Bek Air билеттерді қайтаратын болды

Ол үшін жолаушының билеті болуы керек.

Bek Air билеттерді  қайтаратын болды
© Cурет ғаламтордан

Bek Air әуе компаниясының тоқтатылған рейстерінің жолаушылары сатып алған жерінде авиабилеттердің құнын толық қайтара алады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Facebook-тегі парақшасында мәлімдеді.

«Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 540 бұйрығымен бекітілген Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларына сәйкес әуе компания не оның уәкілетті агенттері беретін, жолаушының әуе тасымалы шартының талаптарымен танысқанын және жолаушы мен әуе компания арасында әуе тасымалы шартының жасалғанын растайтын құжат жолаушы билеті болып табылады.

Егер тараптардың бірі әуемен тасымалдау шартының талаптарын орындамаса, онда Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 27 желтоқсандағы № 268-XIII Азаматтық кодексінің 9-бабына сәйкес екінші тарап азаматтық-құқықтық дауға сәйкес сот органдары арқылы материалдық және моральдық залалды өндіріп алуға құқылы» деп жазылған министрлік парақшасында.

Есте болса, күні кеше ғана Bek Air компаниясы тиісті министрлік лиценхиямызды алып қойғандықтан, билетті қайтару немесе қайта брондау мүмкін емес екенін мәлімдеген болатын.

«Бізге (жұмысты) тоқтата тұру себептері туралы жазбаша түрде түсіндірілген жоқ. Біз бұл істі өрескел бұзушылық деп санаймыз, өйткені сертификат беру туралы ереженің 34-тармағында егер оператордың куәлігі тоқтатылған немесе қайтарып алынған болса, уәкілетті ұйым дереу операторға хабарлауы тиіс», - деген хатта әуекомпания министрлік тарапынан бұл   талап орындағанын айтқан-ды.

Ал министрлік бүгін әлеужеліге жариялаған жазбасында Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (ИАТА) ақпараты бойынша қазіргі уақытта Bek Air компаниясының Z9 жеке идентификаторы (коды)   әуе компаниясына тиесілі және кері қайтарылмағанын және Z9 кодын қайтарып алу «Бек Эйр» рейстеріне сатып алынған билеттерді қайтару жұмысына әсер етпейтінін мәлімдеді.