Ататек жазудағы ала-құлалықтан қашан арыламыз?

Газет мақаласы "Айқын" газеті №93

Бізде көзге көрінбейтін бірақ көңілге кірбің түсіретін елеулі мәселелер өте көп. Солардың ең маңыздысы – әлі күнге дейін тегімізді дұрыс жаза алмай жүргеніміз. Бүгінде қазақстандықтар аты-жөнін жазудың 18 түрлі үлгісін қолданып жүр екен. Пәленше келіні, немересі, шөбересі деген құлаққа оғаш естілетін, ақылға сыйымсыз нұсқалардан бөлек, әлі күнге дейін -ов, -ев, -ович, -евич жұрнағымен жүргендер көп. Бұған не себеп? Азат сана алдымен адамның атын дұрыс жазудан басталмай ма?

Ататек жазудағы  ала-құлалықтан қашан арыламыз?

1996 жылы «Ұлттық дәстүрге байланысты тегін өзгерту туралы» жарлық шықты. Бұл ресми жарлық болға­нымен, ататекті қазақилан­дыру идеясын сонау 1917 жылы Қазақ білімпаздарының бірінші съезінде Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхан көтерген. «Қазақ аты-жөнін орыс халқына еліктеп, «-ов, -ев» деп жазу тоқталсын! Бұдан бы­лай қазақ азаматтары өз аты-жөн­дерін ұлттық дәстүрмен Абай Құнанбайұлы деген сияқты жаз­дыр­­сын, біз де Ахмет Байтұрсынұ­лы, Әлихан Бөкейханұлы бола­йық!» деген еді. Алайда арада ғасыр өткенімен, тегімізге қосақталған қара таңбадан әлі арылған жоқпыз.

Өкініштісі сол, ататегімізді ұлттық дәстүрімізге сай жаңаласын деген Елбасы жарлығы 23 жыл бұрын шықса да, оған немқұрай­лық­пен қарап, әлі күнге дейін ен­жарлық танытып келеміз. Онда «Азаматтар өз тегіндегі қазақ тiлiне тән емес аффикстерді алып тас­тау­ға хақылы» деп деп тайға таңба бас­­қандай көрсетілген. Бірақ тегі­міз­дің толық теңдік алмай келе жатқанына әр адамның өзі кінәлі. Жарлық бола тұра жалтақтаудан жалықпай-ақ келеміз.

«Мен сана болмысы деп 17 кі­тап жазған адаммын. Сонау 86 жыл­дан бастап сананың қалай өзгеріп келе жатқанын бағамдап отырмын. Ең өкініштісі, 1991 жы­лы көптеген адамдар қандай сана­да болса, 28 жыл өткеннен кейін де сол санада әлі отыр», – дей­ді фи­лософия ғылымдарының док­торы, профессор Ғарифолла Есім.

Иә, ағамыздың таңғалатындай, тіпті көңілі қалатындай-ақ сал­мақ­ты себебі бар. Өйткені өзінің тегін ауыстырмағанымен қоймай, жаңа туған баласына, немересіне де әлі сол кеңестік жалғауды теліп бере­тін­д­ер бар. Биыл жыл басынан бері елордада 107 адам аты-жөнін ауыс­тыруға өтініш білдіріпті. Бірақ олар­дың көбі некеге тұруына бай­ла­нысты немесе тегінің оғаш есті­луі­не орай, өзгертуін сұраған. Ал -ов, -ев жұрнағынан арылуға ниет білдіргендері 20-дан әзер асады.

«Енді бұл жеке адамның таң­дауы ғой. Оған біз қарсы келе алмаймыз. Әркімнің өзінің қалауы бойынша қазіргі таңда -ов, -ев, -ина, -евич деген жұрнақтар жал­ға­на береді. Салыстырмалы түрде айтар болсам, көбіне Солтүстік және Шығыс Қазақстан ов-ев-пен қалып жата­ды», – дейді Нұр-Сұл­тан қалалық Әділет департа­мен­тінің бас маманы Айғаным Сауранбаева.

Ал енді қараңыз, орыстан жет­кен осы -ов, -ев жұрнақтарын орыс патшалары мен зиялы қауымының бір де біреуінен кездестіре алмай­сыз. Олардың дені Иван Грозный, Александр Пушкин, Лев Толстой, Ярослав Мудрый болып кете береді. Ал оның астарында сіз бен біз біле бермейтін үлкен мән бар көрінеді.

«-ов, -ев-тің шығу тегіне қа­рай­­тын болсақ, жер иеленуші­лері, құл ие­ленушілер қарамағын­дағы жұ­мыс­­шылар, қызметкерлер ұста­ған. «Кімнің жұмысшысысың? Кімнің құлысың?» деп сұрағанда «Иванов, Сидоров» деп жауап бере­тін бол­ған. Яғни соның құлы­мын деген мағынада айтылады. Бұл жұрнақ әу баста содан шыққан. Сол иесіне тиесілі адам екенін анықтайтын жал­ғау», – дейді филология ғы­лым­дарының док­то­ры Шерубай Құрманбайұлы.

Бірақ Кеңес Одағы тұсында қазақстандықтарға аты-жөніне қосақталған осы қара таңбадан ары­лу оңай болмады. Десе де, ама­лын тауып, айласын асырған­дар бар. Белгілі актер Тұңғышбай Жаман­­құлов ағамыз осы жалғаудан құтылу үшін, тегіне туған жерін қосыпты.


«Қатып қалған қағазға табын­ған біздің шенеуніктер -ов, -ев-імді алдырмай қойған. Алғашқы пат­риот­­тардың бірі болып осыдан қалай құтылам деп көп ойландым. Рудың атына бөлейік десек, бүкіл қазақ оған дайын тұр. Бәрі арғыни, дулати, наймани болып кетеді. Сосын қырық пышақ боп бөлініп тағы бәле боламыз. Өйтуге тағы болмайды. Әркімнің туған жері ыстық қой. Тараз топырағының атын алайын деп шештім. Содан әл-Тарази болдым. Бұл жерде өзге­лер­ден оқ бойы озық болайын, ерекшеленейін, көрінейін деген мақсат болған жоқ. Орыстың -ич, -ов, -ин дегенінен құтылу еді бар ойым. Менің тапқан амалым осы болды», – дейді ол.

Қазір заман өзгерді. Көбіміз тегі­мізді қазақшаласақ, оған сәй­кес диплом, үй-жай, көлік, басқа да мүліктердің құжаттарын түгел ауыс­тырып, сергелдеңге түсеміз деп ойлаймыз. Зейнетақы қорын­да­ғы қаржымды жоғалтып аламын деп қауіптенетіндер де бар. Бірақ тегіңізді бір емес бірнеше рет өзгер­тсеңіз де, сіз туралы мәлімет жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы анық­талады. Құжат ауысты­ру­дың да бұрынғыдай әуре-сарсаңы азайды.

«Егер азаматтың тіркеуі болса, қай ауданға қарайды, сол ауданның халыққа қызмет көрсету орталы­ғына келеді. Келген кезде құжаты­ның түпнұсқасы, туу туралы куә­лі­гінің түпнұсқасы керек. Содан кейін өтініш толтырады. Сосын ор­тақ есептік көрсеткіште түбіртек алып келеді. Оның сомасы 1 265 теңге тұрады. Осы құжаттарды тап­сырғаннан кейін 7 күннен кейін туу туралы куәлік береді. Бүгінде тегімізді қазақыландыру­дың тіл мамандары ұсынып отыр­ған, жанымызға жақынырақ екі үлгісі бар. Біріншісі, адамның есі­мі және ешқандай жалғаусыз тегі көрсе­ті­ле­ді. Екіншісі, адам­ның есімі одан кейін кімнің ұлы, қызы екені жазы­лады», – дейді ХҚКО маманы Еркін Жапаров.

Нұргүл Бақытбекқызының сыны­бында 27 оқушы болса, со­ның 20-сының аты-жөні есімінен кейін ешқандай жалғаусыз тегін көрсету үлгісімен жазылған. Сон­дық­тан мұғалім сабақ сұрарда кейде тығырыққа тірелетінін айтып отыр.

«Бәріміздің аты-жөніміздің қазақша үлгіде жазылғаны бізді қуантады. Мәселен, сыныбымды Азамат Нұрлан деген бала бар. Кейде осы баланы Нұрлан деп шақырып отырамын. Мүмкін мұны кемшілік деп айтуға келмес. Бірақ ұстаз ретінде мен баланың атынан тегі бөлініп тұрса деген ұсынысым бар», – дейді №74 мек­теп мұғалімі Нұргүл Садықова.

Өйткені әлемдік үлгіде алды­мен аты, сосын тегі жазылатын қағи­да бар. Ал қазір біздегі әлі күнге дейін сақталған тегі, есімі, әкесінің аты жазылатын кеңестік үлгіні бір де бір ел қолданбайды. Жалпы, ататек жазудағы ала-құлалық мұнымен шектелмейді.

Қуаныштысы сол, ататекті қа­зақиландыруды зерттеп жүрген адамдар арамызда бар. Мәселен, Бекжан Әбдуәлиұлы халқымызда тегін жазудың көнеден келе жат­қан өзіндік үлгілерін көрсетіп жүр.

«Көне түркі дәуірлерінде де ұлы оғлы деген фамилияның үлгі­лері болған екен. Көне түркі жаз­ба­­ларынан кейін біздің бір сүйе­нетініміз ауыз әдебиеті. Сейілұлы Қараман, Базарбайұлы Төлеген, Сырлыбайдың қызы Жібек деген­дер бар. Қазақ өзінің атасына еш­қа­шан кір келтірмейді. Атасының есімі үшін жанталасып күреседі. Қазақ – осы айтқаным келмесе, атымды өзгертіп таста деп ант су іше алатын халық. Сонда атын өз­герту өзін өлімге қиюдан да жоға­ры болатыны көрініп тұр. Сон­дықтан біз құлдың фамилия­сын алған халық емеспіз. Біз ата­мыз­дың ұлы­мыз, әкеміздің ұлы­мыз», – дейді ол.

Ұлы деген ұғым көп елдердің тегін­де кездеседі. Мәселен, ар­мян­­дардың Петросян, Саркисян де­гендегі ажырамас ян жұрнағы ұлы, қызы дегенді білдіреді екен. Гру­зин­­дердің Шевернадзе, Кика­бид­зе­сіндегі дзе қосымшасы да бала­сы деген мағынада айтылады. Украин­дер­дің Бондаренко, Бон­дар­чук дегендегі жалғаулары да кіші, өзі­нен кейінгі дегенді біл­ді­ре­ді.

Ал біз әлі бірізділікке түсе ал­май келеміз. Біздегі заңдылық бойынша аты-жөніңізді бірнеше нұсқада жазуға рұқсат берілген. Мәселен, Ақсұлу Бадамбек Еділ­қы­зы, Бадамбекова Ақсұлу Еділ­қы­зы, Ақсұлу Бадамбекова, Бадам­бектегі Ақсұлу Еділқызы, Ақсұлу Еділқызы... деп кете береді. Егер тұрмыстағы әйел болса, бұл жерге күйеуінің тегін қосарлап жаздыра алады.

Алайда мамандар осының бә­рін реттеп, тек фамилия жазу­дың ең көп тараған, ұлттық дәс­тү­рі­мізге сай 2-3 үш үлгісін ғана қал­дыр­ған жөн дейді.


Иә, текті түзеу – тектілік. Мәсе­­­лен, Саркисян, Петросян деген фамилиясына қарап-ақ, оның армян екенін жазбай тани­сыз. Меладзе, Алавидзе, Саака­шви­ли десе «грузин» деген ой сана­ңызса сақ ете түседі. Украин­дер де Шев­чен­ко, Тимошенко, Ткачанко деп өзіндік үлгісін қалыптастырып алған. Тектің бұлайша бірыңғай жазы­луы – ұлт тұтастығының көрінісі. Ал біз ата-тек жазудағы ала-құлалықты қалай тыямыз?


Ақсұлу ЕДІЛҚЫЗЫ