Министр: Әлеуметтік көмек жалақының баламасына айналып кетпеуі тиіс

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев атаулы әлеуметтік көмек беру тәртібіне енген өзгерістерге қатысты «Ашық диалог» бағдарламасында пікір білдірді.

Министр: Әлеуметтік көмек жалақының баламасына айналып кетпеуі тиіс
Фото: Интернеттен алынды

— Президент Жолдауында атаулы әлеуметтік көмекті беру механизмін түзеуді тапсырды. Мемлекеттің басты міндеті – бұл көмекті ашық әрі әділетті ету, ең бастысы жәрдемақыны еңбекке жігерлендіруші факторға айналдыру. Яғни, атаулы әлеуметтік көмек – айлықтың баламасына айналып кетпеуі керек. Мұндай көзқарас біріншіден, мемлекеттің бюджетіне салмақ салады, екіншіден адамдардың мемлекетке деген орынсыз талаптарын көбейтеді. Ойланып қараңыздар, соңғы 2 жылда көмек алушылардың саны 20 есе көбейген. Бұл бағытта 140 миллиард теңге жұмсалған, — деді Дәурен Абаев.

Оның айтуынша, тиісті қаражаттың көлемі, көмек беру көбейгеніне қарамастан, оңай жолмен атаулы әлеуметтік көмек алғысы келетіндер көбейіп кеткен.