Суханбердиеваның сыбайлас жемқорлық ісінің схемасы жария болды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұрынғы білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиеваның №3 мектебінің директоры Елена Шеверняевамен заңсыз кәсіпкерлік схемасын жариялады. Бұл туралы елордада агенттік пен қалалық білім басқармасының бірлескен жиналысында айтылды.

Суханбердиеваның сыбайлас жемқорлық ісінің схемасы жария болды
© сурет ашық интернет көздерінен

Агенттіктің аса маңызды істері бойынша тергеушісі Ринат Аймұқановтың айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласының №3 гимназиясында ұзақ уақыттан бері жеке мектеп жұмыс істеп келген.

«Бұл мектеп іс жүзінде Е.Шеверняеваға тиесілі болған. Істі кедергісіз жүргізу үшін Е.Шеверняева өзінің құрбысы вице-министр Суханбердиевамен бірлесіп жұмыс істеген. Олар өздерінің қызметтік өкілеттігін пайдаланып, мектепке «қамқорлық» жасап келген. 2016 жылы білім басқармасы өз оқушыларына орын жетпей жатқан мемлекеттік мектепте жеке мектептің жұмыс істеп тұрғанын сынға алып, директор Е. Шеверняеваға шара қолдануды тапсырған. Директор құрбысы Э. Суханбердиеваға жүгініп, білім басқармасына ықпалын тигізген»,– деді Ринат Аймұқанов.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тексеруі барысында сынып жетпеген оқушылардың жертөледе оқығаны анықталған.

«Санитарлық-эпидемиялық бақылау мен өрт қауіпсіздігі қызметі мектептен бірқатар заңбұзушылықтар тапты. Анықталғандай, гимназияның 48 оқу кабинеті жеке мектепке жалға берілген, 10 кабинет пен тағы бес кабинет біріктірілген. Бұл жалпы сыныптар санының 20% құрайды. Бұл мектепте оқушылардың көптігі бұрын да байқалған. Ал Е.Шеверняева мемлекеттік органдарға мектептің өз сыныптарын жалға бере алатыны туралы дерек өткізген. Мемлекеттік мектеп оқушылары кабинет жетіспеушілігінен жертөледе, бала толы сыныпта оқуға мәжбүр болған. Атап айтқанда, «алғашқы әскери дайындық» пен «технология» сабақтарына ұлдар мен қыздар жертөледе бір сыныпта оқыған»,– деді Р.Аймұқанов.

Бұдан бөлек, елордадағы жиында «Кәсіпқор» холдингінің төрағасы Элдана Сәдуақасова оқу мен өндірістік жабдықтарға бөлінген бюджеттен 2,4 миллион долларды жымқырғаны айтылды. Ол бес жылға сотталған.

Ведомствоның мәліметінше, 2017 жылдан бастап 2019 жылға дейін білім беру саласында сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін 178 адам сотталған.