Жол азабы қашан жойылады?

Редакциямызға ел ішінен түрлі мәселе бойынша хабарласатындар өте көп. Әсіресе, ауылдағы ағайынның дені жөнделмеген жолға, ауызсу тапшылығына, көше атауларының дұрыс жазылмауына алаңдайды. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайтынын» білетін қазақ мәселенің түйінін тарқатқысы келеді. Бұл жолда күресіп, талай табалдырықты тоздырған жанашырлар көп. Олардың үні жергілікті билікке жетпегенімен, редакциямызға жетті. Біз, «Әкімге сауал» айдарын ашып, редакцияға хаттарды жариялап отырамыз. Бұған жауапты жергілікті әкімдік береді деген ойдамыз. Ой қосып, пікір білдірем десеңіз – төр сіздікі.  

Жол азабы  қашан жойылады?

Біз, Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Меркі ауылдық округінің тұрғындарымыз. Елбасы Н.На­зар­баевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер» бағдарламасы туралы айтылды. Білуімізше, бұл бағдар­лама жастардың бойына патриот­тық тәрбие ұялатып, олардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыруға үлкен себеп болды. Өкінішке қарай, бұл бағдарла­ма­ның жылы лебі біздің ауылы­мыз­ды айналып өтті. Ауылымызды көркейтуге қатысты айтар назы­мыз бар.

Біріншіден, бізге осыдан жеті жыл бұрын жөндеуге уәде етілген жолымыз әлі дұрысталған жоқ. Осыған дейін ауыл тұрғында­рының бармаған жері, қақпаған есігі жоқ. Өйткені жолдың кедір-бұдырлығынан тас қараңғыда үйге жету мүмкін болмай қалады. Жауынды күндері балалары­мыздың мектепке барып-келуі мұңға айналады.

Алдымен жайымызды ауыл әкімі Ербол Базарбайұлына айт­тық. Одан нәтиже болмағасын Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбековке бардық. Екеуінің де жауабы бір болды. Ауыл әкіміне бірнеше рет, аудан әкіміне екі рет бардық. «Келесі жылы жөнделеді. Міне, жөндейін деп жатырмыз» деген құрғақ уәдеге тойдық. Соң­ғы рет бізді ауыл әкімінің орын­басары Жасұлан Жұма­ханұ­лы қабылдады. «Енді алты ай шы­даңыздар. Алла қаласа 2020 жылы нақты жөндеп береміз» деді тағы. Біз талай «алты айды» өткердік. Бірақ сол баяғы жауап пен қор­даланған мәселеден шаршадық.

Екінші мәселеміз – көше­міздің атауына қатысты боп отыр. Біз тұратын көше Буденный деген ескі атаумен әлі тұр. Негізінде бұл көше Жақсылық болып өзгерген. 2018 жылы Меркі ауылдық округі Меркі ауылындағы Буденный, Стадионный, Заречный көшеле­рінің атауын өзгерту туралы ар­найы №62 шешімі де шыққан болатын. Сонда Меркі ауылдық округі, Меркі ауылындағы Буден­ный көшесі – Жақсылық боп өзгер­тілген еді. Бұл өзгерісті естігеніміз болмаса, көшеміздің басында Буденный деген атау әлі жазылып тұр. Жақсылық деген атауды ара-тұра жергілікті ме­кенжай туралы анықтама алуға барғанда ғана біліп қаламыз. Неге ескі атаудан арылтып, көшеміздің атауын жар­қыратып қоймасқа?

Ауылға қатысты түрлі бағдар­ламалар бар, «Ауыл – ел бесігі» деген жоба бар деп естиміз. Бірақ олардың пайдасы қайда? Неге жергілікті билік ауылдың көр­кейіп, гүлденуіне, оның жолының жөнделіп, халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына мүдделі емес? Біз осы сауалдары­мызға жауап алғымыз келеді.

 

Бір топ

ауыл тұрғындарының атынан

Гүлнар ҚАЛАБАЕВА,