныс аударушыларға көшіп-қону шығындары үшін отбасындағы адамдардың әрқайсысына шақ­қанда 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жәрдемақы төленеді. Тиісті жұмыспен қамтылады. Бас­пана жалдау үшін 1 жыл бойы суб­сидия беріледі. Мемлекеттік тұр­ғын үй бағдарламасы бойынша үй алу кезегіне тұра алады. Бірақ бұл көшіп барушы үшін ауыз толтырып айтарлықтай көмек дей алмас едік. Сол тұрғын үйді жалға алу келі­сім­шартында егер қоныс аудару­шы­ның отбасы кемінде 5 жыл бойы тұрған жағдайда оған сол тұрғын үйді тегін жекешелендіру құқығы берілуін қарастыру керек. Сондай-ақ жергілікті қалталы азаматтар бұл көшке қолдау білдіріп, бір адам бір отбасыны көшіру жұмысына атсалысуы қажет. Солтүстікті қа­зақыландырудың қамымен 2014 жылдан бастап елімізде «Серпін» мемлекеттік әлеуметтік бағдарла­масы да жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаның мақсаты – халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүс­тік аймақтарындағы (Алматы, Оң­түстік Қазақстан, Жамбыл, Қы­зылорда) жастарды кадр жетіс­пеушілігін бастан кешіп отырған Қазақстанның шығыс, солтүстік және орталық өңірлерінде оқытып, жұ­мысқа орналастыру. Қоныс ау­даруға ниеттенген бірнеше отбасы жағдай ұнамаған, климат жақ­паған, отбасылық жағдайлар кедергі болған деген сияқты бір­не­ше себеппен ол жақты жерсін­бей, қайта оралыпты. Осы жерде жеке отбасыны ғана емес, бүкіл ауылды, көрші-көлемімен, ағайын туы­сы­мен бірге көшіруді қолға алу керек сияқты. Олар бір ауылға қоныс­танса, ағайыннан алысқа кетіп қал­дым деген уайымсыз жүрер еді. Жаңа ортаға бейімделуі оңай болар еді. «Туған жердің топырағы бұйыр­сын, сүйегім басқа жерде қал­ған­нан сақтасын» дейтін қазақ үшін бұл да үлкен мәселе болып отыр.

Бағдарламадан нәтиже шығара ал­май, қалай жүзеге асыруды ой­ластырып отырған министрлік мұ­ны да қарастыруы керек еді. Бұл көш­тің астарында тек көшу емес, солтүстікті қазақыландырып, мектептері мен балабақшалары балалардың аздығынан жабылуға шақ тұрған ауылдардың тіршілігін түзеп, түтінін түтету тұрғандықтан, кө­шудің жүйелі жүргені жақсы. Сон­да ғана жұмыс күшіне тапшы бо­лып отырған шаруашылық­тар­дың беті бері қарап, жағдайы тү­зелер еді.


Халықтың 38 пайызы оңтүстік өңір­лерде қоныстанған. Ал Қазақ­станның солтүстік аймақтарын­дағы халық саны 17 пайызды құ­райды. Егер мұндай үрдіс жалғаса беретін болса, 2050 жылға таман оңтүстік халқының саны, болжам бойынша, 5,2 млн адамға жетеді. Бұл солтүстіктегі тұрғындар са­нынан 4 есе көп болып кетеді екен. Қазіргі уақыттың өзінде оңтүстік облыстарда жаңа туған 100 сәбиге 12 қариядан келсе, солтүстікте 100 сәбиге 53 қарт адамнан келеді. Яғни, әлден-ақ еңбек ресурсы мә­се­лелері туындап отыр. Былтыр сыртқа көшкендердің ішіндегі 71,3 пайыз – орыстар. Сол орыстардың дені осы солтүстік өңірлерден өз елдеріне қоныс аударғандар екен. Ұлттық және халықаралық сарап­шылармен және ұлттық экономика министрлігімен бірігіп, халық са­нына зерттеу жүргізгенде, қазірден бас­тап халықтың орналасуында дисбаланс бар екені белгілі болған еді. «Екі көшкен бір таланғанмен бірдей» демекші, халықтың көшіп ба­рып, қайтып кетуін емес, сол жер­де тұрақтап қалуын қадағалап, құнт­тайтын нақты қадамдар жа­сал­маса, біз айтып отырған қауіп­тің іргесін сөгу мүмкін болмай қа­лады.

 

Түйін:

 

Қазақтың бір жері, екінші жерінен жаман емес.
Кешегі Арыс оқиғасы туралы да айтарымыз біреу: қауіп-қатер бола ма, болмай ма деп қорқып отырғанша, Отанның тағы бір бұрышынан бақытымызды іздегеніміз де жөн шығар...