Мәселе «москитте» ғана ма?

Газет мақаласы Айқын газеті №90

Күні кеше Петропавлда 2 жасар бала бесінші қабаттан құлап, көз жұмды. Өкініштісі сол, мұндай оқиға бірінші рет тіркеліп отырған жоқ. Жыл сайын күн жылына сала баланы биіктен қорғай алмай, қолдан айырылып қала береміз. Сонда да оның алдын алу шаралары қолға алынбайды. Тек Төтенше жағ­дайлар комитеті маман­дарының ескертпелерімен ғана шектелеміз.  

Мәселе «москитте» ғана ма?

Елорданың әр күнінде осын­дай бір оқиға тіркеледі. Әсіресе, олардың 1-5 жас аралы­ғын­дағы бүл­діршіндер екенін ескерсек, бұған үлкендер жағының салғырт­ты­ғы сеп дер едік. Олар әлі күнге дейін масадан құтқаратын тордың қауіп­сіздікті күшейтуге еш қаты­сы жоқ екенін ескермей келе жатыр.

Былтыр Нұр-Сұлтанда көп­қабат­ты үйдің терезесінен 60-қа жуық баланың құлау фактісі тір­кел­ген. Биіктен құлаған бала­лар көбіне түрлі сүйек жара­қатын алып, бас сүйегі мен ішкі орган­да­ры зақымданған күйде, өте ауыр жағдайда жеткізіледі екен. Терезеден құлаған балалардың қастарында көбіне үлкен адамдар болған. Үй ішінде бәрі бірге, назар­да жүрсе де, неге осындай оқиға көп орын алып кетті? «Ата-аналар көбіне москиттік тордың барына сенеді. Ал ол ешқандай салмақты көтере алмайды. Ол бар екен деп баланы бақылаусыз қалдыруға болмайды. Жақында ғана осылай баламнан айырылып қала жаздадым. Енді мұндай оқи­ғаны ешқандай ата-анаға тілемес едім. Сақтықта қорлық жоқ», – дейді ата-ана Айсұлу Беркімбаева.

Ал дәрігерлер жағы мұндай жағ­дайға жайбарақат қарайтын ата-аналарға арналған қолданыс­та­ғы заңнамамыздың арнайы күші болуы керек деп есептейді. Қайғылы оқиғалардың алдын алудың бірден бір жолы терезеге бала өздігінен аша алмайтын бұғат­тауыштар орнату қажет. Бөлме жиһаздарын да терезеден алысырақ қойған жөн. Әрбір ата-ана баласын биіктен құлаудың қорғау жолындағы қауіпсіздік шара­ларына салғырттықпен қара­мауы керек.

«Көбіне 5 жасқа дейінгі бала­лар құлап кетеді. Олардың аяқ-қолдары сынып, ми жарақатын алады. Бұл екінші жағынан оларға психологиялық соққы болады. Жаз уақытында бұл оқиға жиілей­ді. Кейде бұл оқиғаның соңында бала­ларымыздан айыры­лып қа­лып жатамыз. Сондықтан бұған сал­ғырт­тықпен қарауға болмай­ды», – дейді №2 балалар ауруха­на­сының травмотолог-дәрігері Болатхан Лепесбаев.

Қуаныштысы сол, бұл мәселе­мен айналысып жүрген еріктілер де бар. Мәселен, Бақытжан Сәді­бе­ков өз қаржысынан сақтық шара­ларын еске салатын парақ­ша­лар шығарып, балабақша қабыр­ғаларына іліп жүр. Тіпті көр­ген адамды ойландырып, нәти­же шығаратындай танымдық бейне роликтер де жасаған. Оның айтуынша, бұл мәселені арнайы зерттеу керек. «Оқыс оқиғаның алдын алатын тиісті органдардың жұмысы әлсіз дер едім. Олар бар кінәні ата-аналарға артып қойған. Бірақ бала ол – адам. Ал адам – мемлекеттің байлығы. Олардың әрбірінің амандығы керек. Әсіресе, қазіргі бірінен бірі озып бой көтеріп жатқан тұрғын үйлер­ді соғуға, қолдануға бергенде неге осыны ескермеске?! Олардың үшін­­ші қабатынан бастап терезе­ле­ріне осындай қауіпсіздікті күшейтетін қадағалау қоса жүргі­зілу керек. Сонда ғана, жылда жазда қайталанатын қорқы­ныш­ты оқиғадан құтыламыз. Сонда ғана болашағымыз – балаларды қор­ғай аламыз. Өмір болғасын түрлі ата-ана болады. Ал біз бірінші кезекте қоғам болып баланы қор­ғауға атсалысуымыз керек емес пе?» – дейді ол.

Ал психолог Ерлан Бошайдың пікірінше, балалардың жарақат алуының жиілеуі елдегі балабақ­ша тапшылығы мәселесін де көрсетіп отыр. Қазақстанда бала­бақша жетпейді немесе бағасы өте қымбат. Үйінде екі-үш баласы бар ата-ана әрқайсысына 20-30 мың теңге төлеп балабақшаға бере ал­май­ды. Сондықтан олар жұмыс­қа кеткенде балаларын үйге қалды­руға мәжбүр.

«Бұрынғы үйлерде терезелер толық ашылмайтын, тек жоғары­да­ғы кішкене бөлігі желдеткіш ретінде ашылатын. Ал қазіргі үйлерде орнатылған пластикалық терезелерде ондай жоқ. Айқара ашыла салады. Оны ашуға күш те қажет емес. Ата-аналар тек жоға­ры жағы ашылатын терезе орнат­қаны жөн. Бала терезені өз кү­ші­мен аша алмайтындай құ­рыл­­­ғы­лар­мен жабдықтау керек», – дейді психолог Ерлан Қуантқанұлы.


Ақсұлу ЕДІЛҚЫЗЫ