Ауылға баруға ынталы

Қарағанды облысының ауруханалары мен емханаларында 458 жас дәрігер жұмыс істеуге ниет білдірді. Бұл туралы облыс әкімдігінің аппарат отырысында Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев мәлімдеді. Өңірге жас дәрігерлердің мұндай ағынын қамтамасыз етуге Enbek.kz бірыңғай ақпараттық порталы мүмкіндік берді. Жүйеге 50 медицина ұйымы, оның ішінде мамандарды қабылдауға дайын 9 ауылдық меди­цина ұйымы тіркелген.

Ауылға баруға ынталы

– Порталда біз жас дәрігер­лерді Қарағанды облысында жұмыс істеуге ынталандыру үшін барлық артықшылықтарды көрсеттік: жалақы мөлшері, одан ары резидентурада жұмыс істеу және кәсіби дағдыларды же­тілдіру мүмкіндігі, қызметтік баспана беру, көтермелеу және өзгелері. Нәтижесінде, облыста 458 түлек жұмыс істеуге ниет білдірді. Олардың 81-і ауылдық жерге көшіп баруға дайын, – деді Ержан Нұрлыбаев.

Жас мамандарды баспанамен қамтамасыз ету үшін Денсаулық сақтау басқармасы таяу үш жылда оларға 281 баспана беруді жоспарлап отыр. Абай, Қара­ғанды және Жезқазғанда 27 дә­рігер осы жылдың соңына дейін пәтер кілтін алады. Пәтерлер толығымен жөнделген, жиһазбен және тұрмыстық техникамен жабдықталған.

Сонымен бірге, Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы Теміртау әкім­шілігімен бірлесіп, 60 пәтерлі жөнделген ғимаратты денсау­лық сақтау жүйесінің балан­сына беру бойынша жұмыс­­тар жүргізіп жатыр. Жас ма­мандар үшін Қаражал, Қарқа­ралы, Ақтоғай және Бұқар жы­рау аудандарында да баспана да­йындалды.

Қарағандыдағы №1 қала­лық ауру­хана облыс орталы­ғындағы 12 пә­терді жөндеуге сме­талық жобалау құжатын әзір­леуді аяқтады.

 

Ләззат Қожахметова, Қарағанды облысы,