Ұят болып жүрмесін...

Газет мақаласы "Айқын" газеті №102

Жаз мезгілі тек балалардың демалып шаттыққа бөленетін мезгілі ғана емес, сонымен қатар той уақытының да жиілейтін кезі. Алысты жақындатқан қуаныштың  бірі жақында елордамызда өткен үйлену салтанаты болатын. Киіз үй құрып, құдаларды күт­кен­дер келінді шырайлы Шымкенттен түсірген еді. Осы тойда бір қызық болды, шыжық десе де болады...

Ұят болып жүрмесін...

Қызды-қыздымен келін түсі­ріп отырған құдағи «Мен ке­­лін түсіп, иіліп сә­лем бер­генде қосыла сәлем беріп­пін» деп бәрін бір күлдіріп алды. Тек құда жақ­тан келген жігіт аға­сы «Не дейді? Келінге сә­лем салға­ны несі?» деп ай­тып қалды!

Бұл біздің қазақ халқы­ның жылдар бойындағы құн­ды­лықтарын құнт­та­мауы­мызды ғана емес, ұлтсыз­да­нып кете жазда­ғаны­мызды білдіреді. Әйтпесе, осы сәлем салуды солтүстіктегілер білме­ді дейсің бе?

Әрине, дала заңы бойынша ата-бабаларымыз әдет-ғұрып, салт-дәстүрді сақтап келді. Этнограф Досымбек Қатран сәлем салу ықылым заманнан бері келе жатқан салт екенін айтады. Туыстық қатынас­тардың күрделенгеніне байла­ныс­ты әулеттегі жара­сымды сый­ластықтың жібін үзбеу үшін қалыптас­қан дүние дейді.

«Қазақ қоғамында әйел затына қатысты ырым-ты­йым, шектеу өте көп. Себебі, әйел – өмірге ұрпақ әкелетін, оны өсіріп, тәрбиелейтін бір­ден-бір адам. Сондықтан оның дені сау, көрегенді, тәрбиелі болуы керек. Отба­сы­ның кіші ұл-қыздары үйдегі шаруа­шы­лық­тың бел орта­сында жүрген келінге қарап бой түзеп, соған қарап өсетін болған. Ұрпақ өсіре­тін бірден-бір адам әйел болған­дықтан, ырым-шектеу де көбей­е түскен», – дейді этнограф.

Қазақ келіні тек ата-ене­сіне, қайын жұртына ғана иіліп сәлем салмайды, алыс­тан ат терлетіп келген ағайын­да­рына да құрмет көрсетеді.

«Жалпы, келінге жүкте­летін міндет көп қой. Солар­дың бірі – өзі түскен шаңы­рақ­та, өзі жүрген ортада жақ­сы аура қалыптастыру. Неге дейсіз ғой. Келіннің сә­лем салуы – сыйластық ортаны қалыптастыратын, өзгелердің субор­динация сияқты дүние­лер­ді қатаң сақтауына, өзін дұрыс ұстауына жетелейтін керемет бір этикалық мәні бар ереже, тәртіп ретінде орнық­қан дүние», – деп санайды Досымбек Қатран.

Сәлем салу жай ғана иіле салу емес, оның ар жағында үлкен тәрбие, сыйластық жа­тыр. Сәлем салған келінге үлкендер де «өркенің өссін», «бақытты бол», «көп жаса» деп жауап қайтарып, ризашылы­ғын білдіріп жатады.

Негізінде, сәлем салғаннан ешкім қорланып, кем болып қалмайды. Керісінше, бұл отба­сындағы сыйластыққа жол ашып, оны одан ары кү­шей­те түсетін үрдіс. Соны­мен бірге, сәлем салуды ширк дегісі келетіндер де бар. Бұл туралы журналист Өмірзақ Ақжігіт: «Қазақтың исламға дейін қа­лып­­тасқан тағылымға толы осынау керемет салтын көнер­діге санап, күресінге лақтырып жібергісі келетіндер де бар. Ал негізі «Алла Тағала Адам атаның қабырғасынан Хауа ананы жаратқан соң, «міне, сенің өмірлік серігің» деп таныстырғанда оның басына ақ жаулық салып көр­сет­кен екен, Хауа ана Адам атаға иі­ліп сәлем салыпты» деп жаза­ды «Салт-дәстүр сөй­лейді». Біреулері мұны оның мән-маз­мұнын білме­ген­­дік­тен, ал­дыңғы буын айт­па­ғандық­тан, дәстүр тамыры үзіле бас­та­ғандықтан істесе, екіншілері әсіредіншілдікке ұрынады», – дейді.

Міне, сәлем салудың үл­кен тәрбиелік мәні бар екенін көріп отырмыз. Қазақ халқы осы ұлттық құндылықтар ар­қылы өткенді өшірмей, қайта болашақта осы салт-дәстүрі­мізді жаңғырта түсуі керек. Бұл бір сәлем салуда ғана емес, осындай тойда орын ала­тын «құдалық», «есік ашар», «төркіндеу» және басқа жо­ралғыларды бірізділікке са­лып отырсақ құба-құп.

Қазақтың ұлттық құнды­лы­ғы туралы айтылып та, жазылып та жатыр. Осындай кезде әркім білгенін емес, ата-бабамыздан қалған мирас, ғасырлар бойы мұра болып келе жатқан салт-дәстүрді орны­мен пайдаланып, қол­дан­са дегіміз келеді! Өйтпесек, ұят болады!