«ҚазАГРО» Бермуд үшбұрышы ма?

Газет мақаласы "Айқын" газеті № 172

Бермуд үшбұрышы бәрімізге таныс. Жолап кеткен кейін қайтпайды. Мәжіліс Төрағасы Нығматулин «Қаз­Агро­ның» күйін осыған ұқсатты. Расымен де, 2006 жыл­дан бері жұмыс істеп жатқан компанияның жағдайы мәз емес. 2018 жылдан бері жиналып қалған шығынның жал­пы көлемі – 400 млрд теңге. Компания басшысы ішкі қа­рыз­дан шетелден маман шақырып, «құтыламыз» дейді.

«ҚазАГРО» Бермуд үшбұрышы ма?

«Квазимемлекеттік сек­тор­дың ірі субъектілер қыз­метінің тиім­ділігін мұқият бағалайтын уақыт келді деп ойлаймын. Әр ұлттық холдинг, әр ұлттық ком­пания Қа­зақстан мен оның азаматтарына өз пай­­дасын әкелуі керек. Шығы­ны шаш етек­­­тен бола­тын квази­мем­ле­кеттік құ­ры­лым­дар­ды және ұлт­тық компа­ния­­ларды көрген түс­т­ей ұмы­туы­мыз керек. Олар шы­ғын­ға емес, тек кірістерге жұмыс іс­теуі тиіс». Президент «Қаз­­Агро­ның» қазіргі халі ту­ралы осылай деген еді. Ком­па­нияға қатысты түбегейлі шешім қа­был­­дауды ұсынған.

Холдинг мемлекеттің агро­­­­өнеркәсіптік кешенді да­мыту сая­сатын жүзеге асы­рады. Несие «үлестіріп», ауыл шаруа­шы­лы­ғына дем береді. Соңғы жылдары «ҚазАгро» шы­ғын­нан көз ашпай отыр. Ком­пания қар­жылан­дырған 672 жобаның 270-і жұмыс іс­те­мей тұр. 40 па­йыз дегеніңіз – компания­ның бір бөлігі емес пе? Сонда халық несие тө­лемей жүр ме? Әлде «бар­мақ басты, көз қысты» әре­кет кө­бейген бе?

«ҚазАгро» басшысы Ербол Қа­ра­шөков мұны былайша тү­сін­дірді. Холдинг соңғы 3 жыл­­да шығынға ұшырапты. «Агро­биз­нес – 2020» бағдарламасы бо­йын­ша өндірушілер екінші дең­гейлі банктерден алған не­сие­сін «ҚазАгро» қайта қар­жы­лан­дыр­ған. Шетел валютасымен қарыз алып, несиені теңгемен берген. Шетелдік валюталар бағамы кө­те­ріліп, холдинг шығынға ұшы­раған. Осының бәрі 2017 жылы басталыпты.

Жалпы, холдингтің сыртқы қарызы жоқ. Ішкі қарызы 700 млрд теңгеге жетеқабыл. Ербол Қарашөков 2021 жылға дейін бар­лық шығынның орнын тол­ты­рамыз дейді. Қалай дейсіз ғой? Шетелден тәуелсіз ди­рек­тор­лар шақырады екен. Ше­тел­­діктерден бәрін рет-ретімен жұмсап, діт­те­ген жеріне «жөнел­ту­ді» үйре­не­тін болар. Әйтпесе, хол­динг жұрт көзіне «төркініне та­си­тын келіншек» тәрізді көрі­неді. Ал­ғанын көресің, қайтарғаны – белгісіз. Қарасаң, апарып бер­ген жағының байығанын бай­қамайсың. Стратегиясыз қи­мыл деп баға бересің де, қоя­сың. Біз осылай дегенімізбен, Нығматулин қаттырақ айтты.

«Сонда компания табыстың орнына шығынды жинақтап отыр ма? Жалпы, «ҚазАгроға» кел­сек, ол өзі жұмбақ құрылым, бей­не бір бермуд үшбұрышы сияқ­ты. Оған түскен ақша еш­бір нәтижесіз, ізім-ғайым жоқ бо­лады. Соңғы бес жылда 500 млрд бердік. Ештеңе жоқ» де­ді ол үш жылдық бюджетті қа­рас­ты­­р­у барысында. Бұған жауап ре­тінде Қарашөков шағын хол­­дингке айналатындарын айт­ты. 7 еншілес компанияның 3-еуін қалдыратын болды. 1 000 қызметкер жұмыстан босап, әкімшілік шығын қысқарады. Сонда 7 компания біріккенде шы­ғынға «жол ашқанына» таң қаласың. Енді тәуелсіз дирек­тор­лар холдингті табыс көзіне «тә­уелді» етер.

 

Айбике ЖАНАСЫЛ