Бүгін салыққа рақымшылық жасайтын заң күшіне енді

Бүгіннен бастап жеке тұлғалар үшін салықтық рақымшылық жасау туралы заң күшіне енді. Құжатқа сәйкес, 2019 жылдың 1 қаңтарына дейін жиналған салық өсімпұлдары кешіріледі. Ескерер жайт, салық төлеуші алдымен салықтың негізгі қарызын төлеуі тиіс.

Бүгін салыққа рақымшылық жасайтын заң күшіне енді
Фото: Интернеттен алынды

Қаржы министрлігінің мәліметінше, елімізде жыл басында 1,4 миллион жеке тұлғаның салық бойынша жалпы қарызы 20,9 миллиард теңге болған. Соның ішінде негізгі берешектің көлемі – 14,3 миллиард теңге, ал өсімпұлдар – 6,6 миллиард теңге.

Қаржы вице-министрі Қанат Баеділовтың айтуынша, ең көп төленбегені – көлік салығы.  

– Қарыздың басым бөлігі көлік құралдары салығына тиесілі. Одан кейін жер мен мүлік салығы келеді. Шымкент қаласында шамамен 148 мың адам салық төлемей жүр. Одан кейінгі орында Түркістан облысы – 139 мың адам, Жамбыл облысы – 116 мың адам, сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласында қарызы бар 114 мың адам бар, – деді Қанат Баеділов.

Салықтық берешек көлемінің көптігі жағынан Алматы қаласы бірінші орында. Ол жақта Шымкентке қарағанда салық төлемегендердің саны аз болса да, қарыздың сомасы үлкен – 5,5 миллиард теңге. Нұр-Сұлтан қаласы – 2 миллиард, Маңғыстау облысы – 2 миллиард және Шымкент 1,6 миллиард салық төлемеген.

Вице-министрдің айтуынша, салықтық рақымшылық басталғанға дейін негізгі қарыз бен өсімпұлды төлеген адамдар болса, оларға өсімпұлдың ақшасы қайтарылады.