Жайылымға жер жетпейді

Газет мақаласы "Айқын" газеті №155

Жайылымға жер жетпейді. Қазақтың ең шұрайлы жерлері латифундистердің қолында. Қорасында бес-алты сиыры бар қарапайым шаруа малын қайда жаймақ? Жайылымды қайдан таппақ? Ойланған, ойға салған жан бар ма?

Жайылымға жер жетпейді

Ақмола және Солтүстік Қа­зақ­­стан облысына жұмыс са­па­ры­мен барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қой, құс, қозы етін өндірудің, сүтті мал шаруа­шы­лығын дамытудың және мал шаруа­шылығы өнімін экспортқа шы­ғару ісін ілгерілетудің келешегі бар дей келе, алдағы 10 жылда қо­­сымша 50 миллион гектар жайы­­лымдық жер пайдалануға бе­­рілетінін айтты.

Шынында да, бұл ауыл шаруа­шыл­ығы үшін тың серпін болмақ. Өйт­кені кейбір ауылдық жерлер­де, жайылымдық жер таба алмай қи­налған тұрғындар жетерлік. Қа­рағанды облысындағы Құрма ел­ді мекенінде тұратын жеке шару­ашылығын ашып, арнайы бағдарламамен несие алып, оған он бір бас ірі қара сатып алған Аян есімді жігітпен сөйлескен едік. Ол: «Былтыр Үкіметтен не­сие алдым. Бұрынғы жұмысымды тастап, ауылда шаруашылықпен айналысамын деп шештім. Алған несиеме он бір бас сиыр сатып ал­дым. Көктем туа малымды өріс­ке шығардым. Міне, осы кезде қат­ты қиналдым. Сөйтсем, жайы­лымдық жерлердің иесі бар екен. Дегенмен олар не өздері мал жай­майды, не шөбін шаппайды. Тек сол жерлерді бізге қомақты ақша­ға жалға бермекші. Жаңа ғана ашы­лып жатқан бізге олар айтқан со­маны тауып беру қайда? Трак­тор сатып алдым, қазір қысқы мал азығын дайындау үшін шөп шауып жатырмын», – деп ағынан жарылды.

Иә, осы Аян сияқты шаруа қо­жалығын ашып, қиналып қал­ған ауылдықтар көп. Пре­зи­дент­тің: «10 жылда қосымша 50 мил­лион гектар жайылымдық жер пай­далануға беріледі» дегенін ес­тіген олар шынымен қуанып қал­са керек.

Ресми дерекке сүйенсек, Қа­зақ­станда шамамен 187 миллион гектар жайылымдық жер бар. Оның ішінде 22 ірі жайылымдық жер 46 025 мың бас қойды бағуға мүмкіндік береді. Қазақстандағы малдың жалпы саны қазіргі таңда шамамен 26 миллион бастан ар­тық. Жайылымдық жерлердің ерекшелігі – мал жайылымын әр жыл мезгілдерінде ауыстырып оты­рады. Шөлді, шөлейтті ай­мақ­тарда су аз болғандықтан, мал жайылымына қолайсыз. Жайы­лым дегеніміз – мал жайылымы үшін пайдаланылатын, ірі қара мал жаюға қолайлы, ауыл шаруа­шылығына жарамды жердің бір бөлігі.

Сонымен бірге Президент Twitter-дегі парақшасында: «Ауыл шаруашылығы жерлері ішінара түгенделіп, пайдаланылмай жат­қан 16,5 миллион гектар аумақ анық­талды. Үкімет барлық ауыл шаруашылығы игілігіндегі жер­лерді анықтап, жер кадастрының ақпараттық жүйесін цифрлан­дыруы керек. Сонымен қатар түр­лі бағыттағы ет кластерлерін да­мыту қажет. Атап айтқанда, қой шаруашылығын, сүт өндіруді және құс шаруашылығын өркен­де­туге тиіспіз. Сүт өнімі мен құс етін өндіруді екі есе арттырсақ, қосымша 500 миллион доллар өнім алуға болады», – деп жазды.

Мал басы өскен сайын жайы­лым мен қыс азығын дайындау үшін шабындық жерге деген сұра­ныс арта түседі. Мұндай қиын­дықты мал басын көбейтіп отыр­ған басқа да мемлекеттер кешуде. Мәселен, 3,2 миллион ғана халқы бар Моңғолияда 66,2 миллион мал басы бар. Төрт түліктің жыл­дан-жылға көбеюінен елде жайы­лым жерлер жетіспей жатыр. Бұл ту­ралы 2018 жылы Қазақстанның Моңғолиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Қалыбек Қоблан­дин Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте айтқан болатын. «Мал басы жылдан-жылға көбею­де. Биылғы көктемде 70 миллион­нан асып кететіні белгілі болып отыр. Соңғы жылдары Моңғолия­да жайылым жетіспеу мәселесі туындап отыр. Аумағының үл­кендігіне қарамастан, тау-кен өңір­ле­рі бар, тиісінше жайылым тап­шы. Қазір олар мәселені шешу жол­дарын қарастырып жатыр» деді ол.

Иә, қандай ел болмасын ауыл шаруашылығына жіті мән берген кезде, оны болашақта қалай жүр­гізу керегін ойласа керек.

Осы жылдың алғашқы жарты­жылдығында ауыл шаруашылы­ғы­ның жалпы өнімі өткен жыл­дың осы кезеңімен салыстыр­ғанда, 962,2 миллиард теңгеден 1063,5 мил­лиард теңгеге дейін, яғни 10,5 процентке ұлғайған. Үкімет оты­рысында Ауыл ша­руашылығы министрі Сапархан Омаровтың айтқаны – бұл.

Айта кету керек, ірі қара ­мал­дың саны 7,2 миллион, қой 18,7 миллион, жылқы 2,6 мил­лион, құс 44,3 миллион басқа де­йін өск­ен. Сонымен қатар етті мал шаруа­шылығын дамытудың ұзақ­мерзімді бағдарламасы аясын­да 10 жыл ішінде борда­қы­лау алаң­дары және ет комби­нат­та­рымен кооперацияланып жұ­мыс істейтін етті мал шаруа­шы­лы­ғы мен қой шаруашылығында 80 мың отба­­сылық фермерлік ша­руа­­шылық­тарды құруды көздейді.

 

Бізде заң жоқ емес, бар. Бірақ орын­далуы қиын болып тұр. 2017 жыл­дың 20 ақпанында «Жайы­лым­дар туралы» заң толық күшіне енген болатын. Бірақ аталған заң қолданысқа енгеніне екі жылдан асып кетсе де, жа­йы­лымның же­тіспеушілігі, одан туындайтын түсінбеушіліктер өткір мәселе болып тұр. 

Ал сүтті мал шаруашылығының ұзақ­мерзімді бағдарламасы сүт өнім­дерінің импортын алмасты­ру­­ға бағытталған. Жалпы алғанда, өнеркәсіптік және отбасылық үлгідегі сүт-тауар фермаларының санын арттыру есебінен қайта өңдеу қуаттылығын тиеу үшін сүт өндіру көлемін 1 миллион тоннаға ұлғайту жоспарлануда.

2019 жылы 683 отбасылық фер­ма 66,7 мың басқа несие алып, 42 мың бас аналық ірі қара мал әкелген. Сонымен қатар 536 фер­мерлік шаруашылық 210 мың ана­лық қой сатып алу үшін қаржы алған.

Міне, бұл да біздің Үкімет үшін ойланарлық жағдай. Ауыл шаруашылығын өркендету үшін үлкен жобалар қолға алынуда. Дегенмен «Ертең қандай нәтиже шы­ғады? Жайылымсыз және ша­бындықсыз қиналып қалады ғой?» деген де уайым болу керек. Сон­дықтан әр мал санын көбей­темін деп құлшыныс білдірген фермерге, жер бөлу жұмыстары да, оның өзінде жайылым мен шабындық жерді беру жағы да орын алғаны дұрыс-ау.

Сонымен бірге 100 нақты ­қа­дам Ұлт жоспары аясында, стра­тегиялық инвесторлар мен ­тран­сұлт­тық компанияларды қай­та өң­деу секторына тарту бо­йынша жұ­мыстар да жүргізілуде. Түр­кістан облысында түйе және бие сүтін қайта өңдеу бойынша Golden Camel Group ЖШС (Қытай), Павлодар облысында «Лакталис» ЖШС (Франция) жобалары іске қо­­сылса, өңірлерде малды сою жә­­не бастапқы қайта өңдеу бойын­­ша заманауи жоғары тех­нологиялық кәсіпорындар құ­ру, етті терең өңдеу техноло­гия­ларын игеру жөніндегі жобалар іске асы­рылуда.

Ал Алматы облысында қуа­т­тылығы тәулігіне 100 бас ірі қара мал, 1 500 бас ұсақ мал сою бо­йын­ша, «Емпайр фуд» ЖШС-ның (Иран) ет өңдеу кешенінің құ­рылысы бойынша жоба іске қо­сылса, америкалық трансұлт­тық компаниялар өз инвестиция­лары есебінен сиыр етін өндіруге ар­налған заманауи ет өңдеу кеше­нін салуды жоспарлап отыр. Дүниежүзілік банк пен Азия даму банкі де бірлесіп, ет саласын да­мытуды қолдау бағдарламасын әзірлеуде. Бұл да ауылдағыларға ке­рек ілкімді де тиімді жоба. Өйт­к­ені мал өсірген шаруа сүт не ет өні­мін өткізер жер іздеп қинал­май­ды.

Бізде заң жоқ емес, бар. Бірақ орын­далуы қиын болып тұр. 2017 жыл­дың 20 ақпанында «Жайы­лым­дар туралы» заң толық күшіне енген болатын. Бірақ аталған заң қолданысқа енгеніне екі жылдан асып кетсе де, жа­йы­лымның же­тіспеушілігі, одан туындайтын түсінбеушіліктер өткір мәселе болып тұр. Заң мал басының өсуі­не, өзіндік құны арзан әрі эко­логиялық таза мал шаруашылығы өнімдерін шыға­руды арттыруға, ауыл шаруа­­шы­лығына арналған жерлердің то­зуын тоқтатуға, ең бастысы, елі­міздің байлығы 187 миллион гек­­тар жайылымдық жерлерді ұтым­ды пайдалануға бағыт­тал­ғанына қарамастан, оның тиісті дең­гейде орындалмай отырған­ы шындық.

Осы заңның аясында жұмыс іс­теп, жайылымдық жерлерді ұл­ғайтуды қолға алу уақыты келді. Жер бар! Соны ұтымды пайдалана алуымыз керек-ақ. Ауылды көте­реміз, көркейтеміз десек, «малы бар жері жоқ, жері бар малы жоқ» деген қағидатты ұмытып, нақты іске көшу керек.


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ