Күйеуі бензин құйып өртеп жіберген әйел қайтыс болды

Нұр-Сұлтанда күйеуі бензин құйып, өртеп жіберген әйел қайтыс болды.

Күйеуі бензин құйып өртеп жіберген әйел қайтыс болды
Фото: Интернеттен алынды

Дәрігерлер бұған дейін оның өздігінен тыныс ала бастағанын, бірақ жағдайы бірқалыпты ауыр екенін айтқан еді. Денесінің 75 пайызын күйік шалған келіншек аман қалғанымен, араға бір ай салып қайтыс болды.

«Астана» арнасы хабарлағандай, бұл отбасы жәрдемақыға күнелткен.

Күйеуінің қорлығынан құтқармақ болып, қызын Нұр-Сұлтанға көшірген ана бұл жағдайға араша бола алмағанын айтады. Ол  күйеу баласы мұндай сұмдыққа тек қызғаныштан емес, жәрдемақы үшін де барғанын мойындағанын айтып отыр.   

— Ол астанаға келген кезде. Пропискасын алды ғой. Астанаға тұрды ғой. Сол кезде оларға 21 000 шықпай қалған. Соны айтып тұр ғой күйеу бала. 21 мың шықпай қалды. Мен 9 жарым айдан бері бала-шағаны жалғыз өзім қарап жатырмын. Қалай мен жұмыс істеп 6 баланы бағамын. Сол 6 балаға қарап отырмын дейді. Аналық менің жүрегімдегі айқайым, ол жазасын алсын. 20 жылдан да көп берсін. Егер сотымыз әділ болатын болса. Қызымды ақтасын, — дейді марқұмның анасы Дәмегүл Қашағанова.

16 жыл отасқан 6 балалы ерлі-зайыптылар Мақтаарал ауданының тұрғындары. Үлкені 16 жаста болса, кішісі 4-те. Балалар қазір әкесінің туыстарының қолында. Марқұмның анасы күйеу баласы соңғы бір жылда жұмыссыз отырғанын айтады. Отбасының кірісі болмағандықтан, олар мемлекеттік жәрдемақыға күн көрген. 

Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты енді «Адам өлтіру» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.  

Күдікті ұсталып, қамауға алынған.