Жағдайы жоқ ел жанымен алыса ма?

Газет мақаласы "Айқын" газеті №110

Душанбеде өз-өзіне қол жұмсауды бақылаған ғалымдардың қатысуымен арнайы дәріс өткізілді. 30 жылдық бақылау нәтижелері бойынша Орталық Азиядағы суицидтер саны бойынша Қазақстанның бірінші орынды иеленгені белгілі болды. Деніміз ислам дінін ұстансақ та, тізімнің басынан орын алғанымыз қабырғамызды қайыстырды.
Ең өкініштісі, өз-өзіне қол жұмсаудың 76 пайызы халқының табысы төмен және орта елдерде орын алады екен. Демек, бұл жер­де ақын Иранғайып айтқан­дай, «өмірді сүрмей, өмірге сүрі­ліп жатқан» қазақтың бес батпан мұңы да тұр. Соғыссыз, табиғи апатсыз осынша жұрттың жап­пай қырылуына не себеп? Осы сауалды алдымызға көлденең тартып көрдік.

Жағдайы жоқ ел жанымен алыса ма?

Суицид ұғымы XVII ғасырда пайда болғанымен, адамзаттың өмірін жалмаған бүгінгідей жағдайға енді жетіп отыр. Қазіргі қоғамда өзін-өзі өлтіруге итер­мелейтін жайт көбейіп кетті. Ресми мәліметтерге сүйенсек, әлем бойынша әр 25 секунд сайын бір адам өз-өзіне қол жұм­саса, дәл осы суицидтің кесірінен жылына 1,5 миллион жан өмі­рімен қоштасады.

Өз-өзіне қол жұмсаудан – Қа­зақстан Орталық Азия мемле­кеттерінің арасында бірінші орында болса, әлем бойынша алғашқы бестікте тұр. Орталық Азия елдерінде өзіне-өзі қол жұм­сау оқиғаларының саны бойынша Қазақстан көш бастап келеді (48,1), одан кейін Түркі­менстан (15,8), одан кейін Өз­бекстан (13,6) және Қырғызстан (13,4). Тәжікстанда бұл көрсет­кіш басқа елдерге қарағанда төмен болса да, (7,2) ол елде де өсу үрдісі бар екен.

Жалпы, суицидті бір ғана себеппен байланыстыру қате. Әлеуметтік жағдай, отбасылық жанжал, жалғыздық, бәрі де оған түрткі болуы мүмкін. Мамандар өзін өлімге қиятындардың 19 па­йызы – жазалау алдындағы қорқыныштан, 18 пайызы – рухани дерттен, 18 пайызы – отбасылық уайым-қайғыдан, 6 пайызы – қорқыныштан, 3 па­йызы – қаржылық мәселелерден, 1,5 пайызы – өмірден жалығудан, 1,2 пайызы – ауруға шалдығу­дан орын алатынын айтады. Ал 41 па­йыз өлімнің себебі белгісіз күйінде қалып отыр.

Әлеуметтанушы Нұрсәуле Көмекбаева қандай қауіпке бол­масын алғашқы болып ұрынуға бейім, оң-солын толық танып үлгермеген жастар жағы екенін айтады. «Мәселен, былтыр елі­мізде 15-29 жас аралығындағы жастар өзіне қол жұмсаудан әлем­де 4-орын алды. Ең өкі­ніш­тісі, бізде жастар арасындағы суицидке қарсы насихат шара­лары жүйелі түрде жүргізілмейді. Шыны керек, мамандар өзіне-өзі қол жұмсаудың негізгі себептерін анықтап береді. Енді онымен күресу керек қой. Осы арқылы бұл мәселені түбегейлі шешпегенімізбен, салдарын азайтуға әбден болады. Ол үшін психологтар, дін өкілдері, әлеу­меттік қызметкерлер, саламатты өмір салтын насихаттаушылар, ұстаздар, ата-аналар, жалпы айтқанда біртұтас қоғам болып күресуіміз керек. Арнайы бағ­дар­лама керек. Өйткені мына ста­тистика – жаға ұстатарлық, дабыл қағарлықтай жағдай. Өзіне қол жұмсап тірі қалған­дардың дені өмірмен шын қош­тасқысы келмегенін, тек өз­деріне қо­ғамның назарын ауда­руға ты­рысқанын айтқан. Сон­дықтан түрлі мәселеге тап бо­лып, деп­рессияда жүргендермен, жүй­келеп жүрген жұртпен жұ­мыс жүйелі болса дейміз» дейді ол.

Қоғамның назарын аударту дегеннен шығады, соңғы кезде елдегі бүгінгі ахуалға көңілі тол­майтын адамдардың қарасы көбейді. Психолог мамандар суицидке итермелейтін тағы бір себепті өмір сүрудің ауырт­па­лығы, қаражаттың жетіспеушілігі мен қысқаштай қысқан қарыз­бен байланыстырып отыр. Ол да мүмкін. Өмірдің қиындығына төтеп бере алмай, қайраты мү­жіліп, жігері құм болған адам­дардың мәселенің шешімін тек өлімнен іздейтіні жасырын емес. Мұны құтылуға емес, тұтылуға бейім қоғамның қотыры деуге де болады. «Сорлыға сойыл бірінші тиеді» дегендей, банктен алған қарызы бір бүйірінен қысып, басындағы баспанасынан айы­рылып немесе өзі біраз жасты еңсерсе де әлеуметтік жағдайын реттей алмай, бала-шағасына жеткізе алмай, тұрмыстың тап­шылығын көргендер аз емес. Бірақ бұл себеп суицидтің қо­салқы ғана себебі. Бұл, негіз­інен, рухани дертке жатады. Адамның әлсіздігі, қажыр-қайратының кемдігі, қиындыққа берілгіш шарасыздығы тұр бұл жерде. Рухы күшті адамдар ғана өз-өзін өлімге итермелемейді. Бұл дерт­тің ең басында психикалық ауыт­қу тұр. Ал психикалық ауыт­қу деп­рессиядан, яғни күйзе­лістен басталады. Өкінішке қарай, қа­зақ бұған аса көп мән бере бермейді. Күйзеліске түссе психологқа, психотерапевтке дер кезінде баруды білмейді. Тек мүлдем түсінбейтіндей халге жет­кен кезде барып мән беруі мүмкін. Ол кезде бәрі кеш бола­ды» дейді Психологиялық са­уық­тыру орталығының маманы Ерлан Бошай.

Қалай болған күнде де «өз-өзіне қол жұмсау – ең ауыр күнә» екенін білетін халқы бар мұсыл­ман елі үшін бұл жақсы құбылыс емес. Америкалық Хьюстон-Даунтаун университетінің мұ­ғалімі Шахназ Савани де «Бұл аймақта халық көбінесе ислам дінін ұстанады. Соған қарамас­тан, өз-өзін өлтіру әрекеттері азаймай отыр» депті. Иә, енді осы мәселеге діни көзқараспен қарайықшы. Өз-өзіне қол жұм­сау, фәни дүниені айтпағанда, мәңгілік өмірде пенденің алды­нан зиян болып шығары анық. Себебі, біздің жанымыз – Алла­ның аманаты. Оған қиянат жа­­сау – ауыр күнә. «Алла Тағала Құранда: «Күмәнсіз, Алла сендерге аманатты өз иелеріне табыс етуді және адамдардың арасында билік қылатын бол­саңдар, әділдікпен билік қылу­ларыңды әмір етті» дейді. Сон­дықтан жаратушының әміріне бойұсынып, өзі берген жанын қайтарып алғанша мына өмірдің сынағына сабырлылықпен қа­ра­ғанамыз абзал. Пайғам­ба­рымыз Мұхаммед (оған Алла­ның игілігі мен сәлемі болсын) сүйікті үмме­терін өз-өзіне қол салудың ауыр азабынан сақтан­дырып кеткен. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі бол­сын) «Өзін-өзі тұншықтырып өл­тірген адам, тозақ отында тұн­шықтырылады. Өзіне пышақ салып өлген адам, тозақта пы­шақ­талады. Өзін жардан тастап өлген адам, тозақ отына лақты­рылады», – деген. Демек, суи­цид­ке бару, адамды екі дүниеде де орыны толмас өкінішке ұрын­дырады. Басқа түскен уақытша қиындыққа мойымай, оны же­ңіп шығу, қайсарлық таныту – біздің нақты ұстанымымыз болуы ке­рек» дейді теолог Елдос Қырықбай.

Тағы бар айта кетерлігі, өз-өзіне қол салу жергілікті жер­лерде, ауылдарда жиі орын алады екен. Осы қадамға барғандар, әрекеті орындалмай қалғаннан кейін «Ел естісе ұят болады» деген желеумен көбіне жабулы қазан жабулы күйінде қалып жатады. Ал олар дереу тиісті мамандардың көмегіне жүгіну керек. «Жұмыс бабымен, дәл осы мәселемен Ақтөбе, Қы­зылорда облыстарында үш айдай уақыт жүрдім. Сонда аңғар­ғаным, мұндай жағдай орын алған отбасылар өздерін жабық ұстап, жасыруға тырысады. Яғни, мұны ұят санайды, қыл­мыс көреді. Суицидтік әрекеті соңына дейін жетпеген адамдар­ға өте үлкен көмек керек. Ол орын алған отбасыға да дәл сондай көмек қажет. Жария­ламаймыз деп, жарасын асқын­дырып алады. Біздің халық бұл қиын жағдайға тап болғанымен, мамандардан психологиялық көмек алуға асықпайды. Біздің ең осал жеріміз – осы. Сон­дықтан бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып, қоғам болып дабыл қағып жатсақ та оң нәтиже бермей отыр» дейді психолог Ерлан Бошай.


Сөз соңы

Рас, мамандардың сөзіне илануға болады. Өйткені елімізде өзіне қол жұмсау факторы осыдан оншақты жыл бұрын да өте өзекті мәселе еді. Қазір де дәл солай. Өзгеріс кері жағына қарай өршіп, мәселенің түйіні тарқатылар түрі жоқ. Суицидпен өмірден өтетіндердің қарасы көп. Денсаулық сақтау министрлігі мен барлық құзіретті мекемелер дертпен күресудің ерекше тәсілін ойлап таппаса, осы кезге дейінгі жұмыстың еш нәтижесі жоқтығын статистика дәлелдеп отыр. Бұған енді Үкімет араласып, мемлекеттік деңгейдегі іс-шараларды жүйелемесе, Орталық Азиядан асып, әлемнің бірінші орынына қонжимасымызға кім кепіл?! Мұның сыртында мемлекеттің басты байлығы саналатын адам мәселесі де тұр емес пе?

Онсыз да көп емеспіз.