Қандала қаныңды ғана ішпейді...

Газет мақаласы Айқын газеті №91

Қандала дейтін жәндікті астаналықтар жақсы біледі. Аты қаншалықты сүйкімсіз болса, адамға келтірер зияны да соншалықты. Дәл қазір қалада бір жасырын эпидемия жүріп жатқан тәрізді. «Қандалаға таландық» деп айқайлап ешкім айтпаса да, сол қансорғыштан қашып, пәтерден пәтерге көшіп жүргендер өте көп. Ең өкініштісі, бұл қандала қаныңды ғана ішіп қоймайды. Қалтаңды қағады. Ауру таратады.

Қандала қаныңды ғана ішпейді...

Нұр-Сұлтанда паразиттермен күресетін 50-ден астам кәсіби дезинфекциялық ұйым бар. Солардың әрқайсысы күніне кемі үш пәтерге тазалау жұмысын жүргізеді. Осыған қарап-ақ, жасырын эпидемияның жайылу аумағын аңғаруға болады.

Қандала – тез көбейетін, ұзақ өмір сүретін жәндік. Қауіптілігі сол, қандай да бір жұқпалы аурумен ауыратын адамның қанын сорған қандала екінші сау адамға сол сырқатты жұқтыруы мүмкін екен. Оның көзін өздігіңізден жойып тына алмайсыз. Бір кездері ақтаулық тұрғынның базардан алған препаратпен қанда­ланы улаймын деп көршісінің өліміне себеп болғаны жағамызды ұстатқан еді. Мұндай төтенше жағдайлар жиі қайталанады.

Көбіміз қандаланы ескі үйлерде, жатақ­ха­на­ларда немесе лас пәтерлерде болады деп ойлаймыз. Алайда бұл жұқпалы жәндік сол жағалаудағы элиталы, ең таңдаулы үйлерден де табылады екен. Дезинфектор мамандар сол жағалаудағы атақ­ты «Лазурный квартал», «Север­ное сияние» аталып кеткен тұрғын үйлерде бір емес, бірнеше рет тазалау жұмысын жүргізгенін айтады.

«Біз бас қалада шенеуніктердің де үйін тазартып жүрміз. Шетелге барған бала­ла­ры әкелген. Сондықтан қан­даланы тек тұрмысы тө­­мен­дер жұқтырады деп ой­ла­ғандар қатты қателеседі. Біз жұмысты енді бастағанда, биз­нес­мендер де, шенеуніктер де, депу­таттар да шақырған. Германияға барып кел­гендер бірден шақыртып, киімдерін тазарт­қызады. Өйткені ол жақта қандала деген – күнделікті құбылыс. Міне бізге қандала қайдан келеді деген сұрақтың жауабы», – дейді дезин­фектор Сәуле Омарова.

Ал «Центргордез» ЖШС-ның директоры Раушан Қазбекова болса, бұл жәндіктің көптеп таралуына тұрғындардың өздерін кінәлайды. «Мысалы жақында бір үй болды. Тапсырыл­ғанына бір-ақ жыл болған. Сол үйден де шақырту түсті. Дезинфектор ретінде «Бұл жиһазды құтқара алмаймыз, оны лақтыру керек» дейтін кезіміз болады. Бірақ сол затты кейбір кісілер olx-қа қойып сатып жібереді. Сондықтан ол мәселе қайтадан туындай бастайды», – дейді ол.

Бұл туралы әлеуметтік желіде дабыл қағып жазғандар да бар. Олардың арасында бұл қандаланы Нұр-Сұлтанға елдің әр өңірінен көшіп кеп жатқандар әкеледі деп жазғырғандар көп. Алайда оны дезинфекция саласында еңбек ететін мамандар жоққа шығарады. Олардың айтуынша, керісінше, қандала Нұр-Сұлтаннан еліміздің әр аймағына тарала бастаған. Ең алғаш осы қалада пайда болған. Бүгінде Қара­ғанды, Семей, Ақтау, Қызылорда қала­ла­рында да осы қандала мәселесі ушығып тұр.

Пәтерді жалға алушылар да, үй иелері де үйінде қандала бар болса, оны ашық айтуға қысылады. Өйткені жұрт қандаласы бар пәтерді еш уақытта жалға алмайды. Қандаласы бар үйге қонудан да қашады.

«Сіз, тіпті, қандаласы бар үйге барсаңыз, ол сол үйден де сөмкеңізге немесе киім кеше­гі­ңізге ілінсе үйіңізге әкелуіңіз мүмкін. Жалпы, қалада 60-70 пайыз үйлер жалға беріледі. Сол себепті, жалға алушылардың көбінде қандала пайда болса, басқа пәтерге көшіп кетеді. Олар көрпе-жастықта, матрацта­рын­да қандала бар екенін біле тұра басқа жерге өзімен бірге алып кетіп көшеді. Ал әбден зәрезап болған кейбір тұрғындар бүкіл жиһаздарын, киім-кешегін, тұтынатын заттарын бәрін тастай қашады. Негізі ең дұрысы – осы. Сөйтіп, ол жерді сани­тар­лық тазалаудан өткізіп барып, тұра бастау керек. Әйтпесе, одан басқа әрекеттің бәрі бекер», – дейді Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бас маманы Айбарша Дүйсенбайқызы.


Яғни, жиһазға, көрпе-төсекке жұққан дернәсілден құтылу өте қиын. Оны арнайы дезинфекциялық тазалаудан өткізу керек немесе біржола көзін құртқан жөн. Бірақ тұрғындар мұны кейде ескере бермейді.

Ал мамандар қандала шыққан үйдегі қо­қыс­қа лақтыратын заттың өзін дезинфекция жасап барып тастау керегін айтады. Сосын, қандаланың тағы бір әлсіз тұсы суыққа төзім­сіз. Аязды күндері бөлмені жиі желдеткен жөн. Көрпе-жастықты далаға жайып алған да пайдалы.


Қандала – адам қанымен қоректенетін паразит. Оның қырық мыңнан астам түрі бар. Оның бас қалада ең көп кездесетіні «көрпе қандаласы» екен.

Ал қала тұрғыны Мұрат Сәбиге жиһаз дүкенінен сатып алған су жаңа төсегі бәле боп жабысыпты. «Жаңа диван сатып алдым, сол күннен бастап үйде қандала пайда болды. Қайдан келгенін алғашында түсінбей дал болдық. Ақыр соңында, пәтерге бірнеше рет дезинфекция жүргізіп, диванды лақтырып тындық», – дейді ол.

Расында, қандала жиһаз жасайтын цехтарды да жаулап үлгерді. Мұны дезинфектор­лар да растап отыр. Цехтар былай тұрсын, ірі сауда орындарының өзі де оларды талай рет ша­қыр­­тып, қанда­ла­дан тазартқан екен. Бірақ олар өзде­рі­нің бұл кемшілігі туралы жақ ашпайды. Өйткені жүргізіп отырған кәсібіне үлкен кедергі туады. Бізге де бұл тақырыпта пікір беруден бас тартқандары сондықтан.

Шыны керек, бүгінде қандала­дан қашып пәтерден пәтерге көшіп жүргеніне қанша уақыт болған тұрғындар да көп. «Міне, соңғы бір айда үш пәтер ауыстырдым. Үш пәтерде де есіктен қожайын емес, қандала қарсы алды. Пәтеріне ақ адал ақшасын алып отыр­ғаннан кейін, үй иесі де оған жауапкерші­лік­пен қарау керек қой. Қандаладан адамдары­ның қашып кеткенін біле тұра, келесі адамды оп-оңай қабылдай береді. Бұл дұрыс емес. Ал соңғысында, тіпті, жаңа пәтер болғандықтан, білмей қалдық. Оның ішінде болмайды деп ойлап қалдық. Ақырында сөмкемізді ғана алып шықтық, үйге кірген заттардың бәрін тастадық. Көрпе-төсек, киім кешек бәрі қалды. Бұл қарапайым отбасы үшін үлкен шығын», – дейді Мөлдір есімді тұрғын.

Ал мамандар қандала шыққан үйдегі қо­қыс­қа лақтыратын заттың өзін дезинфекция жасап барып тастау керегін айтады. Сосын, қандаланың тағы бір әлсіз тұсы суыққа төзім­сіз. Аязды күндері бөлмені жиі желдеткен жөн. Көрпе-жастықты далаға жайып алған да пайдалы.

«Қазіргі қандаламен екі жыл бұрынғы қанда­ланы салыстыруға болмайды. Өйткені олардың иммунитеті пайда болды. Базардан алынған дихлофоспен улатады да олардың ішін­де кішкентай болса да химиялық дозасы бола­ды. Бізде кішкентай кезіміздегі прививка алға­нымыз сияқты ғана реакция болады олар­да. Ана қандалалар кішкентай дозаға үйреніп алады да, кейін одан өлмейді. Ал біз кәсіби препаратпен барған кезде оларға ол да әсер етпейді», – дейді «Центргордез» ЖШС-ның директоры Раушан Қазбекова.

Қандала ұясынан тек түнгі уақытта шығады. Адам ұйықтағанда, олар оянады. Қанға тою үшін оларға 20 минут қана жеткілікті. Әбден тойынғасын бұл жәндік үш күннен бірнеше аптаға дейін ұйықтайды. Сондықтан бір рет дезинфекция жасап одан түгел құтылам деп ойламау керек. Мамандардың сөзін тыңдап, кемі үш рет жасау керек.