Туризм бе, табыс па?

Газет мақаласы Айқын" газеті №99

Мамыр айынан бастап әлеуметтік желіде студенттердің шетел асқан суреттері қаптап кетті. Сөйтсек, еліміздің жастары жаз шыға мұхит асып, чемодандарын арқалап, америкалық Work and Travel бағдарламасы бойынша  жұмысқа аттанады екен.

Туризм бе, табыс па?

Work and Travel-ді қазақшала­сақ: жұмыс және саяхат. Бұл бағ­дар­лама елімізде 90-жылдардың ор­та­сынан бастап іске қосылған. Қазіргі уақытта жыл сайын 1 500-ден астам жас осы мүмкіндікті пайдаланып, Америкаға жол тартады. Үш ай жұмыс істеп, соңғы бір айында Америка Құрама Штаттарын саяхаттайды.

Әлжан Шәріпов бұған дейін шекара асып көрмеген. Ауыл баласы Нью-Йорктың мен мұнда­лаған ғимараттарының алдында қазақтың туын ұстап суретке түсті. Жаһанды аузына қаратқан алып мемлекет Америкаға табан тіреу оның бала арманы еді. Студент бола тұра тәуекелге барып, дәл осы бағдарламаға тапсырды.

– 11-сыныпта ҰБТ-ға дайын­да­лып жүрген сәтте ең алғаш Work&Travel USA деген үлкен жазбаға көзім түсті. Кейінірек оның студенттерге арналған арнайы бағдарлама екенін білдім. Екінші курстың оқу жылы басталған күні бағдарламаға жазылдым. Сөйтіп, арманым мақсатқа айналып, жүзеге асу бұйырды. Қатысу үшін 1 млн тг көлемінде қаражат жұмсадым. Оған бағдарламаға тіркелу, барып-қайту авиабилеттері жұмыс тауып беру, виза рәсімдеу, медициналық сақтандыру, SEVIS сияқты бағдарламаға қажетті барлық құжаттарды рәсімдеу шығындары кірді. Бағдарламаға қабылдау этаптары қиын емес. Қалаңызда орналасқан Work&Travel USA бағдарламасын ресми ұсынатын орталыққа барып, қатысу туралы анкетаны толтырасыз. Бағдарлама жарнасын төлейсіз. Бәрін бірден емес, бастапқы уақытта тек жарты бөлігін ғана төлеп, қалған бөлігін визаға дейін төлеуге болады. Job offer іздеу, яғни жұмыс орнын орталықпен келісе отырып іздей­сіз. Сосын ең маңыздысы, виза алу үшін американдық елшімен сұxбаттасасыз. Сұхбат барысында сізге отбасыңыз, бауырларыңыз туралы көп сұрақ қояды. Себебі, сіздің Отаныңызға қайта ора­латы­ныңызға толық көз жеткізуі керек. Ал егер сұхбаттан өтпесеңіз, осыған дейінгі барлық еңбегіңіз бен ақшаңыз далаға кетеді. Сәті түсіп өтіп жатсаңыз, әуежайға баруға дайындала беріңіз, – дейді ол.

Жаз шыға Америка қыза түседі. Қайнаған тіршілік те осы маусымда басталады. Сондықтан болар сырттан келген студенттердің жұмыс күшін пайдалану жақсы жолға қойылған. Жұмыс айтарлық­тай қиын емес. Әлжаннның айтуынша, жастар қызмет көрсету саласында ғана жұмыс істеген:

– Менің негізгі жұмысым кофе дайындау болды. Жедел түрде 20 секунтта кофе дайындап беретін дүкендер желісінде алғашқы бір айымды өткіздім. Екінші айдан бастап McDonald's-та кассада тұрдым. Бастапқыда тіл жағынан қиналдым. Елде үйреніп, оқып барған ағылшынымыз ол жақта мүлдем басқа. Жергілікті халық өте тез сөйлейді. Кейіннен құлағымыз үйрене бастағаннан кейін, жұмыс­ты толықтай өз күшіммен алып кеттім.

«Адамдар өте аңғал. Саған себепсіз көмектесуі мүмкін. Кейде рақмет айтып та үлгермей қаласың. Мініп жүрген атын сыйлай сала­тын байырғы қазақтарды еске салады. Мәселен, Бостонда таны­май­тын бір кісі маған қуаттан­дыр­ғыш құрылғы берді. Тағы бір кісі Фалмутта баратын жеріме дейін тегін жет­кізіп тастады. Одан қалса, жұмыс­тағы бір жігіт тегін bike сый­лады» деп Сымбатбек Дәрігерхан алғаш­қы әсерін Instagram парақ­шасына жариялады. Америкаға барғанына бір айға жуықтаған. Қазір қонақүй желілерінде жұмыс істеп жүрген Сымбатбек қиындық­тары туралы да айтты:

– Мұны қиындық деймін бе, қызық деймін бе? Бастысы, бәрі жақсы аяқталды. Нұр-Сұлтаннан Нью-Йоркқа Франкфурт арқылы ұштық. Әу баста жүгімізді Франкфурттан алып, ары қарай тағы да өткіземіз деп ойлағанбыз. Бірақ Шенген визасы болмаған­дықтан, жүгімізді ала алмадық. Қызметкерлер біз баратын мекен-жайға артынан салып жібереміз деп қоя берді. Осылайша, 2-3 күн чемодансыз жүрдім. Артынан чемоданым келсе де, басқа штат­тағы досымдікімен ауысып келіпті. Оны қайтадан ауыстыруға тура келді.

Доллар курсының өсуіне бай­ланысты Work and Travel бағдар­ламасына төленетін қаражат та өзгеріп барады.

Мәселен, биыл бағдарламаға қатысу бағасы – 1 575 доллар. Саида Сержанованың айтуынша, барлық шығындарын қоса есептегенде, 3 000 доллар болған. Біздің теңгемен 1 млн 200 мың шамасында. Бірақ уайымдаудың еш қажеті жоқ. Шығыныңыз еселеп ақталуы әбден мүмкін. Себебі, америкалық демеушілер алдын ала санақ жасайды. Оған сағат сайын істейтін жұмысыңның бағасы, үй арендасы, депозит, жол жүру, тамақ шығыны сияқты кететін ақшалар мен келетін табыстар нақты есептеліп қойы­лады. Егер көп табыс тапқыңыз келсе, артығымен жұмыс істеуіңіз­ге де болады.

Елімізде Work and travel бағдар­ламасы бойынша жұмыс істейтін орталықтар саны да жылдан-жылға көбеюде.

– Қазір қонақүйде жұмыс істеп жүрмін. 3 бөлмелі үйде Қазақ­станнан келген 12 қыз бірге тұра­мыз. Өткен жылы келген студент­тердің кеңесі бойынша макарон, күріш, қарақұмық сияқты тамақ түрлерін өзімізбен бірге алып келгенбіз. Келгенімізге бір айдай болса да, азығымыз біткен жоқ. Бұл жақта жеміс-жидектер өте арзан. Мысалы, 300 теңгеге 10-12 банан ала аламын. Бірақ басқа өнім­дер қымбат. Нанды салығымен қоса есептегенде, 400-500 теңгеге аламыз. Еттің бағасы шарықтап тұр. Сондықтан шығар, жергілікті халық фасфутты жиі қолданады, – дейді Саида Сержанова.

Work and Travel бағдарла­масымен Америкаға баруға шешім қабылдасаңыз, өзіңіз тіркелген орталықтан медициналық сақ­тандыру алуды ұмытпаңыз. Себебі, Америкада дәрі-дәрмек пен дәрігерлік көмек көрсету құны қымбат. Әлжан айтпақшы, «Аме­ри­када ауырмауға тырысу керек. Иммунитетті көтеретін тамақтар тұтынған абзал».

Дональд Трамп президенттік сайлау кезінде Work and travel бағдарламасын жабатынын ескерткен болатын. Оның айтқаны әлі орындалмаса да, бағдарламаға ықпалын тигізіп жатыр. Ол қалай? Өзге елден жұмыс істеуге барған студенттің жалақысынан федерал­ды, штаттық және медициналық салық алынып отырады. Шамамен тапқан табысының 20 пайызы. Алайда ол студент өз еліне орал­ғаннан кейін 6 ай немесе 1 жыл шамасында салықты қайтарып алуға мүмкіндігі бар. Келесі кейіпкеріміз Гүлдана Смағұлова салықты қайтарып алудың қиындап кеткенін айтты:

– Салықты қайтарып алуға талпын­ғанымнан ешнәрсе шық­пай­тынын түсіндім. Сондықтан қайтарып алмадым. Америкада дүкенде сатушы болып жұмыс істедім. Бұл бағдарламаның ұнайтын тұсы – саяхат. Студенттер үшін жаңа мәдениетпен танысу, өзге құрлықтың артықшылығы мен кемшілігін көру үлкен мүмкін­дік. Бір ғана «бірақ» дейтін тұсы бар. Біз Work and travel бағдарла­масы бойынша J-1 жұмыс визасы­мен бардық. Егер болашақта Америкаға турист ретінде барғы­мыз келсе, виза алу бізге қиын болайын деп тұр. Себебі, елшілік біздің ол жақта жұмыс тәжірибеміз болғандықтан, қалып қояды деп қорқады.

Елімізде Work and travel бағдар­ламасы бойынша жұмыс істейтін орталықтар саны да жылдан-жылға көбеюде. 2011 жылы 8 тамызда АҚШ-қа осы бағдарлама­мен барған студент Айнұр Ахметова Массачусетс штатында, бассейннің жанында ес-түссіз жатқан жерінен табылған еді. Кейіннен елге жеткен Айнұр Ахметова 2011 жылы 21 тамызда елорда ауруханасында қайтыс болды. Арада 8 жыл өтті. Оқыс оқиғалардың көп тіркелмеуінен қызмет сапасының жақсарғанын байқауға болады. Осы салада қызмет өтілі бар Әнуар Хамзиннің айтуынша, қауіпсіздік жағынан барлығы заңға сай.

– Студенттер жазғы уақытқа сай қызмет көрсету саласында ғана жұмыс істейді. Бұл бағдарламаның артықшылығы ағылшын тілді ортаға түсіп тіл дамыту және  шығын­ды жұмыс істеп жүріп өтеп алу. Дамыған елдердің өмірін бақылау, шетелдегі жұмыстың ерекшелігін түсіну, – дейді ол.

Бір ғана кемшілігі үйіңді, туған еліңді, ұлттық тамағыңды сағына­сың. Бірақ жазғы 4 айыңды есте қаларлықтай жаңа ортада өткізу үшін мұның бәрін ұмытуға болады.

Бұлбұл орманын, адам Отанын жақсы көреді. Тәжірибе алмасу, жаңа әлеммен танысу керек те шығар. Бірақ туған ел, таныс орта одан да жақсы емес пе?

 

Көктем ҚАРҚЫН