Ақпарат майданындағы «қауіпсіздік ережесі»

Алматыда діни экстермизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған ақпараттық-оқыту семинары өтті.

Ақпарат майданындағы «қауіпсіздік ережесі»

Шараға қатысқан БАҚ өкілдері мен блогерлер аталған тақырыпта ақпарат таратудың әдістерімен танысып, кәсіби мамандардың дәрісін тыңдады. «Қазақстан Республикасындағы лаңкестік және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығы» ҚҚ мен Алматы қаласының қоғамдық даму басқармасы жиынның өткізілуіне ұйытқы болды.

Сарапшылар дұрыс түсіндірілмеген жағдайда діни тақырыптағы ақпараттар қоғам арасында әлеуметтік қарама-қайшылықтардың туындауына себепкер болуы және кейбір азаматтарды бейсаналы түрде экстремистік әрекетке баруға итермелеуі мүмкін екенін айтты. Сөз арасында журналистердің ақпараттың дұрыс-бұрыстығына мән бермей қоғамды дүрліктірген оқиғалардан мысалдар келтірді.

–  Сондықтан әрбір журналист жұртты үрейлендіріп, дүрбелең туғызбай, бұқара халықтың, жалпы мемлекеттің алдындағы жауапкершілігін толық сезінуі керек. Өйткені экстремистердің де көздеген мақсаты – қоғамда бүлік туғызу, – дейді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры К.Бишманов.

Терминдерді сауатты пайдалану, жауапты мамандардың сөздеріне сүйене отырып ақпарат беру діни экстремизм мен терроризм идеясының бұрыстығына әрбір оқырманның көзін жеткізеді. Керісінше, БАҚ өкілдерінің білместікке бой алдыруы адамды аталмыш ұйымдардың құрығына итермелеуі мүмкін. Мамандар, әсіресе, балалардың ақпараттық қауіпсіздігі басты назарда болғаны абзал дегенді алға тартты. Өйткені санасы уланған ұрпақ жарылуын кейінге қалдырған жарылғыш іспетті қоғамға ғана емес бүкіл бір ұлтқа зардабын тигізеді.

Шара барысында теолог-исламтанушы Сабдин Асқар «Ислам негізінің қазіргі діни-ағымдары» тақырыбында, Дін істері жөніндегі комитеттің республикалық ақпараттық-түсіндірме тобының сарапшы саясаттанушысы Иржанов Руслан «Терроризм мен экстремизмге қарсы ақпараттық іс-қимылдағы БАҚ-тың рөлі» мен діни тақырыптарды жария етудің нысандары мен әдістері жөнінде сөз қозғады. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасындағы лаңкестік және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығы» ҚҚ президенті Бишманов Кәкімжан мырза да қатысушылардың сауалдарына жауап беріп, кеңестерімен бөлісті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараны өткізудегі басты мақсат – ұлтаралық және діни тақырыптағы ақпараттарды жеткізу әдістерін және экстермизм мен терроризмге қарсы күрес барысындағы мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өзара әрекетін қатысушыларға түсіндіру. Семинарды қорытындылай келе журналистер мен блогерлерге діни экстремизм мен терроризмге қатысты мәселелерді БАҚ-та жариялау бойынша әдістемелік пен сертификаттар табыс етілді.

Кәмила ДҮЙСЕН