Бағдаттың қылмысы дәлелденсе Баталов отставкаға кете ме?

Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоровтың қылмысы дәлелденсе, облыс басшысы Амандық Баталовқа отставкаға кетуге тура келеді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Tengrinews.kz тілшісіне берген жауабында айтылды.

Бағдаттың қылмысы дәлелденсе Баталов отставкаға кете ме?
© фотоколлаж Tengrinews.kz

«Сіздер заң жобасының Мәжіліске қайтарылғанын көрдіңіздер. Егер заң жобасы қабылданса, онда ол бойынша норма қарастырылған.... (бағынышты адам сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаса) бірінші басшының жауапкершілігі бар. Бағынышты адамның (Бағдат Мәнізоров) қылмысы туралы сот үкімі күшіне енген кезде, басшы (Амандық Баталов) отставкаға кетуі керек. Бірақ, бұлай деп айтуға әлі ертерек, себебі, заң әлі қабылданған жоқ. Егер заң жобасы қабылданса ол норма заңды негіз бола алады»,– деп агенттік басшысының бірінші орынбасары Олжас Бектенов тілшіге түсініктеме берген.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың қыркүйек айының соңғы күндері Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоровтың ұсталғаны туралы хабар тарады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша, Б.Мәнізоров тергеу изоляторына қамалған. Ол өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікке ілініп отыр.