Қазақстанда жұмыс іздеушілер саны өсіп келеді

2019 жылдың шілде айындағы көрсеткіш бойынша елімізде жұмыс іздеушілер саны 172,7 мың адамға жеткен, бұл былтырғы шілде айындағы көрсеткіштен 11,7%-ға жоғары.

Қазақстанда жұмыс іздеушілер саны өсіп келеді
© сурет ашық интернет көздерінен

172,7 мың адам республикамыздағы экономикалық тұрғыда белсенді халықтың 1,9%-на тең. Бұл орайда, жұмыс іздеушілердің 11,7% көрсеткішімен Қазақстан Еуразия экономикалық одақ елдерінің алдына шығып отыр.

«Ресейде жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелгендер саны бір жылда 5,3%-ға артып, 727 мыңға жеткен. Ал, Қырғызстанда 2019 жылдың шілдесіндегі есеп бойынша 24,4%-ға өсіп, 83,1 мың адам болды»,– деп хабарлайды Еуразиялық экономикалық комиссия.

Дегенмен, Арменияда жұмыс іздеушілер саны бір жылда 6,9%-ға төмендеп, 63,1 мың адам болса, Беларусияда 27,7%-ға азайған.

Жалпы алғанда Еуразиялық экономикалық одақ елдері бойынша жұмыспен қамту орталықтарына тіркелгендердің саны 1 млн адамнан асып отыр.