Шымылдық ішінде ...шылым «отыр»

Газет мақаласы Айқын газеті №74

Қазақстан шылым­қор­лық жөнінен Африка елдерін де артқа таста­ды. Республикада ере­сек­тер арасындағы өлім­нің 24 пайызы темекі шегу салда­ры­нан болатын көрінеді. Ресми мәліметке сәйкес, қапта­ған шылым шегушілердің жұмыс үстінде темекі тартуға жүгіруі кесірінен істің дағдаруы, қызмет көрсетудің ұзауы нәтижесінде эконо­микаға 462,2 миллиард теңге шығын келеді.

Шымылдық ішінде ...шылым «отыр»

Мамандардың байламынша, шылымқорлықтың қазақтар арасында жаппай таралуы Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарына тұспа-тұс келіпті. Майданда қан кешкен жауынгерлеріміз қарулар үні тыншығанда айналадағы қырғыннан бір мезетке болса да арылу үшін, ал тылдағы халқымыз жанды мүжіген қайғы-шерден, тәнді қажытқан ауыр жұмыстан бір байыз табу үшін ауызға бір тал темекі қыстырып, құныға соруға, көк бұйра түтінге елтуге үйренді.

Энциклопедияға жүгінсек, 1940 жылдардың соңы мен 1950 жыл­дардың басы – темекі өнер­кәсібінің «алтын ғасыры» болып саналады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде, яғни 1939-1945 жыл­дар аралығында темекі сауда­сы әлемде жоғары деңгейге жет­кен. Темекі компаниялары сол­дат­тарға миллиондаған қорап шылымды тегін жолдаған. Көпте­ген армияларда темекі тамақ ретінде солдат рационының бөлінбес бөлшегіне айналады. Кеңес әскерлері арасында және тылда негізінен, қағазға не газетке «махорка» темекісін орап, «само­крут­ка» тарту кең жайылған.

Темекіні ілгерілетуде Кеңес өкіметі ештеңеден тайынбады. Май­дан туралы фильмдерді ын­ты­­ға тамашалаған қаншама жас­өспірімдер оларда басты кейіп­керлердің бұрқырата шылым тартқанын көріп, өздері де көк түтінге бой ұрды. Соғыстан кейін жаһандық, соның ішінде кеңестік темекі өндірісі миллиондаған тұрақты сатып алушыға ие болды. Бұл ретте «Главтабак» ұйымы РСФСР Азық-түлік тауарлары­ның өнеркәсібі министрлігіне қарады. Ол қазақ арасында шы­лым­қорлықты таратуға ықпал ету мақсатында, жыр сүлейі Жамбыл Жабаевтың жүз жылдық мерей­тойы­на арнап, домбыра бейне­ленген «Джамбул 100» папи­росын өндірістік жолға қойғаны мәлім.

Темекіқұмарлықпен күресті де алдымен дамыған елдер бастады. Америка Құрама Штаттарында Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін шылымқорлар саны күрт өскен. Салдарынан, онжылдықта онкологиялық аурулар саны ұлғай­ды. Сондықтан АҚШ Үкі­меті университеттерді қоса алған­да, қоғамдық орындарда темекі тартуға тыйым салатын заң қабыл­­дауға мәжбүр болды. Бұл шара өзін-өзі ақтады, келесі онжыл­дықта өкпенің қатерлі ісігі дертіне шалдыққан америкалық­тар саны елеулі түрде азайған. Осының арқасында Атлант мұхи­тының ар жағындағы алпауыт мемлекет жүздеген мың еңбекке қабілетті тұрғындарын аман сақтап қалды.

Кеңес Одағы өз республика­ларын­дағы шылымқорлықтың жаппай таралуымен күреске көп басын қатырған емес. Бұл кеселге тосқауыл қоюға Қазақстан тек тәуелсіздігі нығайып, экономи­касы төрт аяққа тең тұрғаннан кейін ғана кірісе алды.

Қазіргі кезде қазақ елінің темекі өнімдерінің нарығын екі ірі компания – «Филип Моррис Қазақстан» ЖШС мен «Джей Ти Ай Қазақстан» ЖШС бақылайды. Бұлар – төрткүл дүниедегі темекі тұтынушыларын «сауынды сиыр­ға айналдырған» Philip Morris International және Japan Tobacco International секілді қос трансұлт­тық компанияның бөлімшелері.

Сигарет және өзге де темекі өнімдерінің өндірісі негізінен Алматы облысында шоғырланған. 2018 жылы Қазақстанда 18 мил­лиард 144,2 миллион дана темекі өндірілді. Басқаша айтқанда, шылымқорлар бір жыл ішінде оның 907,2 миллион қорабын шеккен. 2017 жылғы көрсеткіш бұдан аз – 17,9 миллиард дана. Яғни, тұтыну көлемі артты.

Азаматтар шылым сатып алу үшін тек отандық темекі өндіру­ші­лерге ғана өткен жыл ішінде 96,7 миллиард теңге төлеген. Сөйтіп, шығындарын 2017 жыл­мен салыстырғанда, 16,7%-ға ұлғайтыпты.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс жобасы бойынша сауда объектілеріндегі сату кассалары­ның жанында темекі өнімдерін ашық шығарып қоюға тыйым салу бөлігінде реттеушілік құрал­дар­дың реттеушілік әсерлерін талдау» нәтижелерін жария еткен Денсаулық сақтау министрлігі көңілсіз байламдарға келді.

«Темекі шегудің таралуы бойынша Қазақстанның көрсет­кіші әлемдегі ең жоғары көрсет­кіш­тердің бірі – 22,4%. Соның ішінде ерлердің 42,4 пайызы, әйелдердің 4,5 пайызы темекі тартады. Бұл өзге елдердегіден жоғары: темекі шегудің таралуы Шығыс Жерорта теңізі елдерінде – 22%, АҚШ-та – 20%, Оң­түс­тік-Шығыс Азияда – 19%, Афри­ка­да – 15%, Скандинавия елде­рін­де – 10%» делінген осы талдау есебінде.

Онда Қазақстандағы темекі шегушілердің саны 2 миллион 821,9 мың адамды құрайтыны көр­­сетілген. Яғни, еңбекке қабі­лет­ті жастағы он адамның үшеуі – шылымқор. Оның үстіне бұл індет бойында күші бұлықсы­ған, нағыз тепсе темір үзетін жастағы азаматтарды жалмауда: темекі өнімдерін ең белсенді тұтынушы­лар – 25 – 44 жас аралығындағы қазақстандық­тар екені айтылады.

Құжатта жазылғандай, инфек­ция­лық емес аурулар, оның ішін­де темекі шегуден пайда болған сырқаттар денсаулық сақтауға және әлеуметтік қолдауға жұмса­ла­тын шығындарды күрт артты­рады. Сондай-ақ еңбек өнімді­лі­гі­нің төмендеуіне әкеледі. Елде 2017 жылы денсаулық сақтауға 1,1 трлн теңге жұмсалса, оның ішін­де 0,3 трлн теңгесін немесе 30%-ын Үкімет негізгі төрт ин­фек­­­циялық емес ауруларды (обыр­ды, жүрек-қантамыр ауру­ла­рын, со­зыл­­­малы респиратор­лық ауру­лар­ды, диа­бетті) емдеуге шығын­дап­ты.

Денсаулық сақтау министр­лігі­нің мәліметінше, темекі мен оның түтінінде 3000-нан астам хи­миялық қосылыстар бар. Со­лар­дың 60-ынан астамы канцеро­гендік саналады, яғни жасушаның генетикалық материалын зақым­дай­ды және обыр тудыруға қабі­летті. Зерттеулер деректері бойын­ша, өкпе обырынан қайтыс болу оқиғаларының 90%-ынан астамы және қатерлі ісіктен өлу оқиғаларының 30%-ына жуығы темекі пайдаланудан туған.

Бір күнде неғұрлым көп темекі талын шеккен сайын, сондай-ақ шылымды шайыр және никотин көп болған сайын өкпе ісігінің қаупі де соғұрлым арта түседі. Соны­мен қатар темекі тарту та­мақ, ауыз қуысы, тіл, ерін, көмей, аңқа, қуықасты безі, бүйрек және ұйқы безі обырларын тудырады. Темекі шегу мен обырдың бірне­ше түрінің, оның ішінде асқазан-ішек жолдары, сүт безі және жатыр мойны обырлары арасында байланыс бары анықталған.

Қазақстанда бұқаралық ақпа­рат құралдарында темекі жар­на­ма­сына тыйым салынған. Алайда оның насихаты бәрібір дәуірлеп тұр. Бұл өнімді өткізушілер сауда орындары қожайындарының аузын алып, темекі сөрелерінің дәл касса жанында, кезегін күт­кен сатып алушының тура көз алдында, ең масқарасы сол, ойын­шықтар мен тәттілердің дәл қасында тұруына қол жеткізетін көрі­неді. Темекі өнімдері қойыл­ған сөре-витриналардың дизайны да керемет: жарық беру құрал­дары­мен жабдықталған, түрлі-түсті қанық бояулармен көз жауын алады, мұнда тұтынушы назарын аудару үшін бәрі мұқият ойластырылады.

Қазақстанда темекі өнімдері барлық жерде, тіпті мектептердің қасында да сатылады. Осы орайда 2018 жылғы мамырда еліміздің ірі қалаларында – Нұр-Сұлтанда, Алма­тыда, Ақтөбеде, Қараған­ды­да, Қостанайда, Шымкентте және Өскеменде мектептерден бес минуттық жерде орналасқан 325 сауда нүктесіне тәуелсіз зерт­теулер жүргізілген. Оның бары­сында анықталғаны маман­дар­ды айран-асыр етіпті. Өйткені олар­дың барлығында балаларға бағыт­тал­ған тікелей жарнама әшке­ре­лен­ген. Басқаша айтқанда, темекі индустриясы тұтынушылардың жаңа буынын тәрбиелеуге мықтап кіріскендей.

Зерттеуге сәйкес, аталған қала­лардағы мектептерге қоңсы қонған дүкендердің 42 пайызы шылым қораптарын шамамен 1 метр биіктікте, яғни оқушы бала­ның міндетті түрде көзі түсе­тін деңгейде қоятыны мәлім бол­ды. Сауда нүктелерінің 56 пайызы темекіні тәттілер мен ойыншық­тар­дың жанында орна­лас­тырған. Дүкендердің 70,5 пайы­зы жас өскіндерді қызық­ты­ратын түрлі хош иістендірілген қоспалары бар шылымдар сатады. Бөлшек сауда объектілерінің 92,5%-ында теме­кі­нің жаңадан шыққан түрінің қаптаған жарнамасы ілініпті.

Қазақстанда 15-24 жас аралы­ғын­дағы жастардың 30%-дан ас­тамы үнемі темекі маркетин­гі­нің әртүрлі нысандарына көңіл аударатынын айтқан. 6-9 сынып оқушыларының 57 пайызы темекі жарнамасына және сату орын­да­рын­­дағы жаңа шылым өнімдері­нің промо-акцияларына кезік­кен­дерін растаған.

2015 жылы Саламатты өмір салтын қалыптастыру ұлттық орта­лығы жүргізген зерттеулер Қазақстанда балалардың 18,3 пайызы немесе 11-ден 17 жасқа дейінгі 290 мың 970 жас өскін темекі тартатынын көрсетті. Бұ­дан бөлек, балалардың 40 пайызы күн сайын пассив теме­кі шегуге шалдығады, яғни темекіні жілік майын жұтқандай сорып, будақ-будақ түтін шығаратын шылым­қор­лардың қасында жүреді. Ал дүниежүзілік ғылыми зерттеу­лер­ге жүгінсек, 20 жасқа дейінгі адам­дар үшін темекі шегу анағұр­лым қауіпті.

Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымының болжамдарына сәйкес, Қазақстанда 2,8 миллион шылымқордың 1,4 миллионына темекі шегуіне байланысты мез­гіл­сіз қайтыс болу қаупі төніп тұр. Ал егер мемлекет осы індет­пен күрес­те батылырақ және белсен­ді­рек болмаса, бұл сан ұлғаюы мүмкін.

Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі республикамызда темекі өнімдерін сөрелерде ашық­тан-ашық қоюға тыйым салу ұсынысымен шықты. Ол тиіс­ті заң жобасы түрінде рәсім­де­ліп отыр. Егер сол құжатты Парламент қолдаса, онда темекі атаулы сауда орындарында тек перде тұтылған жабық сөрелер ішінде сатылатын болады.

Әрине, бұл – мемлекетіміз ойлап тапқан жаңалық емес, дүниежүзінің әр атырабында өмір­ге жолдама алып жатқан тәжі­рибе. Бұл жаңашылдық әлем­нің көптеген елдерінде күшіне енді. Көшбастаушылар қатарында Канада, Австралия, Исландия, Ирландия, АҚШ, Ресей, Тайланд, сонымен бірге, Непал, Тринидад және Тобаго сияқты экзотикалық елдер де бар.

Жер-жаһанда Қытайдан кейін­гі темекі өнімдерін өткізудің ірі екінші нарығы болып есепте­ле­тін Ресейде сауда орындарында шылымды беті ашық сатуға бұдан біраз бұрын, 2013 жылы тыйым салған. Оларда темекі сырттағы тұтыну­шыға бейнесі көрінбейтін­дей етіп, жабық «шымылдырық­тың» ішіне салынады. Ал перде сыртында тек жабық сөреде қандай темекі тұрғаны туралы ақ­па­рат беретін тізім ғана басы­ла­ды. Бұл жерде ол тізімдегі шылым атаулары ақ фонда біркелкі қара қаріп­термен терілуі міндет. Әлде­бір марканы бөліп көрсету үшін оны басқа түспен бояуға, графи­ка­лық кескіндер мен суреттерді пайдалануға жол берілмейді. Мұндай тәсілді іске асыру нәти­же­сінде Ресейде ересек адамдар арасында темекі тұтынудың тара­луы көп төмендеген: егер 2009 жылы солтүстік көрші тұр­ғын­дарының 40 пайызға жуы­ғы шылымқор болса, ВЦИОМ зерт­теуі 2018 жылы олардың үлесі 29%-ға дейін кемігенін анықтаған.

Қазақстан Үкіметі шылым­қор­лардың үлесін қазіргі 22,4%-дан алдағы бес жылда 19,9%-ға және одан да төмендетуді мақсат етіп отыр.

Бірақ мемлекет тек «шымыл­ды­қ» құрумен шектелмейді. Темекі тартуға қарсы үгіт-насихат та күшейтілмек. Мәселен, 2018 жыл­дың 12 айында 813 266 адам­ды қамтыған шылым шегушілік­тің алдын алу бойынша 50935 іс-шара өткізіліпті.

Денсаулық сақтау министрлігі осы мақсатта телеарналарда бейне­роликтер айналдыра беру­мен тыйылмай, интернет алаңына да шығып, әлеуметтік желілерге уағыз жүргізуге көшті.