Жеңіл рельстің ауыр проблемасы

Газет мақаласы "Айқын" газеті №113

«Жеңіл рельсті көлік (LRT) 2020 жылы аяқталады. Шағын айналма жол жобасы да сонда бітеді. Қысқасы ағайын, жолдарымыз жақсарады»  деп сөз берді 2019 жылғы 20 ақпандағы халыққа есеп беру кездесуінде елорданың сол кездегі әкімі Б.Сұлтанов. Артынша, сәуір айында жеңіл рельсті желі құрылысы тоқтап қалғаны мәлім болды. Қымбат LRT жобасының ендігі тағдыры кеше Үкімет отырысында қаралды.

Жеңіл рельстің  ауыр проблемасы

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өт­кен Министрлер ка­бинетінің жиы­нын­да осының алдында, 15 шіл­дедегі Үкіметтің кеңей­тілген оты­­рысында Мемлекет басшысы берген тап­сырмаларды орындау мәселелері қаралды. Ал ол жиын­да қатаң сынға іліккен жайт­тар­дың бірі – LRT құрылысы болатын.

Сонда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев орталықтағы шенеуніктер мен жергілікті әкім­қараларға бюджет қаржы­сын пайдалану тиімділігін арттыруды жүк­теген-тін. Қ.Тоқаев «бюджет жалпыұлттық мақ­саттарға қол жеткізу құралына айнал­мағанын, ол жұртшылықтың шынайы мұқтаждықтарын толыққанды есепке алмайтынын» ашық айтты.

Әйткенмен, аталған жобаға тым көп қаржы жұмсалып қой­ға­нына, оған Қы­тайдан мол кредит алынғанына, яғни Қа­зақ­станға халықаралық міндеттеме жүк­тел­геніне байланысты Мемлекет басшысы бұл жобаны тоқтатып тастай алмайтынын жасырмады.

Бұл ретте Үкімет Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігімен тізе қоса отырып, осы мәселеге нүкте қоюға міндеттелді. Алда олар ел бас­шы­лығына нақты ұсы­ныс­тармен шығулары тиіс.

Кезінде осы қымбат әрі зиян­ды жобаны ұсынып, ел басшы­лығы және Парламент алдында оның қажетін дәлелдеген жауапты тұлғалар тергеуге алынуы, құ­зыр­лы орган­дардың сұрақтарына жауап беруі тиіс. Бұл да Қазақ­стан Президентінің тапсырмасы.

Үкімет басшысының бірінші орын­басары – Қаржы министрі Әлихан Смайы­ловтың айтуынша, кезінде Астанада LRT салу үшін мемлекеттің кепілдігі беріле оты­рып, Қытайдың Мемлекеттік даму банкінен 1,5 миллиард дол­лар көлемінде қарыз алыныпты. Оның 344 миллион доллары (ша­мамен 133 миллиард теңгесі) құрылысқа шығындалып кеткен. Осылайша, қытайлар қазақтарға қарыздың бестен бір бөлігін ғана жолдап үлгеріпті.

«Қазіргі уақытта жоба мерді­герлері­не – қытайлық компания­ларға қатысты проблемалар тууы­на байланысты қар­жыландыру схемасын қайта қарау жөнін­де шешім қабылданды. Қытай банкі бұл желі­ні қаржыландыруды тоқ­татты. Біз Үкімет­те елорда әкім­дігінің қытайлық банктің сол қа­­рызын қайта қаржыландыру жө­нін­дегі ұсынысын қарадық», – деді жақында журналистерге берген сұхбатында бас қаржыгер.

2019 жылғы 28 мамырда ел Үкіметі «Мем­лекеттік кепілдікпен берілетін мем­лекеттік емес қа­рыз­дардың қаражаты есебінен қар­жыландыру ұсынылатын ­ин­вес­тициялық жобалардың 2019 жылға арналған тізбесін бе­кіту» туралы №327 арнайы қау­лы қабылдады. Құжатта «Аста­надағы жаңа көлік жүйесі. LRT (әуежай­дан жаңа теміржол вокзалына дейінгі учаске)» жобасының жал­пы құны 698 миллиард 559 мил­лион 957 мың теңге немесе 1 мил­­­лиард 887 миллион 999,8 мың доллар тұратыны көрсетілген. Оның басым бөлігіне – 1 мил­лиард 600 млн долларына мем­лекет кепілдік берген, басқаша айт­қанда, қазіргі салық төлеу­шілер мен келер ұрпақ өтеуі шарт.

Қаулыда бұл жобаға қаржы тарту үшін «бағалы қағаздардың ішкі нарығынан инвесторлар» ізделетіні айтылған.

Оның үстіне шығыстағы алпа­уыттан алынған қарыздың бір бөлігі жабылып қалған банкте «күйіп» кеткені де әшке­реленіп жатыр. Елорда әкімдігі құрған жеңіл рельсті көлік жобасына жа­уапты «Астана LRT» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігі Қытайдың мемлекеттік банкі­нен келген аста-төк кредиттің 89 миллиард теңгесін «Астана банкінің» депозитіне орналас­тырыпты. Жуырда ол банк жабы­лып қалды. Биылғы мамыр айын­да «Проблемалы кредиттер қоры» оның тек 3,4 миллиард теңгесін әзер қайтарып алды.

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың байламынша, жалпы алғанда, 90 миллиардтай қаражат­тың ең көп дегенде үштен бір бө­лігін ғана қайтару мүмкін бола­ды. Қалған миллиардтаған қара­жатты мемлекет шығынға жат­қы­зуға мәжбүр болатынға ұқсайды.

– Бүгінде «Проблемалық кре­диттер қоры» осы қаржыларды өтеу мүмкіндігін іздестіруде. Бұл жұмыстың алғашқы қорытын­дылары шығарылды. Алайда негізгі жұмысты алдағы 2 жыл – 2020-2021 жылдар бойы жүргізуі­мізге тура келеді. Депозиттерге салынған қыруар қаражаттың қайтарылуы мүмкін сомасы біздің есебімізше, 30-40 пайыздан аспайды, – деді Е.Досаев.

Кеше Үкімет басшысының орынбасары Жеңіс Қасымбек те LRT үшін алынған қаржыны бан­крот болған банктен қайтару амал­дары қарастырылып жатқа­нын растады. Ал жобаға қатысты ақырғы шешім әзірге белгісіз.

– Нұр-Сұлтан қаласында жеңіл рельсті көлік жобасын жү­зеге асыру жайына тоқталсақ, қазіргі уақытта елорда әкімдігі «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ-мен, Ұлттық банкпен және Қаржы министрлігімен бірлесіп, «Астана банкі» акционерлік қо­ғамының қарыздар алу мәселесін қарастырып жатыр. Жобаны одан ары іске асыру мәселесі 24 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласын дамыту жөніндегі мемлекеттік комис­сияның отырысында қаралатын болады, – деді Ж.Қасымбек.

Вице-премьердің сенді­руін­ше, Қазақстан Президентінің кеңейтілген отырыста берген тапсырмалары Үкіметтің арнайы бақылауында және бекітілген уақытында орындалады.

Министрлер кабинеті кешегі отырыста бекіткен «Мемлекет басшысының 2019 жылғы 15 шіл­дедегі кеңейтілген отырыста бер­ген тапсырмаларын орындау жө­ніндегі іс-шаралар жоспарына» сәйкес, Үкімет елорда әкімдігімен бірге, Нұр-Сұлтан қаласында же­ңіл рельсті көлік жобасын ары қа­рай жүзеге асыру бойынша нақ­ты ұсыныстарды 2019 жылдың қыр­күйек айына дейін енгізуі ке­рек. Бұл жерде LRT құрылы­сы­нан толық бас тартып, қала ажа­рын бұзған бетон тіреу­лерді бұзу жайы тіпті талқы­лан­бай­тыны анық­талуда. Өйткені «жо­ба құры­лысын аяқтау бойын­ша шаралар қабыл­дау» міндеті белгіленіп жатыр.

Рельсі жеңіл болғанымен, «жолы» ауыр LRT құрылысын жалғастыру және аяқтау үшін мемлекет құнды қағаздар шыға­рып, оларды биржада саудаға шығармақ. Сол арқылы кезекті рет қарыз ақша тартылады деп күтіліп отыр. Егер «LRT Астана» облигацияларына инвесторлар тиісті қызығушылық танытса, 1,5 миллиард доллардай қаражат тартылуы қажет. Оның 344 мил­лион доллары Қытай алдындағы берешекті жабуға жұмсалады. Қалған 1,2 миллиарды құрылысқа бағытталмақ.

Бұрынғы жоспар бойынша бас қалада шағын «пойыздар» биік эстакадада 2020 жылдың мау­сым айында-ақ жүйтки бастайды деп жарияланған. Қазақстан үшін жаңа саналатын бұл көліктің жобасы 18 стансадан, 19 жыл­жымалы құрамнан және елорда­ның халықаралық әуежайы жанын­дағы деподан тұратыны мәлімделді.   

Енді миллиардтар толық табылса, елорда әкімдігі шұғыл іске кірісіп, жобаны 2020 жылдың күзінде іске қосуға уәде етті.