Бара бергенше – пара бер

Газет мақаласы "Айқын" газеті №131

Жасырып-жабары жоқ, бізде қазір жемқорлық деген жегіқұртпен бетпе-бет кезікпейтін сала жоқтың қасы. Қайта-қайта бара бергенше пара беріп, мәселесін оңай шешіп алуға бір иығы бұрып тұратын­дар­дың қарасы, тіпті, қалың. Әсіресе, білім саласын еркін бойлаған бұл «ауру» елді елеңдете бастады. Елбасы Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында осы мәселеге ерекше тоқталып, «Жастар­дың өзі де жемқорлыққа қарсы әрекеттерге белсенді түрде қатысуы тиіс. Сатып алынған білім, ақшаға алынған сынақ не болады?» деді.

Бара бергенше – пара бер

Көптеген оқу орнында көрі­ніс табатын жемқорлықтың жайы­на ерекше тоқталған Тұң­ғыш Президент бұған дейін де бұл мәсе­лені бірнеше рет көтерген бо­ла­тын. Еліміздегі бағыт-бағдар­сыз білім беріп отырған оқу орындарын сынаған ол: «Жо­ғары оқу орын­дарын ірілендіруге қатысты шара­лар жүргізу қажет. Бізде 130 артық университет бар. Олардың саны бастапқыда 200-ге жеткен, шетінен бәрі аша берген. Мен ЖОО-ға қарсы емеспін. Қалаған адамның барлығы білім алсын. Бірақ ешкімге қажеті жоқ адамдарды оқытып, диплом та­ратудың не керегі бар?! Ол жақта жемқорлық етек жайып келеді. Құжаттар оңды-солды беріледі. Ары қарай жерге шөп шықпаса да бәрібір» деген еді.

Расында, соңғы онжылдықта дипломды жұмыссыздардың қа­расы көбейіп, «сатып алған дип­ломның» жемісін көрмей жүр­гендердің саны артты. «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев жоғары білім беру жүйесіне кері әсер етіп отырған нақты фактор­ларға тоқталды. «Жыл сайын жо­ғары оқу орындарынан 85-100 мың жас маман түлеп ұшады. Ал олардың 35-40 мыңы жұмыс­сыздар қатарын толықтырады.

Мұның бәрі тиімсіз білім беру бағдарламалары, оқыту­шылық-профессорлық құрам­ның прак­тикалық тәжірибесінің төмен­дігінің белгісі. Көптеген оқу орны білім беру бағ­дар­ла­маларын ондаған жыл бо­йы жаңартпайды. Жоғары оқу ­орын­дары тарапынан осындай олқы­лықтың барлығы Қа­зақ­станның жоғары білім беру жү­йе­сіне кері әсерін тигізе­ді», – деді ол.

Бұл дегеніңіз – жыл сайын жоғары оқу орындарын бітіретін мамандардың 30-40 пайызы жұмыссыз қалады деген сөз. Ке­рісінше, қоғамға қажетті деген мамандық иелеріне сұраныс көп. «Бізде өзің бармай-ақ құжатың оқи беретін оқу орны көп қой. Жемқорлықтың отаны – сол оқу орындары. Тиісті ақша­сын тө­лейді. Сабағы оқулы, бі­лімі бе­рулі. Бізге бұл жүйеден мүл­дем тазару керек. Әйтпесе, дип­ломды осылай алғандар өз кү­шімен жұмыс таба алмаған соң, болашақ жұмысына да дәл солай тұрғысы келеді. Қажеті жоқ оқу орнының барлығын жа­уып, маңыздыларын қалды­рып, олардың өзіне де грант бөлу мәселесін дұрыстап қарас­тыру керек. Жұмысты қанша іздесе де бос орын жоқ маман­дықтарға оқытпай, керісінше, дәл қазір қоғамға керек маман­дық­тарға көптеп орын бөлу керек деп ойлаймын», – дейді Экономи­калық колледж оқытушысы Нұр­сәуле Таңатарқызы.

«Қазір ақша үшін, бөлінген гранттарды иеленіп, диплом беру арқылы студенттер мен мем­лекетті алдау оңай. Ал жұ­мысқа орналасу жағы өте қиын» дейді «Серпін» ұлттық білім және инно­вация палатасының төрағасы Мұрат Әбенов. Оның айтуынша, оқу орындарын сырт­тан тәуелсіз бақылау жоқ. Өздері оқу бағдар­ламасын жасап, өздері бақылап, өздері диплом ұсына­тын дәл қазіргі білім жүйесіне үлкен өз­геріс керек. «Еңбек на­ры­ғындағы университеттің бе­делі болуы керек. Оқу орнын бі­тіргеннен кейін ол маман жұ­мысқа тұрды ма, жоқ әлде ол ма­мандық бо­йынша еңбек етпей ме, мұның бәріне әділ қадағалау керек. Ал бізде қалай? Оқу бітір­ген жас маман жұмыс іздейді. Таппайды. Өйткені оның тәжі­рибесі жоқ. Кез келген мекеме оны жұмысқа ала қоймайды. Өйткені оқу орны мен өндірістің арасында байланыс жоқ. Ол амалсыз жалған анықтама жаса­тып, оқу орнына өткізеді. Осын­дай өтірік анықтамалар арқылы ол оқу орны келесі жылы қайта­дан мемлекеттен грант алады. Міне, әділетсіздік. Ал шын мә­нінде, ол мамандар қоғамдағы жұмыссыз мамандардың ғана қатарын толықтырып отыр», – дейді ол.

Осы жерде жыл сайын қажет етілмейтін, нарықта сұраныс жоқ мамандықтарға неге түлек­тер қабылданады деген заңды сауал туады. Мәселе – сонда, отан­дық жоғары оқу орында­рының дип­ломы бар 1,5 мил­лион­нан астам түлек өз маман­дығы бойынша жұмыс істемейді. Іс жүзінде, еңбек нарығында жоғары білімі бар мамандар талап етілетін тек 15 пайыз жұ­мыс орны ғана бар екен. Жұмыс орындарының 85 пайызын орта арнайы білім иелері алып отыр.

Сондай-ақ академик Ора­залы Сәбден білім беруден көш­тен қалып қойғанымызды жа­сыр­майды. Оның айтуынша, әр министр өз реформасын қалта­сына сала келгенмен, дәл осы жоғары оқу орындарына кел­генде мардымды іске бара қой­майды. «Оны мойындау керек. Білім саласының шырағын жа­ғамыз деп келген кез келген бас­шы келе сала жоғары оқу орын­дарын қысқар­тамыз деп ай­туын айтады. Бірақ қысқарт­пайды. Сапасы нашар болса да, әлі күнге дейін өз жұ­мысын жал­ғастырып келеді. Медицинаны алайықшы, қазір бізге қанша дәрігер жетпей жа­тыр? Ал оған бөлінетін грант­тың саны тым аз. Жұмыс жоқ маман­дықтарға бөлінген грант тиімді ме, жоқ әлде осы медицина са­ласына бөлінген гранттар тиімді ме? Қысқасын айтқанда, біздің мемлекет осының барометрі болу керек. Білім, ғылым сала­сына «аудит» жүргізген жөн. Шегелеп заң қабылдап, соны орындату керек», – дейді ол.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Үкіметте өткен баспасөз конферен­ция­сында «ЖОО-лардың сапалы білім беруін қамтамасыз ету мақсатында үш университет тек­серілді. Бүгінде осы оқу орын­дарының лицензияларын тоқ­тату туралы мәселе шешіліп жа­­тыр» деді. Демек, жұмыс бас­­талды. Ол енді тоқтамау керек.

«Бұрын ректорларды Мем­лекет басшысы тағайындайтын. Енді олар конкурс арқылы та­ғайындалатын болады. Бұл не береді? Біріншіден, ашықтық. Екіншіден, бәсекелестік. Үшін­шіден, қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік және қоғамның осы процеске қатысуы. Жас кадрларға келсек, олардың қа­тысуы қолдалады. Жалпы, жа­сына, мүмкіндіктеріне қарамас­тан азаматтар осы конкурсқа қатыса алады», – деді министр.

«Ұсталмаған ұры емес» дейтін қазақ, өзінің пара алғанын ғана емес, бергенін де жасырады. Жо­ғары оқу орындарындағы ашық парақорлықтың жабық түрде өтетіні сондықтан. Алайда ара-тұра жария болып қалатын тұстары да жоқ емес. Мәселен, «Ақжайық – адалдық алаңы» жобасы аясында батысқазақ­стандық арнайы мониторингтік топ мүшелерінің белсенді қа­тысуымен жоғары оқу орындары мен колледждердегі жемқорлық деңгейі сауалнама жүргізу ар­қылы анықталыпты. Сонда са­уалнамаға қатысқан батысқазақ­стандық студенттер оқу процесі барысында жемқорлыққа тап болғандарын, өздерінің пара бергендерін жа­сырмай көрсет­кен. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО департа­ментінің басшысы Болат Исақов мә­лім­деп: «Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың 7,3 пайыз жауап бе­рушілері мен ҚАЗИИТУ 1,9 па­­йызы пара бергенін көрсеткен. Пара мөлшері 5 мың теңгеге де­йінгі сомадан басталып, 200 мың теңгеге дейін жеткен» деген еді.

Айта кету керек, барлық ЖОО-на тән жемқорлық көбі­­не – рейтинг, сынақ, емтихан тап­сыру кездері, дипломдық жұ­мысты қорғау, гранттар мен жеңілдіктерді бөлу, диплом «сату», диссертация, жоба қорғау кезінде орын алады. Бұған қоса, жатақханаларда орындарды б­ө­луде және бір оқу орнынан екін­ші оқу орнына ауысу жағ­дай­ларында да бой көрсеткен.

Сондай-ақ Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогика­­лық колледж респонденттерінің 16,6 па­йызы, Құрманғазы атын­дағы музыкалық колледжден 14,4 пайызы оқуға түсерде, Жо­ғары техникалық колледж 23 және педагогикалық колледждің 26 пайыз респонденттері оқу про­цесі барысында жемқор­лық­қа тап болған.

Бұл – бір ғана өңірдегі са­уалнама нәтижесі. Оған шынайы жауап бере алмай қалғандарды қосыңыз. Ең ауыры – бұл біздің елдегі қазіргі жағдайдың жаппай көрінісіне айналып келеді. Бұған бір тоқтам болмаса, жалпы елдегі жемқорлықпен күресу де бекер. Әрі студенттердің дипломдық жұмыстарын жазу кейбіреулерге жұмыс болды. Арнайы сарап­шы­лар елдегі 80-нен астам сайтта «тапсырысқа дипломдық жұмыс жазамын» деген хабарландыруды анықтаған. Магистрлік жұмысты 100-300 мың теңгеге 5 күннің ішінде жазып беретіндер өте көп.

Енді мамандар бұған заңна­малық деңгейде тыйым салу ке­ректігін айтып отыр. «Әкім­ші­лік құқықбұзушылық туралы кодек­сінде осындай жарна­ма­лық ­ха­барландыруларды жа­риялау үшін тиісті норма қа­растырылуы қажет. Мысалы, 2018 жыл­дың қа­зан айында Ресейдің Мемле­кеттік Думасы ғы­лыми жұмыс­тарды жазу қыз­меттерін жарна­малауға тыйым салатын заң қа­был­дады. Бізге де осындай қа­тал­дық керек. Өйт­кені бұл білім – оның өмір бойы жейтін наны», – дейді әлеу­меттанушы Ерлан Бошай.

Қалай десек те, жемқорлық­ты жең ұшымен жалғастырып, «ауызбастырық» деп айдар тағып алғанымыз өтірік емес. Енді осы шындықпен шындап күресетін уақыт та келген сыңайлы...