Күзетуді түзету керек

Газет мақаласы "Айқын" газеті №120

Бұған дейін түрмедегі тұтқындарға көрсетіліп келген зорлық-зомбылық туралы көп айтылса да, дәлел-дерегі жеткіліксіз болып,  жабулы қазан күйінде қалатын.

Күзетуді түзету керек

Түрмедегі азаптаудан кейін көз жұмғандардың туыстары әділдікке қол жеткізе алмай, іштей булығып тынатын.  Ал 26 шілде күні Алматы облысының Заречный кентіндегі еңбекпен түзеу колониясындағы оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарап, бірден резонанс туғызды. Өйтпегенде ше,  қылмыс жасап сотталған адамды түзейді деген мекеме түзеудің орнына азаптап жатыр ғой. Бұл сорақылыққа шыдамаған азаматтық қоғам дабыл қақты. 

Түрме бастығынан тұтқынға айналу

Халықтың жан дауысы Мемлекет басшысына жетті. Президент бас прокурорға Заречный ауылындағы түзету мекемесіндегі жағдайды жан-жақты тергеуді тапсырды. Сол-ақ екен, құқық қорғау органдары шұғыл іске кірісті. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Заречный түрмесіндегі зорлық-зомбылық фактілерінің растығын мәлімдеп, колонияға ішкі қауіпсіздік мамандарын жібергенін жеткізді. «Шыны керек, ондай факт – қылмыстық атқару жүйесі үшін масқара. Біз басқа мекемелерді де тексеретін боламыз», – деді министр.

Тәртіптік комиссия шешімімен 14 қызметкер тәртіптік жазаға тартылып, оның 7-еуі ішкі істер органдарынан шы­ғарылды. Түрме басшысының екі орынбасары мен мекеме бастығы да жұмыстан босатылды. Ал бүгінгі таңда қылмыстық-атқару жүйесі мекеме­ле­рінде тексеру жүріп жатыр.

Ал кеше аталған түрмедегі зорлық­шыл топтың бас бостандығынан айы­рылуы мүмкін екені белгілі болды.

Ішкі істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Дархан Қанатбеков Заречный түрме­сіндегі жазасын өтеушілерді азаптаған­дардың сотталуы мүмкін екенін мә­лімдеді.

Осылайша, түрме «тұрғындарына» әлімжеттік көрсетіп, азаптаған түрме қызметкерінің өзі енді тұтқынға айнал­мақ. «Біреуге ор қазба – өзің түсерсің» деген халық даналығы еске түседі мұн­дайда.

 

Түзету мекемесіндегі азаптау

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Теңізжан Жәнібеков түзету мекемлеріндегі келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін жан-жақты іс-шаралар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

«Азаптау оқиғалары болса, сол мезетте шара қабылдаймыз. Қазіргі таңда заңға өзгеріс енгізу бағытында көптеген ұсыныстар түсіп жатыр. Біз бүкіл Қазақ­стан­дағы түрме саласындағы ең білікті мамандарды және үкіметтік емес ұйымдар мен халықаралық ұйым­дардың мүшелерін шақыртып, ұсыныстарын сұрадық. Себебі, өзіміздің жасап жатқан қызме­тімізде кем-кетік бар шығар. Со­ның барлығын азаматтық қоғам­мен жинақтап, 200-ге жуық ұсы­ныс алдық. Жұмыс тобы құ­рыл­ды. Мынадай жайттарды бол­дыр­мау үшін жан-жақты іс-шара­лар­ды қолданамыз», – деді ол.

Оның айтуынша, Зареч­ный­да­ғы оқиғаға қарап, еліміздегі басқа түзету мекемелерінде де сондай жағдай бар деп ойлауға болмайды екен.

«Барлық мекемеде осындай жағдайлар болып жатыр деп айта алмаймыз, бұл бір-ақ факті», – дейді ол. Алайда біз бұл пікірмен келісе алмаймыз. Себебі, бас бос­тандығынан айырылған­дардың қауіпсіздігі мен оларға түрме қыз­меткерлері тарапынан жасалатын зорлық-зомбылық туралы мәселе бұған дейін де көтерілген. Ен­деше, соның бір парасын Теңіз­жан Жәнібектің есіне салуды жөн көрдік.

Дәл осы Заречный түрмесінде былтыр қазан айында «ұрып-соғу» оқиғасы тіркелген. Ол кезде Ал­маты облысы Заречный кен­тін­дегі ЛА-155/12 түзету мекеме­сінде жазасын өтеп жатқан 28 жас­тағы Аманжол Тұраровтың «соққыға жығылғанын» айтып туыстары дабыл қақты. Томо­гра­фия тұтқын­ның миы шайқалып, бас сүйегіне зақым келгенін көр­сеткен. Түрме басшылығы оның соққыға жы­ғылғанын жоққа шы­ғарды, құзырлы орган өкілдері бұл оқиға тексеріліп жатқанын жа­риялады, алайда тексеру нәти­жесі туралы ақпарат таратқан жоқ.

Ал ЛА-155/14 түзету меке­ме­сінде жазасын өтеп жатқанда ауруханаға түскен Қайрат Егім­баевты туыстары жақындарының азаптау құрбаны болды деп санайды.

Тағы да сол Заречный ауы­лындағы түрмеде жазасын өтеп жатқан Самат Саттаровты түрме әкімшілігі үстінен жазған арызын қайта алуға мәжбүрлеп, бірнеше күн ұрып-соққаны туралы БАҚ-та жазылды.

Көктемде Қарағандының Долинка ауылындағы түрмеде де тұтқындар шу көтерген. Мұндай мысалдарды бірінен соң бірін тізе беруге болады.

Осы жылдың мамыр айында түрме реформасына арналған фо­румда 2016-2018 жылдар ара­лығында тұтқындарға қысым көрсетіп, азаптағаны үшін құқық қорғау органдарының 53 қыз­меткері жазаланғаны туралы ресми дерек айтылды. Жауапқа тартылғандардың негізгі дені – полиция қызметкерлері, 13-і қыл­мыстық-атқару жүйесі коми­тетінің қызметкерлері екені де ашық айтылды.

Ал кеше Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Дар­хан Қанатбеков те жыл басынан бері бас бостандығынан айыру орындарында түрлі заңбұзу­шы­лықтары үшін 1 500 қызметкер жазаға тартылғанын айтты. Теңізжан Жәнібеков мырзаны жоғарыдағы ойынан қайтару үшін осы деректер жеткілікті деп ойлаймыз.

 

Бейнебақылау
тәуелсіз болуы тиіс

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасының ай­туын­ша, түрмелердегі азаптау оқиғаларының алдын алу үшін түрмелерге ескертусіз тексерулер ұйымдастырылады. Бейне­ка­ме­ралар орнатуға баса көңіл бө­лінеді. Биылдың өзінде 31 түзеу ме­кемесі қызметкерлерінің кеу­де­сіне бейнебақылау камерасын, яғни видеожетон тағыпты.

«Әр мекеменің өз бейне­ба­қылау жүйесі бар. Қазақстан аума­ғындағы 82 түзеу мекеме­сіндегі қызметкерлердің кеуде­сіне 1 363 ви­деожетон тағылған. Жыл соңы­на дейін тағы 635 ви­деожетон та­ғылады. 2020-2022 жыл­ға қарай да видеожетонмен толық қамту үшін бюджетке өтініш жолдаймыз. Түрмелердегі тәртіпті нығайту үшін қызмет­керлердің жұмысы қатаң бақы­лауға алынады», – дейді комитет төрағасы.

Тұтқындар құқын қорғау жө­ніндегі коалицияның төрағасы Константин Гудаускас түзеу мекемелеріндегі бейнебақылау жүйесі тәулік бойы жұмыс істеуі керек және ол тәуелсіз болуы тиіс деп санайды.

«Бейнебақылау жүйесі Ішкі істер министрлігіне бағынбайтын тәуелсіз жасанды интеллект бағдарламасы болуы керек. Сондай-ақ түрме «тұрғын­дары­мен» жұмыс істеуге қабылданатын қылмыстық-атқару жүйесіндегі қызметкерлердің әлеуметтік мәртебесін қайта қарау қажет. Дәл қазіргі уақытта колонияда төмен жалақыға жұмыс істеуге қызметкерлердің екі санаты ғана келіседі деп ойлаймын: олардың не есі дұрыс емес, не фанат­шыл­дар. Мұндай жағдайда Заречный кентіндегідей оқиғалардан құ­ты­ла алмаймыз. Әрине, қызмет­керлер жұмыстан шығарылды дейді, ертең бәрібір олардың орнына тура сондай адамдар келеді. Себебі, проблеманың та­мыры тереңде», – дейді ол.

Баспасөз мәслихатында қазіргі таңда әрбір колонияда – отряд­тарда шайхана бары айтыл­ды. Бар­лық колония тоңазытқыш, қыс­қа толқынды пешпен, шәй­нек­пен қамтамасыз етіліпті. Тұт­қын­дарға жағдай жасаған дұрыс, бірақ олар үшін бүгінгі таңда ада­ми қатынас жасау өте өзекті. Тұт­қындар үшін түрме ішінің жаб­дық­талуынан бұрын, қауіп­сіздігі аса маңызды. Егер олар өз қауіп­сіздіктеріне алаңдамаса, атышулы бейнежазба түсірілмес те еді.

 

Константин Гудаускас коали­цияға түсетін шағымдардың саны мен сипатына сүйенсек, тұтқын­дарға деген қатал қатынас оқи­ғасы көбейіп отыр. Оның пікі­рінше, Алматы облысының За­реч­ный кентіндегі колонияда болған оқиға ІІМ-нің қабілетсіз кадрлық саясатының көрінісі.


Қазақстандағы тұтқындар құқы қорғалған ба?

Елімізде 2010 жылдардан бері түрме реформасы жүргізіліп ке­ле­ді. Сол реформалар нәтиже бе­ріп жатыр ма деген сауал туын­дайды.

«Түрме реформасы әлі жал­ғасып жатыр. Сондықтан оның нәтижесі туралы айтуға әлі ерте. Біздің бірлестік қылмыстық-ат­қару заңнамаларын және пени­тенциарлы жүйені реформалау жөніндегі жұмыс тобына белсенді қатысады. Біздің тарапымыздан қырыққа тарта ұсыныс жасалды, ол ұсыныстар қылмыстық кодекс пен еліміздің нормативті база­сы­на енеді деп үміттенеміз», – дейді Тұтқындар құқын қорғау жөнін­дегі коалицияның төрағасы Конс­тантин Гудаускас.

Оның айтуынша, Қазақ­стан­дағы тұтқындар құқы қорғал­ма­ған. Себебі, жазалауды орындау­шы орган – Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті өзіне артылған сенімнен шыға алмай келеді. Пенитенциарлы жүйеде жұмыс істейтін адамдардың кәсібилігі аталған мекеменің мақсаты мен міндеттеріне жауап бере алмайды.

Константин Гудаускас коали­цияға түсетін шағымдардың саны мен сипатына сүйенсек, тұтқын­дарға деген қатал қатынас оқи­ғасы көбейіп отыр. Оның пікі­рінше, Алматы облысының За­реч­ный кентіндегі колонияда болған оқиға ІІМ-нің қабілетсіз кадрлық саясатының көрінісі.

«Соңғы жылдары Қылмыс­тық-атқару жүйесі комитеті тәжірибелі кадрлар құрамының айтарлықтай бөлігінен айырылып қалды. Түрме әкімшілігі ішкі тазарту жасау кезінде адал қыз­меткерлерді жұмыстан шығарып, қызметке жас әрі тәжірибесіз ма­мандарды алды. Ондай маман­дар жоғарыдан берілетін бұйрық­қа бағынып, тұтқындар тарапы­нан түсетін шағым жоқ деген есеп үшін жұмыс істейді. Қажет болса, ондай шағым жазған тұтқындарға қоқан-лоқы көрсетіп, күш қол­данады. Біздің коалиция апта сайын тұтқындардың өмірін жақ­сарту, зорлық-зомбылықтың ал­дын алуға қатысты түрлі ұсыныс­тар жасайды. Алайда бізді осы күнге дейін уәдеге тойдырып ке­леді. Сондықтан комитеттің жуыр­да тағайындалған төраға­сына аймақтарға жиі шығып, тұтқындармен, олардың туыста­рымен және азаматтық белсен­ділермен жиі кездесу өткізгенін қалар едік», – дейді ол.

 

Тұтқындарды туған өңіріндегі колонияға жіберсе...

Ал Еуропалық құқық және адам құқы институтының дирек­торы Марат Башимовтың ай­туын­ша, түрме реформасының нә­тижесі қалай деген сауалға За­речный түрмесіндегі оқиға толыққанды жауап бола алады.

«Өйткені Заречныйдағы мұн­дай оқиға бұрын да болған. Адам көз жұмған да оқиға тіркелген. Демек, түрме реформасы тиісті деңгеде өтіп жатқан жоқ. Түзету мекемелері – жабық жүйе. Сон­дықтан ешкім білмей қалады деп ойласа керек. Алайда қазіргі таңда ақпараттық технологияның дамығанын ұмытпауымыз керек. Телефонға түсірді де, интернетке салып жіберді. Маған сол бейне­жазбаны кімнің түсіргені қызық. Шынымды айтсам, бейнежазбаны жүктеген адамды білмеймін. Бей­нежазбаны түрме қызметкер­ле­рінің бірі жіберуі де мүмкін. Өйткені сотталғандарға телефон кіргізбейді. Ал егер сотталушы­ларға телефон кіргізілген болса, демек ол түрмеде парақорлық етек жайған деген сөз. Көктемде Қарағандының Долинкасындағы түрмеде де елді дүрліктірген оқиға болды. Ал біз білмейтін оқиға қаншама?» – дейді заңгер.

Оның пікірінше, түрмелердегі әлімжеттіктерге жол берілмесі үшін қоғамдық бақылауды жо­ғары деңгейге көтеру керек. Сотталушыны алысқа жібермей, өз өңіріндегі колонияға орна­ластырған жөн.

«Бір өңірдің адамдары бір-бі­ріне жылдам үйреніседі. Тұтқын­дар туберкулезге жиі шалдығады. Сондықтан өзі үйренген климатта қалғаны жөн. Оның үстіне, туыс­тары алыс өңірдегі түзету меке­месіне барамын деп қиналмайды. Әрине, ауылдастың арасында парақорлық болуы мүмкін деген қауіп туындайтынын түсініп отыр­мын. Олай болса, түрме қыз­меткерлерінің жауапкер­шілігін көтеріп, парақорлықты азайту үшін олардың жалақысын көтеру керек. Бұл салада еңбек ететін­дердің жалақысының жарытым­сыз екенін жақсы білемін», – дейді сарапшы.

Марат Башимов Қазақстан түрмелеріндегі адам санының 100 мыңнан 29 мыңға азайғанын жетістік деп бағалайды.

«Кезінде Қазақстан түрме «тұр­ғындары» бойынша әлемде үшінші орында тұрды. Қазір 90-ға жылжыдық. Бірақ бұл жетістікке сотталушыларға жарияланған ра­қымшылықтың есебінен жетке­німізді ескеруіміз керек», – дейді ол.

 

Түйін

«Зона үлкен ферма сияқты. Сотталғандар мал сияқты. Полиция бақташы, қойшы, жылқышы... сияқты. Жататын казарманы «отряд» дейді. Оны қоршаған қақпаны «лакалка» дейді. Әркім өз «лакалкасынан» шықпауы керек. Құлып салулы. Қой сияқты санап кіргізіп, санап шығарады. Таңғы астан кейін плацқа солдаттар сияқты шығасың, сені санайды, күнде санайды, зонаға жаңадан түскендей санайды. Таңғы асты айтайын, темір кружка, темір тәрелке, темір қасық. Шанышқы мен шай қасықты ұмыт. Таңғы ас ботқа, қара шай, қара нан, ақ нан да бар. Тамақтың дәм-тұзы жоқ, судан алып, суға салған бірдеңе. Басында тыжырынасың, кейін үйреніп кетесің».

Бұл жазасын өтеп шыққан келіншектің әлеуметтің желідегі жазбасы. Жазасын өтеп келгеніне де көп болмаған. Ал оның баяндауына қарап, ХХІ ғасырдың емес, XVIIIIX ғасырдағы түрме келеді көз алдыңызға. Осыдан кейін біздегі түрме реформасы туралы не айтуға болады?..